«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫН ДА ҚЫЗЫҚТЫ МАМАНДЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әшекей ЖҰМАҒҰЛҚЫЗЫ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушысы.

Ахмет Байтұрсыновтың: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі” деген тұжырымы бүгіннің өзінде мағынасын жойған жоқ. Ол тек жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға өткен сайын түрленіп, айшықтала түсуде. Осыдан 20 жыл бұрын бұқараға ақпарат тарату көздері теледидар, радио және газет-журнал болса, қазіргі таңда қоғам дамуына ілескен техникалық өркендеудің жаңа тетіктері пайда болды. Соның бірі – Интернет. Бұл тетікті хабар тарату қызметінен гөрі ақпарат алмасу орталығы десек, нақтырақ болар. Интернеттің қарқынды даму үдерісі басқа салалармен қатар, журналистикаға да үлкен өзгерістер әкелді.

Журналистер дәстүрлі медиа мен жаңа медианың ортақ белгілері мен артықшылықтарын ұғынып, алдағы уақытта жаңаша жұмыс істеуге талпыныс жасап отыр. Осы жерде “Дәстүрлі медиа деген не?”, “Жаңа медиа деген не?” деген сауал туындайды. Бұл терминдердің мағынасына тоқталар болсақ, дәстүрлі медиада біз газеттерден қажетті ақпараттарды оқимыз, теледидардан көреміз, радиодан тыңдаймыз. Ал жаңа медиадан біз ақпараттарды оқи да, көре де, тыңдай да аламыз. Ол Интернеттің негізінде жүзеге асады. Яғни, бүгінгі таңда қайсымыз болсын қолымыздағы қалта телефонын Интернетке қосып алып, ақпаратты дыбыспен де, бейне түрінде де, мәтін түрінде де қабылдай аламыз. Біз кез келген уақытта, кез келген ортада сайтымызға кіріп, одан ақпарат алуды, поштамызды тексеруді, жазбамызды жазуды тиімді құралға айналдырдық. Сонымен дәстүрлі медиада ақпарат көзі БАҚ-тар болса, ал жаңа медиа Интернетте кез келген адам ақпаратты таратып, жариялап, хабарлай алады. Ең қызығы сол – газет сайттарында жарияланған мақалаларға өзгелер де пікірлерін білдіре алады, сондай-ақ достарының және таныстарының блогтарына, жеке парақшаларына хабарлама, ой-пікірлерін жібере алады.

Жаңа медианың мүмкіндіктерін таныту қарқын алып келеді. Биыл екінші рет Алматы қаласында “Қазіргі кездегі журналистік білім беру: инновациялар, жаңа технологиялар” тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинарға 9 өңірдің жоғары оқу орындарының оқытушылары мен БАҚ өкілдері жиналды. Біздің университеттен мен қатыстым. Бұл сапар мен үшін маңызды болды. Бүгінгі күн талабына сай білікті маман тәрбиелеуде аталмыш семинардың рөлі орасан зор. Оған қатысушылар өз тәжірибелеріне сүйене отырып, бүгінгі түлектердің осал тұстары туралы өз ойларын ортаға салып қана қоймай, өзара пікір алмасып, бұл мәселенің шешімді тұстарын да сөз етті. Сондағы айтылған көп пікірлердің бірі жаңа медианың мүмкіндіктерін игеру болды.

Осылайша журналистиканың “екінші тынысы” ашылған заманда әрбір көкірегі ояу жас маманның бұл кәсіпті игеруге деген құлшынысына үлкен серпін бар. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Журналистикаға машықтанған, дипломын қалтасына басқан әрбір маман бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етумен қатар, қоғамдық мекемелер мен ұйымдарда ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін баспасөз хатшысы, жарнама агенті болып та жұмыс істей алады. Бұрындары журналист мамандығына Алматы сияқты үлкен қалаларда ғана оқытса, қазіргі таңда әр өңірдегі ЖОО-ларда аталмыш мамандыққа даярлайтын бөлімдер ашылған. Бұл бағыт журналистикадағы кадр мәселесін шешудің ең бір тиімді жолы ретінде дамып келеді.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Тіл және әдебиет” институтындағы қазақ филологиясы құрамына да жыл сайын “Журналистика” мамандығы бойынша студенттер қабылданады. Бұл бөлімнен биыл 9-шы жыл түлектер ұшырылады. Осы білім ордасынан қанат қаққан мамандар егемен еліміздің көк туын аспанда желбіретуге өз үлестерін қосып жүр. Мәселен, Руслан Жангулин – “Сақшы” әскери журналында, Тимур Әбдірешов – облыс әкімінің баспасөз қызметінде, Рауан Әбілтай – облыстық Ішкі саясат басқармасының бұқаралық ақпарат құралдары мониторингі бөлімінде, Зәуреш Бектемісова, Гүлбике Төлебаева, Арайлым Смағұлова – “Солтүстік Қазақстан” газетінде, Салтанат Даниярова – “Хабар” агенттігінде, Индира Жылқайдарова, Жасын Біркенов, Кәусар Текебасова – “7” арнада, Әсел Күшенғалиева – “Қаз-Ақпарат” агенттігінде, Диляра Иса – республикалық “Жас Алаш” газетінде, Гауһар Мұқатаева мен Эльмира Кәленова – “Қазақстан-Петропавл” ОТРК-да, Гүлмира Шоқтыбаева, Жеңіс Ермұқанов, Данаш Хамзина МТРА телеарнасында өз шеберліктері мен талаптарын көрсетіп, біздің оқыту орнының абыройын асқақтатып жүр. Өткен жылы бітірген Айдарбек Балғабеков республикалық – “24 kz” арнасына, Аманжол Нұртазин мен Махаббат Балтабаева облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасына жұмысқа орналасты. Өйткені, олар студент кезінен бастап сол БАҚ-қа барып, тәжірибе алып, өздерін де көрсете білді. Бұл түлектердің барлығы университетіміздегі “Парасат” студиясынан өздерінің алғашқы сабақтарын алып, қадамдарын басқан еді. Бүгінгі студенттер де студиялық сабақтарда телесюжеттер жасап, облыстық телеарна эфиріне шығады. “Парасат” студиясы журналистикаға машықтанғысы келетін кез келген студентке үлкен мүмкіндік тудырады. Студияның іші техникалық құрал-жабдықтардың соңғы үлгілерімен жарақтанған. Оқу орнында айына бір рет “Парасат” газеті шығарылады. “Білімдіге өріс кең” дегендей, студенттер халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, ғылыми жинақтарда зерттеу мақалаларын жариялап отырады, түрлі ғылыми жобаларға зерттеу жұмыстарын ұсынады.

Көзінде от, жүрегінде жалын бар әрбір саналы жас талант журналист мамандығын оңай игеріп әкетеді. Бұл мамандық шығармашылық қасиетті талап ететіндіктен, бұл салаға кез келген адам аяқ баса бермейді. Жалпы бұл – қиын да қызықты мамандық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp