Есіл ауданына іссапар барысында облыстық мәслихаттың депутаты, “Прометей-Агро” ЖШС-нің директоры Юрий Шольмен кездесудің сәті түсті. Тәжірибелі басшымен екеуара әңгіме жылдың басты құжаты – Президент Жолдауы, жоспарланған межелер мен алдағы міндеттер төңірегінде өрбіді.
– Юрий Иванович, Сізге қарасты шаруашылық тұрғындарының қай-қайсысымен сөйлессек те, әңгімені өзіңізден бастайды.
– Не дейді сонда?
– Сізге деген ықыластары айрықша. Жұртшылықтың бәріне қалай жағып жүрсіз?
– Тым асыра мақтап жіберген болар. Көпшіліктен ерекшеленген ештеңем жоқ. “Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара отырып”, еңбек етіп жүрміз. Бары осы.
– Қазақта “Халық айтса, қалт айтпайды”, – деген сөз бар. Жұдырықтай жұмылдырып, жұмыс істету кез келген адамның қолынан келе бермесе керек.
– Әкем марқұм жастайымнан еңбек етумен бірге еңбек адамын бағалай білуге де үйретті. Жарықтық шаршау дегенді білмейтін. Таң атқаннан күн батқанға дейін өзіне де, өзгелерге де тыным бермейтін. Көп жыл “Заградовка” кеңшарына жетекшілік етіп, мақтаулылар қатарынан көрінді. Нағыз еңбек майталманы деп аға ұрпақты айт! Жоғын білдірмей, барын шашау қылмай, жердің бабын, елдің тілін таба білді. Олардың жанында біздікі баланың тірлігі сияқты ғой.
Ауылдастарымсыз мен кіммін деген сауал төңірегінде кейде ойланамын. Ұжымды құрап отырған – солар. Мен де олар секілді ұжымның бір мүшесімін. Онда неге мен бастықпын деп шалқаюым, бәлсінуім керек? Оларсыз мен нөлмін, түк істей алмас едім. Әкемнен алған тәлімнің бірі – еңбек адамына лайықты құрмет көрсету.
– Оның бір нышаны әлеуметтік салаға қолдау көрсетуден байқалады емес пе?
– Сіз бұл мәселені дұрыс қозғадыңыз. Кей басшылар өндірістік көрсеткіштерді қуалап кетеді де, адами қарым-қатынастар екінші кезекте қалып жатады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселесін үнемі алғы орынға қояды. Былтырғы Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарын белгілеп берді. Кедейшіліктің өсуіне жол бермеуді басты міндет етіп қойды. Кедейшілік ешбір қазақстандық үшін әлеуметтік перспективаға айналмауын бәрімізден талап етті. Екіншіден, мемлекеттік әлеуметтік қолдауды тек бұған мұқтаж топтарға ғана көрсету тиістілігін алға тартты. Олар – зейнеткерлер, мүгедектер, еңбекке жарамсыз науқас жандар, тағысын тағылар. Бұл жағынан алғанда, серіктестік құрамындағы осы санаттағы топтар еш кемдік көріп отырған жоқ. Біз әр кез халықтың әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен адамдардың толыққанды еңбек етуіне жағдай жасап отырамыз.
Президентіміздің ел тұрғындарының бақуатты өмір сүруге негізделген әлеуметтік саясаты биылғы Жолдауда одан әрі көрініс тауып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көбірек көңіл бөлу қажеттігі баса айтылды. Қоғам алдындағы осы парызымызды өтеу жолдарын қазірден ойластырған абзал. Абайлайтын бір мәселе, масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу өте маңызды. Жыл сайын округке қарасты мектептер мен кітапханаларға қаржылық демеу көрсетіп келеміз. Қыс мезгілінде жолдарды қардан аршу біздің міндетімізге жатады. Шаруашылық есебінен Заградовка мектебін күрделі жөндеуден өткіздік. Хоккей кортын тұрғызып, екі командаға бастан-аяқ спорттық киімдер әпердік. Соңғы 5 жылда әлеуметтік мұқтаждықтарға 11 миллион теңге жұмсаппыз. Шағын серіктестік үшін аз ба, көп пе – шамалай беріңіз.
– Биылғы тарихи құжаттың тағы қандай ерекшеліктері мен өзгешеліктерін айтар едіңіз?
– Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен өңір жұртшылығы активінің Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған жиында сөйлегенде өз көзқарасымды білдірген едім. Оны тарқата айтайын. Мен өзім 18 жылға жуық жермен жұмыс істеп келемін. Тәжірибеден білетінім, Жер-ана да мәпелегенді, аялағанды сүйеді. Тек күтімі келіссін деңіз. Әлі күнге дейін экстенсивті тәсілмен жұмыс істейтін, жерді өңдеп-күтпейтін, өнім алса, соған қанағаттанатын шаруашылық басшылары барын жақсы білемін. Осындай самарқау көзқарасқа қарсы Елбасы агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бірізділікке түсіру бағдарламасын ұсынды. Бұдан былай уақытша немесе ауа райына байланысты кездей-соқ жетістіктерді малданушылар түбінде өзін ұятқа батырады. Өндірістің өсімі жайлы ойланатын мезгіл жетті деген сөз. Қазірдің өзінде жаңа технологиялармен жұмыс істеп, өнімділікті үздіксіз арттырғандардың аты озып тұрған жоқ па? Екіншіден, Мемлекет басшысы фермерлерді ұзақмерзімді қаржыландыру мен олардың өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шығуы жөнінде талаптар қойды. Бұл – өте маңызды мәселе. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, өндірген өнімді, мысалы, астықты тиімді бағамен өткізуге бөгет жасайтын кедергілер, қосалқы буындар әлі көп. Үшіншіден, Елбасы Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік елге айналуға тиістілігін атап көрсетті. Меніңше, жергілікті жерге жерсінген, шөп те, жайылым да талғамайтын қазақтың ақбас сиырлары секілді төзімді мал тұқымдарын өсіру әлдеқайда тиімді. Міне, аграршыларды осындай сан алуан, қат-қабат тірлік күтіп тұр.
Жолдауда тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, керісінше, майлы және азықтық өнімдерді көбейтуге ерекше екпін түсірілді. Біз егіншілікті әртараптандыру тәжірибесін өндіріске енгізгенімізге бес жылдай болды. Әсіресе, рапстың өте тиімді дақыл екеніне көзіміз жетті. Мол табыстың арқасында машина-трактор паркін толық жаңартып, наубайхана салып алдық. Соңғы жетістіктеріміздің бірі – “жасыл экономика” бағдарламасы аясында үйлерді сабанмен жылытуға көшуіміз. Бұл қадам да өз жемісін беріп отыр.
Серіктестікте бүгінде 50-ге жуық адам еңбек етеді. Маусымдық жұмыстарға қосымша жұмыс күштері тартылады. Соңғы жылдар бедерінде еңбекақының өсу үрдісі байқалады. Салыстыру үшін айтайын. 2012 жылы орташа айлық жалақы 79 мың теңгені құраса, былтыр 85 мың теңгеден айналды. Көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде 150 мың теңгеге дейін жетеді. Бұдан тысқары жыл қорытындысы бойынша сыйақы беріледі.
– Баяндауыңызға қарағанда, бәрі жақсы, шешілмеген проблема қалмаған сияқты…
– “Жақсыны айтсаң, шарапаты жұғады, жаманды айтсаң, кесепаты жұғады”, деуші еді үлкендер. Әйтпесе, көкейді мазалап жатқан мәселелер жоқ емес, бар. Оларды Елбасының өзі де қадап айтты. Әсіресе, ауылдық жерлерді білікті кадрлармен, жас мамандармен қамтамасыз ету проблемасын жеделдетіп шешкен жөн. Бүгінгідей озық техника құлағында ойнайтын механизаторлар тапшы. Меніңше, мұғалімдер мен дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктер техникалық қызметкерлерге, веттехник, зоотехниктерге де берілсе, құбақұп болар еді. Бұрынғыдай емес, елдің еңсесі көтеріліп, өріс те, қотан да малға тола бастады ғой.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Есіл ауданы.