«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЕКСАНДР ВИНОКУРОВША АЙДЫ АСПАНFА ШЫFАРАР КІМ БАР?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өңір спортшылары мен осы саланың мамандары 2013 жылғы тындырған жұмыстарын қорытындылады.

Облыс төңірегінде өткізіліп жүрген ауқымды жарыстар – “Ақбидай”, “Солтүстік”, “Үміт” ұлттық спорт ойындары және әйелдер спартакиадалары. Бұлар жоғары шеберліктен гөрі көпшілік тұрғындарды спортпен шұғылдануға көптеп тартуды көздейді. Жыл ішінде өткізілген осы ойындардың нәтижесінде бірінші орын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға бұйырса, тайыншалықтар мен шалақындықтар одан кейінгі орындарға ие болды.

Бүгінгі таңда жалпы саны 2227-ге жеткен спорт құрылыстары көпшіліктің игілігіне асуда. Осылардың 1819-ын ауыл тұрғындары пайдаланады.

Өткен жылы Айыртау ауданының Төменгі Бұрлық ауылында жабық мұз айдыны, Қызылжар ауданының Новоникольское ауылында жабық хоккей корты, Тайынша қаласында баскетбол алаңы, Кішкенекөлде шағын футбол алаңы, Петропавлдағы №23 мектеп жанында пластикті хоккей корты, “Динамо” стадионында жасанды жамылғылы шағын футбол және әмбебап спорт алаңдары пайдалануға берілді.

Ақжар (Горький ауылы) және Мағжан Жұмабаев (Қарағанды ауылы) аудандарында стадиондар жөнделіп, қалпына келтірілді.

Ал жоғары шеберлікке жетісуге бағытталған спортпен шұғылданатын солтүстікқазақстандықтардың ішінен 295 адам Қазақстан Республикасының құрама командаларының қатарында ел намысын қорғады. Салыстыра кетсек, 2012 жылы осындай спортшыларымыздың 285 адам болғанын айтуымыз керек.

Біздің өңірдің өкілдері спорттың олимпиадалық түрлері бойынша және оған кірмейтіндерінің жарыстарында 553 медаль алса, осының 216-сы – алтын жүлделер.

Әсіресе, ауыл жастарының І республикалық қысқы ойындары біздің өңіріміз үшін жемісті болды. Олар Ақмола өңірінде өткен осы жарыстарда алаң иелерін ғана алға түсіріп, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Әдеттегі мықты, үзеңгілес қарсыластары – шығысқазақстандықтар үшінші орынды місе тұтты. Ал ІІІ республикалық қысқы спартакиаданың қорытындысында жерлестеріміз Шығыс Қазақстан және Алматы құрамаларын ғана алға түсірді.

Біздің спортшыларымыз осы 2013 жылы сегіз мәрте Азия чемпионаттарының жүлделерін иеленді және жеңіске жетті. Осынша рет әлем чемпионаттарында да көзге түсті. Бұл ретте мүгедектердің Голландияда өткен Бүкілдүниежүзілік ойындарында алтыннан алқа таққан Владимир Эрманның жетістігі атап айтуға тұрарлық. Ол мұндай ойындарда екінші рет алтын алқаны жеңіп алды.

Велошабандоз Артем Захаров Әлем кубогы жолында қола алқаға қол жеткізсе, Азиядағы осындай жарыста жеңіске жетті.

Еуропа чемпионатында күш-қуат сынағына түскен гір көтерушілеріміз Қазақстанға тоғыз алқаны тарту етті.

Қазан қаласындағы ХХVІІ Бүкілдүниежүзілік Универсиадада Маргарита Мукашева 800 метрге жүгіруде алдына жан салмаса, Евгений Эктов үш мәрте секіруде қола алқаны қоржынға қосты. Осы жетістіктері үшін олардың екеуі де “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Мүгедектер арасында жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың мүшесі Сергей Харламов “Шапағат” медалін иеленді.

Конькишілеріміз Елена Урванцева мен Татьяна Сокирко студенттердің арасындағы Әлем чемпионатынан күміс алқалармен оралды.

Облыс орталығында ашылған “Үміт” клубы мүгедектердің спортпен үзбей шұғылдануына ризық болуы керек. Осы арқылы біздің мүмкіндіктері шектеулі спортшыларымыз Паралимпиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғайтындай дәрежеге жетуге ұмтылса, игілік болар еді.

Сондай-ақ Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Александр Винокуровтың атындағы велоспортшылар клубы елімізде алдыңғы орындарды еншілеп жүрген жігіттеріміздің қатарын жас ізбасарларымен толықтыруды көздейді.

Петропавлда мұз айдыны бар Спорт сарайы салынбақ. Сондай-ақ Бескөл және Новоишим ауылдарында әрқайсысының құрылысы 266 миллион теңге тұратын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін пайдалануға беру көзделуде. Бұларға жұмсалатын қаржының 70 пайызы – республикалық, ал 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінеді, деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин жақында болып өткен алқа жиында.

Үздік спортшыларымызды қаржылай демеп отыру үшін олардың республикалық және халықаралық жарыстарда озық көрсеткіштерге қол жеткізгендеріне ай сайын 35 стипендия төленіп тұрады. Мұндай спортшылар 2012 жылы – 30, ал 2011 жылы 25 адам еді.

Уақыт бір орында тұрмайды. Жаңа кезең басқаша, бұрынғыдан да маңызды міндеттер жүктейді. Мысалы, Сочидегі қысқы Олимпиадада Қазақстаннан қатысатын 50-ден аса отандастарымыз ел намысын қорғауда. Өкінішке қарай, осы 50 спортшының екеуі ғана – конькишілер Дмитрий Бабенко мен Роман Креч – біздің өңіріміздің өкілдері. Ал бізде қысқы спортпен үзбей шұғылдануға табиғи қолайлы жағдайлар жеткілікті емес пе? Бірақ біздің шаңғышылар, биатлоншылар республикалық нормативтерге сай шеберлік деңгейіне көтеріле алмауда.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында, жетпісінші жылдарының басында өңірімізде допты хоккей өрлеп тұрды. Республиканың атақты жаттықтырушысының бірі болған Қазыбек Байболов жерлесіміз еді. Ал бүгінде бізде допты хоккейдің аты шықпауда. Мысалы, Иркутскіде өткен допты хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сынға түсуде. Бірақ онда біздің өңірден бірде-бір ойыншы жоқ. Өкінішті-ақ!

Сондай-ақ жазғы олимпиадалық түрлер – бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, ауыр атлетика, су добы лайықты дәрежеде дамымауда. Мысалы, бокстан облыс құрамасы Қазақстан кубогы жолында екі жыл қатарынан қостанайлықтардан және ақмолалықтардан 2:8 есебімен ойсырай ұтылды. Бұл орайда облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Шойбек Қарағазиевтің жұмысы жемісін берер емес.

Боксты өркендету мақсатымен “Петропавлда “Бокс” залы жоқ” деп жүрген жаттықтырушылар ол қолға тигенде сөзді іспен салмақтай алмады. Осы зал салынса, боксшыларымыздың Айы аспанға шығатындай дәмеленген бапкерлердің намысы қайда?!

Ақиқатын айтайық, облыс спортшыларының Олимпиада ойындарына қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай емес. А. Винокуровтың Лондондағы алтын алқасы, қанша дәріптесек те, бұл орайдағы олқылықтардың орнын толтыра алмайды. Біздің өңірде спорттың олимпиадалық түрлерінен гөрі оның бағдарламасына кірмейтіндерін дәріптеу белең алып барады. Керісінше, олимпиадалық түрлерге назар аударып, қаржының қомақтысын соларға бөлу қажет.

2014 жылы Кореяда жазғы Азия ойындары, Қытайдың Нанкин қаласында жастардың жазғы Олимпиадасы өтеді. Сондай-ақ V республикалық жазғы ұлттық спартакиада мен ІІ жазғы жастар ойындары сынақтарын ұсынады. Осы дүбірлі жарыстарда олжалы болуды қазірден-ақ ойластыру керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp