Жақында Облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің қолдауымен “СҚО асырауында балалары бар мүгедек аналардың “Асыл ана” қоғамдық бірлестігі” шығарған әдістемелік құралдың тұсауы кесілді. Аталмыш іс-шараға облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары және ұстаздар қауымының өкілдері қатысты.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Асыл ана” қоғамдық бірлестігі 1997 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Теңдік Сәрсекееваның бастамасымен құрылған бірлестіктің мақсаты – жалғызбасты, бала тәрбиелеп отырған мүгедек аналарға қолдан келгенше көмектесу. Он жеті жылда өмір салған сынға құрыштай шыныға білген қаншама ана жан шуағына бөленіп, балаларының өз қатарластарымен бірге оқу оқып, мамандық меңгеруіне мүмкіндік алды. Ал қазір бірлестік 70 ана, 120 студент пен оқушыны қамқорлыққа алған. Денсаулығына байланысты қанша қиындық көрсе де, өзіндей жандарға қашанда қолдау көрсете білген Теңдік Шәйкенқызының аталмыш әдістемелік құралына бірлестіктің он жеті жылғы еңбегі жинақталған. Сондай-ақ қиын кезде “Асыл ана” бірлестігінен қолдау тапқан аналардың алғыс сөздері жазылып, игі шараларда түсірілген суреттермен толықтырылған. Орыс тілінде екі жүз данамен жарық көрген кітапша “Өз жүрегіңді қайырымдылыққа үйрет” деген атпен жалғасын табады деп күтілуде.
– Мен өз басым мүгедек бала тәрбиелеп, оны қатарластарынан қалдырмай, білім бұлағынан сусындатып, азамат етіп тәрбиелеп отырған аналардың мойнына жүктеген қиындығын білемін, түсінемін. Бүгінгі әдістемелік құралымды осындай аналарға және мүгедек балалармен жұмыс істейтін ұстаздарға көмек болсын деген ниетпен шығарып отырмыз. Петропавл қаласында осындай бағытта жұмыс істейтін мектептер аз емес. Біз көп жылдан бері ондай ұжымдармен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Себебі, біздің мақсатымыз бір. Ол – ешбір қиындыққа қарамай, тәрбиелі, үлгілі бала тәрбиелеу, – дейді “Асыл ана” бірлестігінің төрайымы Теңдік Шәйкенқызы.
Кеш соңында төрайым бірлестіктің белсенді мүшелеріне Алғыс хаттар табыс етті. Содан кейін жиналған қалың қауым облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернат және №2 орта мектептің оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.