Екатерина ШАЙХУТДИНОВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің 3-курс студенті.
Мен бүгінгі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тіл және әдебиет институтында “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Қазақ тілінде жоғары білім алуға келгенде қаймыққаным да рас. Себебі, Шал ақын ауданындағы Сухорабовка ауылындағы орыстілді орта мектепті тамамдаған менің бұл қылығымды ауылдастарым да, мұғалімдерім де, сыныптастарым да “көзсіздік” ретінде бағалаған еді. Тек анам Людмила Валерьевна ғана қолдау танытты. Таңдауымның дұрыс екендігін айтып, сәттілік тілеген еді.
…1-курс. Қазақтілді орта. Өтірік айтпаймын: қиналдым. Үнемі сөздікпен отыратынмын. Бұл сөздіктерді де Сухорабовка ауылдық округінің әкімі Антонина Марченко сыйлап еді. Солардың арқасында алғашқы айларда естігенімді, оқығанымды түсінуге тырыстым. Топтағы студенттер мен оқытушылардың көмегі зор болды. Маған түсіністікпен қарап, қатарластарым түсінбеген жерімді айтып жіберсе, оқытушылар төзімділік танытып, маған бәрін үйретті. Солардың шыдамдылықтарының арқасында бүгінгі дәрежеге жеттім. Қазір мен қазақ тілінде ойымды еркін жеткіземін. Рас, кейде көркем шығарма оқығанда әдеби тілде жазылған сөздерді түсінбей қаламын. Түсінбеген сөздерімді қасымдағы студенттерден немесе оқытушылардан сұрап аламын. Оқырманның ойында “Қазақ тілін білмесең неге “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығына оқуға түстің?” деген сұрақ туындары сөзсіз. Мен мектепте оқып жүргенде 5-сыныптан бастап қазақ тіліне ден қоя бастадым. Оған қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ботагөз Есенееваның қосқан үлесі зор. Бұл тілге деген қызығушылығымды оятып, мектепішілік, аудандық олимпиадаларға қатыстыра бастады. Жүлделі орындар алып жүрдім. Бірақ менің қазақ тілім жоғары білім алатын деңгейде емес еді. “Ауылдастарым бұл таңдауымды көзсіздік деп бағалады” деуімнің себебі де осы. Бүгінгі таңда менің қазақ тілінде білім алатынымды білетін ұлты қазақ ауылдастарым менімен қазақша сөйлесуге тырысады. Себебі, менімен орыс тілінде сөйлесуге ұялады. Үйде де кейде ініммен қазақша сөйлесемін. Ол айтқанымның барлығын түсінбесе де, “Ананы әкел, мынаны әпер” дегенімді түсінеді.
Қазір 3-курста оқимын. Қазақ тілін меңгерудегі бүгінгі деңгейіме қуаныштымын. Жоғары оқу орнын тамамдағанша қазақ тілін жетік меңгерген, білікті маман болатыныма сенімдімін. Себебі, оқытушыларым маған сапалы білім беруде. Қолыма дипломымды алған кезде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі немесе мемлекеттік қызметке орналасамын ба деген жоспарым бар. Бір айтарым: алған мамандығымнан қол үзбесім анық. Себебі, қазақ тілі қазір де, болашақта да әрбір қазақстандыққа қажет болатынын түсінемін. Мен осы елде өмір сүретіндіктен, үнемі сұранысқа ие маман болғым келеді. Қазақ тілін үйренбеу – кейбір жастардың басты қателігі. Әрбір қазақстандық қазақ тілін білуі қажет деген ойдамын. Орыс тілі – ана тілім. Қазақ тілін терең меңгеру үстіндемін, ал ағылшын тілін ауызекі тілде білемін. Алдағы уақытта қазақ тілін жетік меңгергеннен кейін ағылшын тілін үйренуге ден қоймақпын. Себебі, Қазақстанда үштілділікке зор мән берілуде. Әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр Жолдауында жастардың үш тілді меңгеруін қадай тапсыруда. Біз даму жолына түскендіктен, бәсекеге қабілетті болуымыз керек қой. Осы орайда елімнің патриоты ретінде мен де өз үлесімді қосқым келеді. Әзірге қазақ тілінде білім алып жүрген өзге ұлт өкілімін. Бұл – менің Отанымның мемлекеттік тіліне деген құрметімнің алғашқы қадамы. Қолыма дипломымды алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі атанған кезде маған тегін жоғары білім берген елімнің алдындағы борышым мен парызымды өтеу үшін адал еңбек еткім келеді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.