«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КИІМДЕРІ ЖҰПЫНЫ ӨНЕРПАЗДАРЫМЫЗ жайнап жүретін күн қашан туады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ”. Бүгінде “шүберек” адам көркi ғана емес, сонымен қатар кiсiнiң эстетикалық талғамынан, өмір сүріп отырған ортасының таным-түсiнiгiнен хабар береді. Әрине, күнделікті өмірде кімнің не кием десе өз еркі болғанымен, белгілі бір санаттағы адамдарға бұл тұрғыдан талап басқаша. Ол санатқа өнер саласының өкілдері жатады. Өнерді елдің қазынасы, ұлт мәдениетінің көрінісі десек, сахналық костюм үйлесiмдiлiгi – оның айнасы. Осы орайда өңіріміздегі өнер иелерінің сахналық киімдері жайлы әңгіме қозғайық:

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен “Ел іші – өнер кеніші” республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауы өтті. Республикамыздың барлық өңірлерінде өткізілген байқауда облысымыздың беткеұстар өнерпаздары өзара бақ сынасты. Музыка және би, актерлік өнер және төлтума жанр, бейнелеу өнері және сәндік-қолданбалы өнер аталымдары бойынша өз жеңімпаздарын анықтайтын байқауға ҚР халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев төрағалық етті. Өткізілген шығармашылық сайысқа Қызылжар, Жамбыл, Есіл, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандар ғана қатысқан болатын. 4-ақ аудан қатысқан концерттік бағдарлама 3 бөлімнен тұрды. Кейін қазылар алқасының төрағасы Алтынбек Қоразбаев сахна төріне шығып, ескертулері мен ұсыныстарын және өңірдің әншілеріне көңілі толмағандығын айтты.

– Әншілерге айтар сын да баршылық. Барлығына ортақ бір мәселе – сахналық костюмдеріңізге мұқияттылықпен қараңыздар, – деген болатын.

Біздің өнерпаздарымыздың сахналық костюмге келгенде тұтылып, ескерту алуы бірінші рет емес. Қолда бар сахналық киімдерді киюге мәжбүр өнер иелерінің сән-салтанаты республика деңгейіне шыққанда жетім қыздың жасауының деңгейінен аспай қалады. Мәселен, 2011 жылы елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының Астана қаласындағы күндері аясында өткізілген гала-концертте де өңірімізден барған өнерпаздардың сахналық киімдеріне ұйымдастырушылар тарапынан сын айтылып еді.

Осы орайда облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасына жергілікті өнерпаздардың сахналық киімдеріне қатысты сауал жолдаған едік. Келген жауап мынадай: “2013 жылы сахналық киімдер тігу үшін облыстық филармонияға 2 315 249 мың теңге қаражат бөлінді. Облыстық филармонияның 5 әншісіне, “Туған жер” би ансамблінің және “Әдемі-ау” қазақ би ансамблінің бишілеріне, “Қызылжар” халық музыка ансамблінің әртістеріне сахналық киімдермен бірге 47 жұп аяқкиім тігілді.

Ғ.Мүсірепов атындағы, Тайынша, М.Жұмабаев, Мамлют аудандарында және Петропавл қаласында сахналық киімдер тігуге бөлінген қаражат көлемі – 3 331,7 мың теңге. Жыл сайын сахналық киім тігуге бюджеттен қаржы бөлініп тұрады”.

Егер жыл сайын аталмыш мақсатқа қаржы бөлініп тұрса, неліктен біздің өнерпаздарымыз сахналық киімнің сапасынан сүрінеді?

Қазіргі таңда “Хабар” арнасында өтіп жатқан “Аймақтар аламаны” тележобасында біздің өңіріміздің намысын облыстық филармонияның өнерпаздары қорғауда. Аталмыш тележобаға қатысып жатқан өнерпаздарымыздың сахналық костюмдерінің жұпынылығын айтып, облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетоваға хабарласқан едік.

– Иә, үшінші турда “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі “Келіншек” биімен шыққан еді. Костюмдері дұрыс емес, фонограмма да нашарлау деген біраз сын естідік. Өткен жылы “Әлқисса” фольклорлық ансамблі Астана қаласында өткен “Шабыт” фестиваліне қатысып, лауреат атанып келді. Онда да костюмге қатысты сын естідік.

– Жалпы біздің өнерпаздарымыз қайда барса да сахналық костюмге қатысты көп сын естиді. Неліктен?

– Тендердің кесірі. Тендерде кім аз баға көрсетсе, сол жеңеді. Арзан бағаға арзан киім тігіледі. Ал сахна арзанды ұнатпайды. Сахна төріне шыққаннан кейін киімдер жаңа, сәні мен салтанаты жарқырап көрініп тұратын бай болуы керек. Өткен жылы “Әлқисса” фольклорлық ансамбліне костюм тігу үшін тендер жарияладық. Тендерді Шымкент қаласындағы бір кәсіпкер ұтып алып, сапасы өте нашар костюмдерді тігіп берді. Біз оны қабылдамай, олармен жарты жыл соттасып жүргенде Алматы қаласына барып өнер көрсетуіміз керек болды. Аяқ астынан Көкшетау, Қостанай, Петропавл – үш жерде костюм тіктіруге тура келді. Бұл – біз үшін өзекті мәселе. Бүгінде дәстүрлі әнші костюмінің бағасы – 100-150 мың теңгенің маңайында. Ал бір бишінің киімі 60-100 мың теңге аралығында, – дейді Ботагөз Ақмағамбетова.

Өңіріміздегі өнер ұжымдарының біреуі мемлекет бөлген қаржыға дұрыс киім тіктіре алмай әлек болса, екіншілері бұған да зәру. Өткен жылы қалалық Мәдениет үйінің “Лейся, песня!” ардагерлердің халықтық-вокалдық тобы 20 жылдығын атап өткен болатын. Онда қалалық Мәдениет бөлімінің басшылығы елдің көзінше вокалдық топтың мүшелеріне Алғыс хат пен сахналық костюмдеріне 300 000 теңге көлемінде сыйақы табыс етті. Алайда, мерейтой иелері Алғыс хатты алғанымен, ақшаны әлі көздері көрмегендігін жеткізді.

– Топтың ер адамдарына костюм тігу керек еді. Басшылықтан қалалық Мәдениет бөлімінің бізге берген сыйақысын сұрап едім, қаржының әлі түспегендігін айтты. Ол ақшаның қолымызға тиер-тимесі белгісіз, – дейді топ жетекшісі Геннадий Плотников.

Қалалық Мәдениет бөлімінің шотында “Мә” деп ұсынар қаржысы болмаса, вокалдық топты, көрерменді алдап, өнерге бұлай құрмет көрсетпесе де болар еді.

Мәдениет саласында жүргендердің сахналық киімдерінің ескіргендігі жайлы өнерпаздардың өздерінен талай сын естігенімізбен, мәселені ашық айтуға келгенде көбісі ат-тондарын ала қашты. Өнерпаздар бұлай жасқаншақтық танытпай, көршілес жатқан Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарындағы әріптестерінің костюмдеріне тамсанумен ғана шектелмей, керісінше өздерінің репертуары мен сахналық келбетіне құрметпен қарауды өзінен де, өзгеден де талап етсе, бүгінгі жағдай өзгешелеу болар ма еді деген ой келді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp