С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қазақ әдебиеті бөлімінде болған сұхбат-сабақ дүниеден озған жерлес ақын-жазушыларымыздың өмірі мен шығармашылығына арналды.
Сұхбат-сабақты облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы ұйымдастырып, осы мекеменің әдіскері Гауһар Темірбаева оны айтарлықтай мазмұнды өткізді.
Ең алдымен аталған тақырыптағы кітап көрмесі көз тартады. Ұлы Мағжан Жұмабаевтан бастап, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Сафуан Шаймерденовтің, Сәкен Жүнісовтің, Кәкімбек Салықовтың, Есләм Зікібаевтың, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың, Ермек Қонарбаевтың, Ербол Шаймерденовтің, Ерік Асқаровтың таңдамалы жинақтары басқосуға жиналған Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенттерінің және басқа да оқырмандардың назарын аударды.
Сұхбат-сабақ еркін әңгіме түрінде өрбіді.
Ұлы Мағжаннан басқа жерлес қаламгерлерді көзі көрген, көбімен араласқан белгілі ақын Зейнолла Әкімжанов әңгіме тиегін алдымен ағытты.
Кешке келген әнші Жанат Айтбаев Кәкімбек ағаның “Сағыныш” және басқа әндерін әсерлі орындады әрі ақынмен оның ән шығармашылығын насихаттау негіз болған қарым-қатынасын және Ерік Асқаровтың өлеңдерінен алған әсерлерін, оның айтыскерлік үздік қабілетін шебер әңгімелеп берді.
Жас ақындар Жарқын Жұпархан мен Фархат Тастамбеков өздерінің жаңа өлеңдерін оқыды әрі көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл ретте Еріктің, Ерболдың өлеңдерін Интернетке енгізу қажеттігін, осыны уақыт оздырмай қолға алу керектігін және өздері осы мақсатты жүзеге асыратындығын сөздеріне арқау етті.
Кеште Зейнел-Ғаби Иманбаев пен Есләм Зікібаевтың шығармашылығы туралы шолулар жасалды.
(Өз тілшімізден).
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.