«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШОЛПЫ, ШАШБАУ ТАҒУ ДА тәрбиенің бір түрі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың қолдан жасалған әшекей бұйымдары ерекше әдемілікпен көз тартады. Ол әрбір бойжеткенге жарасып, ажарын ашады. Сырға, білезіктердің жөні бөлек, ал қыздардың шашына тағатын шолпы мен шашбауы қандай тамаша десеңізші?!

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шолпы тағатын ұзын шашты қыздарды сирек кездестіреміз. Оның өзінде қыз ұзату сияқты тойларда болмаса, күнделікті тағып жүретіндер мүлдем жоқ та шығар. Сырт көзге өте әдемі көрінетін осындай көрініс қанатын кеңінен жая түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы үлкен апаларымыздың сөзіне сүйенер болсақ, құрылымы жағынан шолпы қысқа болып келеді. Оны қыздар өрілген шаштың ұшына тағады екен. Ал шашбауды шашпен бірге өріп, бұрымды қалың, сәнді етіп көрсету үшін қолданған. Мұндай әшекей бұйымдарды таза күмістен немесе қолда бар медальондардан, теңге, тиындардан да жасауға болады. Көзтартымды ету үшін маржан моншақтармен әшекейлесе де артық болмайды. Шолпы мен шашбауды күнделікті тағатын әшекей бұйымға айналдыру туралы ойымызға оқырмандарымыз не дер екен, тыңдап көрейік.

Айгүлсім Исина:  

– Өз басым осы жайында ойладым, бірақ басқалардан өзгеше болғанды қаламаймын. Туған күн немесе басқа бір атаулы күндерде болмаса, күнделікті шашымды шашбаумен өріп жүргім келмейді. Және үстіңде ұлттық көйлегің болмаса, келіспейтін де сияқты.

Жанар Бейсенбаева:

– Туған күніме ағам шолпы сыйлады. Оны өз қолымен тиындардан жасаған. Кейде шашыма тағамын. Шыны керек, таңданып қарайтындар да, қызығатындар да аз емес. Соған қарағанда өзіме жарасады деп ойлаймын. Жалпы сымбатыңа сай болса, күнделікті тағуға да болады. Бұл жұрттан ерекшелену емес, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттаудың бір белгісі ғой.

Раушан Бекболатова:

– Әрине, бұл ерекше мақтанышпен күнделікті тағуға тұрарлық тамаша заттар ғой. Тек ол үшін алдымен шашты өсіріп, бойымыз әбден үйреніп қалған шалбарды көйлекке айырбастау керек сияқты. Ал бұл дегеніңіз кейбір нәзік жандар үшін оңай шаруа емес.

Жамал Қосыбаева:

– Менде шашбау бар. Әжем берген. Жас кезінде өзі таққан екен. Кей кезде шашымды өріп, тағып аламын. Бұрымды қалыңдатып, төмен тартып тұрады. Әдемі, бірақ күнде тағуға қолайсыз сияқты.

 

Қыздарымыз шолпы, шашбау тағуға қарсы емес екен. Бірақ алға тартатын түрлі себеп-салдар да аз емес. Соған қарағанда шашбаулы қыздарымыздың саны жақында көбейе қоймайтын сияқты. Деректерге сүйенер болсақ, шолпы мен шашбауды бұрын бойжеткендер тек әдемілік үшін ғана тақпаған. Оның басқа да бір мақсаттары болған екен. Мәселен, шашбау бойды түзу етіп ұстауда үлкен рөл атқарған. Сондай-ақ күмістен құйылып жасалған әшекей бұйымдар бас ауруының алдын алады деп есептеген үлкендер жағы. Жалпы алғанда шолпы мен шашбау қыз баланы әрдайым жинақы, әдепті сақтап жүруге тәрбиелейді. Олай болса, шолпыларды шаң басқызып сөрелерге қойғанша, шашымызға тағып жүрсек болмай ма?!

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp