Өткен жұма күні М.Жұмабаев ауданының Булаево қаласындағы екіқабатты тұрғын үйде су жылыту жүйесінде су айналымының болмауынан су қазандығы жарылған. Оқиға орнында 3 ер адам зардап шекті.
Белгілі болғанындай, шатырда тұрған қазандық кеңейткіші аязда қатып қалған. Пешті жаққан кезде будың қатты қысымынан жарылыс орын алған.
Жарылыс салдарынан баспананың бөлмеаралық қабырғасы мен шатыры зақымданды. Ал оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар денелерін күйік шалған 53 жастағы үй иесі мен оның 51 және 31 жастағы жолдастарын аудандық орталық ауруханаға жеткізді.
Оқиға орнында №12 өрт бөлімі мен М.Жұмабаев ауданының жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істеді.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.