«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫСЫ МҰҒАЛІМІНЕ САЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл қаласындағы Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы Вера Григорьева жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде орыс тілінен бірінші орын алған болатын. Бұған дейін білім ошағы тарихында олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанған жағдай болмаған. Олимпиада жеңімпазының ұстазы – “КСРО Білім беру ісінің үздігі” атағының иегері Людмила Майермен және оның оқушысы Вера Григорьевамен бетпе-бет жүздесудің, жақынырақ танысудың сәті түсті.  

Тәрбиеленушілердің арасында “Жылы үй” аталып кеткен Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа бұған дейін де бірнеше рет келгенім бар. Ол кезде мекемедегі кіршіксіз тазалық пен кезекшілік атқарып тұрған балалардың тәрбиелілігін сонда өтіп жататын салтанатты шаралармен байланыстыратынмын. Осы жолы ешқандай ескертусіз келіп, әдеттегідей тазалық пен кезекші баланы көргенімде бұл жағдайдың балалар үйінде күнделікті қалыптасқанын байқадым. Есіктен көрінген бөтен адамды олар бірден байқап, жөн сұрап, келген шаруамды жүзеге асыруға бірден мүмкіндік жасап берді.

– Балалар үйі – менің екінші үйім, мұндағы тәрбиеленушілер өз балаларым сияқты, олар да бізді өз ата-аналарындай көріп, ақылдасады, ішкі сезімдерімен, реніштерімен бөліседі. Мен оларды жақсы көремін, аяймын, түсінемін. Бұл – менің жұмысым ғана емес, өмірім де. Өйткені, біз олармен бірге қуанамыз, ренжиміз, тәрбиеленушілеріміздің бастарынан өтетін жағдайлардың  ыстық-суығын бірге көреміз. Мен осындағы өмірді сол қалпында қабылдаймын және оларсыз басқаша өмірді көз алдыма елестете де алмаймын. Ел арасында балалар үйі туралы дұрыс пікір қалыптаспаған, жұрт ескі көзқарастан арылмаған. Шындығына келгенде мұндағы микроклимат ерекше. Барлығы үй жағдайындағыдай, балалар тәрбиелі. Біздің балаларды қаланың оқушыларымен салыстыра алмайсың. Мен қалалықтарға семинар кездерінде сабақ беріп көргенмін. Олар өзіңе мысқылмен қарап отырады. Біздегі балалар жақсы, жаңадан қосылғандар бір-екі сабақта кейбір “өнерлерін” көрсетеді, сосын басылады, – деп бастады әңгімесін жоғары санатты ұстаз Людмила Александровна.

Людмила Майер 1981 жылы Петропавл педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, ұстаздық жолын Тимирязев ауданының орталығындағы орта мектепте бастаған. Онда 5-сыныпқа келген балаларды қабылдап, сабақ бере бастаған жас маман оларға орта мектепті бітіртеді. Сол оқушыларының үшеуі мектепті алтын медальға бітіреді де, 12-сі педагог мамандығын таңдайды. Сол жылы мектеп бітірген оқушыларымен бірге Людмила Александровна да аталмыш білім ошағынан кетіп, қазіргі еңбек етіп жүрген Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа жұмысқа қабылданады. Аталмыш мекемеде 1989 жылдан еңбек етіп келе жатқан ұстаз содан бері осы ұжымның қазанында бірге қайнап келеді.

– Өзім өлең жазбаймын, бірақ өлеңді мәнерлеп оқуды, кітап оқығанды өте жақсы көремін. Бұдан басқа бос уақытымда моншақ өргенді, саяжайда еңбектенгенді, саяхатқа шыққанды ұнатамын және соған тәрбиеленушілерімді де үйретемін. Өзімнің пәнімді берумен шектелсем, осының бәрі болмаса, оқушыларымды да қызықтыра алмас едім. Мектепте поэзия үйірмесін жүргіземін. Қазір орыс тілі мен әдебиетіне ерекше көзқараспен қарайтын 4 оқушым бар. Соның бірі – Вера. Ол ән айтып, би билейді, өлең жазып, театр студиясына қатысады, оқуы да жақсы, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Оған кез келген жұмысты сеніп тапсыруға болады. Тәрбиеленушілер арасында беделді, – дейді Людмила Александровна.

Вера Григорьеваның айтуынша, ол Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа 10 жасында келген. Содан бері мекемедегі сүйікті ұстаздарының жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, жан-жақты болып өсіп келеді.

– Мен өткен жылдың соңында “Бөбек” ұлттық ғылыми-тәжірибелік білім беру және сауықтыру орталығы “Өзін-өзі тану” пәні бойынша бірінші рет ұйымдастырған республикалық “Жүрегіңнің түбіне терең бойла…” олимпиадасына, облыстық шығармалар байқауына, орыс әдебиетінен ғылыми жобалар байқауына, орыс тілінен жалпы білім беретін пәндер олимпиадасына қатысып, бірінші орындарды иелендім. Қазылар алқасының құрамында болған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушылары мені 11-сыныпты бітіргеннен кейін өздеріне оқуға шақырды. Мен осыған дейін 9-сыныптан кейін колледжге түсуді армандаған едім, қазір ол ойымнан айныдым. Түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатыса отырып, өзімнің 11-сыныптан кейін жоғары оқу орнына түсе алатыныма сенім пайда болды. Менің үлгі алатын адамым – ұстазым Людмила Александровна. Менің арманым – ұстазым сияқты орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болу, ол үшін менің барлық мүмкіндігім бар, – дейді Вера.

Бұл мекемеде алғаш жұмыс істей бастаған кезде Людмила Майер бірнеше жыл бойы ұйымдастырушы болған. “Әдеп”, “Өзін-өзі тану” пәндерінен сабақ берген. Ол “Өзін-өзі тану” пәні енгізілгенге дейін сол бағдарламаны республикалық деңгейде әзірлеуге қатысады. Бүгінде 33 жылдық педагогикалық өтілі бар ұстаздың еңбек кітапшасында Тимирязево ауылындағы орта мектеп пен осы білім ошағы ғана тіркелген. Балалар үйінде 25 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ұстаз қазіргі оқушыларын да бесінші сыныптан бастап алыпты. Сәті түссе, 11-сыныпқа дейін апармақ ойы бар. Республикалық “Тәрбие модельдері” атты конкурсқа қатысып, “КСРО Білім беру ісінің үздігі” атағын иеленген. Облыс, республика көлемінде алған Алғыс хаттары, марапат қағаздары да жеткілікті.

Қазір Людмила Александровнаның 4 оқушысы қашықтықтан өтетін “Я – энциклопедия” Интернет олимпиадасына дайындалу үстінде.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp