“Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі” туралы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Ұлттық Банктің мақсаты Қазақстан Республикасындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Айырбас бағамының ел экономикасы үшін маңыздылығын ескере отырып, соңғы жылдары Ұлттық Банктің валюталық саясаты оның деңгейінің 145-155 АҚШ доллары көлемінде сақталынуына бағытталған еді.
Бұл экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2013 жылы Қазақстанның ІЖӨ 6 пайызға артып, инфляция 4,8 пайызға кеміп, тарихи тұрғыда ең төмен көрсеткішті көрсеткен.
Бұған қоса Қазақстан экономикасының ғаламдық экономикамен тығыз байланысты екенін ескерген жөн, Ұлттық Банк әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы жағдайды қаперден шығара алмайды.
Біріншіден, жетекші дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС елдеріндегі жағдай. АҚШ-тағы “сапалық жұмсару” бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылады, бұл осы елдердің валютасына қысым жасаумен жалғасты. Әлемдік экономиканың кейінгі дамуындағы белгісіздіктің әсерінен әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы өзгерістер артты.
Екіншіден, Ресей рублінің бағанына қатысты белгісіздік орын алып отыр. РФ Орталық банкінің Ресей рублін еркін айналымға жіберуінен соң 2013 жылы ол АҚШ долларына деген бағасы бойынша 7,1 пайызға әлсіреді. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Ресей рублінің әлсіреуі жалғасты.
Үшіншіден, бұл ҚР төлем балансының жағдайы. Ағымдағы операциялардың жағымды болуына қарамастан, пайдаланылатын тауарлардың импорты есебінен импорт өсуде.
Төртіншіден, спекулятивті операциялардың өсуінің әсерінен Қазақстан Республикасы экономикасында девальвациялық күту үдерісі жоғарылады. Спекулятивті ажиотаж бен айырбас бағамының өзгерістерін алдын алу үшін Ұлттық Банкке валюталық рынокқа жиі енуге тура келеді.
Бесіншіден, болашақта инфляцияны 3-4 пайызға төмендету үшін Ұлттық Банк инфляциялық шектеуге өтуді жоспарлап отыр, ол дегеніміз – айырбас бағамының қатаң қадағалауынан бас тарту.
Теңгенің айырбас курсының сыртқы бәсекеге қабілеттілігін орнына келтіру, ҚР экономикасы сыртқы сауда балансын және отандық тауарөндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдау Ұлттық Банктің валюталық саясатына өзгерістер енгізуді қажет етеді.
ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ 2014 ЖЫЛДЫҢ 11 АҚПАНЫНАН БАСТАП ТЕҢГЕНІҢ БҰРЫНҒЫ ДЕҢГЕЙІН САҚТАП ТҰРУДАН, ВАЛЮТАЛЫҚ ИНТЕРВЕНЦИЯЛАРДЫҢ КӨЛЕМІН АЗАЙТУДАН, ТЕҢГЕНІҢ АЙЫРБАС БАҒАМЫН ҚҰРУ ҮДЕРІСІНЕ АРАЛАСУДАН БАС ТАРТУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ.
Ұлттық Банк теңгенің жаңа бағамы 185 АҚШ доллары төңірегінде болады деп есептейді.
Теңге бағамының ұзақмерзімдік тренді, Ұлттық Банк бұған дейін хабарлағандай, фундаменталды ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторларға қатысты болады.
Осымен бірге, бұл қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін валюталық интервенциялардан бас тарту деген сөз емес.
Қаржы рыногы мен экономикада тұрақсыздықты болдырмау және шапшаң өзгерістерді және айырбас бағамындағы қысқамерзімдік өзгерістерді жұмсарту мақсатындағы Ұлттық Банк саясаты жалғасады. Ал теңгенің айырбас бағамындағы ұзақмерзімдік тренд макроэкономикалық жағдайларға сай түзіледі.
Ұлттық Банктің есептеуінше, осы бағамнан соң спекулятивтік девальвациялық күтудің әлеуеті азаяды.
Кейіннен айырбас бағамындағы өзгерістер бойынша валютаның күшеюі де, әлсіреуі де болуы мүмкін, бұл әлемдік экономикадағы жағдайға байланысты болмақ.
Ұлттық Банк қазіргі валюталық операциялар режіміне ешқандай тосқауыл қоймақ емес. 2014 жылдың 11 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі айырбас пункттеріндегі шетел валютасын теңгеге сату-сатып алу бойынша мынадай дәлізді енгізеді:
– АҚШ долларына – 2 теңге;
– Еуроға – 3 теңге.
Ұлттық Банк төлем жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Ұлттық Банк банктерге қажетті қысқамерзімдік қаржыны алдын ала бекітілген кепіл бойынша бере беруін жалғастырады.
Ұлттық Банк және банктер тарапынан айырбас пункттері тиісті шетел валютасымен қамтамасыз етіледі. Екінші деңгейлі банктердің өңірлердегі филиалдары қажетті деңгейдегі шетел валютасына ие.
Айырбас бағамындағы өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан Республикасы экспорттық және экономиканың импорт алмастыру салаларында жұмыс істейтін отандық кәсіпкерлер мен тауарлардың бәсекеге қабілетті жағдайлары жақсарады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1567 қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары (бұдан әрі – тиісінше қаулы және стандарттар) бекітілді, олар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Стандарттар “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді. Қаулыны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды. Қаулының нақты мақсаты стандарттарды бекіту болып табылады.
Қаулыны қабылдаудың болжамды тиімділігі – әрбір мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша стандарттарды бекіту жолымен Ұлттық Банктің қандай да болсын мемлекеттік қызметтерін алуға байланысты рәсімдерді көрсетілетін қызметті алушыларға жеңілдетуді білдіреді, себебі стандарттар Ұлттық Банктің мемлекеттік қызметтері бойынша барлық қажетті ақпаратты қамтиды (әрбір көрсетілетін қызмет бойынша құжаттардың және оларға қойылатын талаптардың бірыңғай тізбесі, қызмет көрсетудің мерзімдері, қызмет көрсетудің нәтижелері, қызмет көрсетуден бас тарту негіздері, Ұлттық Банк қызметкерлерінің әрекеттерін, әрекетсіздіктерін, шағымдану тәртібі).
Стандарттар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің www.nationalbank.kz интернет-ресурсында “Ұлттық Банктің мемлекеттік қызметтері” бөлімінің “Мемлекеттік қызметтер стандарттары” шағын бөлімінде орналастырылған.