Бүгінгі заманның қыздары сүйкімді де, білімді болуға тырысып бағуда. Әрқайсысының алдына қойған мақсаты, міндеті де бар. Және соған қол жеткізіп, биік белестерден көріне білу үшін оқу оқып, еңбек етіп жүрген бойжеткендеріміз қаншама?! Бірақ, қалай дегенмен де, әрбір қыз баланың үкілеген бір үміті болады. Ол, әрине, тұрмыс құру, өз отбасының түтінін түтету.
Өмірде әрбір нәрсенің өз уақыты болады. Оқудың да, жұмыстың да, керек десеңіз, күлкінің де. Қарап отырсақ, қазіргі қазақ қыздары осы уақыт деген тоқтаусыз дүниемен санаспайтын сияқты. Керісінше, оған іштей бір қарсылық білдіріп, өз дегенін істеткісі келетіндей. Осыдан он бес-жиырма жылдай артқа көз салсақ, ол кездегі қыздардың мүлдем басқаша болғанын көруге болады. Мәселен, 20-25 жастағы бойжеткендер тұрмыс құрып, кем дегенде бір бала тәрбиелеп отыратын. Отызға аяқ басқанда олардың көбі отбасылық өмірдің ортасында жүретін. Бала тәрбиесіне, отбасы жұмысына да, еңбекке де уақыт тауып, бір адамдай араласа білетін. Ал қазір осы жасқа келген қыздардың тұрмыс құру туралы тіпті ойы да жоқ сияқты. Олардың көбі жұмыс істеп, “темір тұлпар” алып, баспанаға ақша жинаудың соңына түсіп кеткен. Өзіңе мұндай талап қоя білген де дұрыс шығар, әрине, бірақ, арманын жүзеге асырамын деп жүргенде қанша уақытты сарп етеді. Ал уақыт дегенің қу түлкі сияқты алдамшы, көзіңді ашып, жұмғанша өте шығады. Жас ұлғайған сайын денсаулық сыр бере бастайды. Ұрпақ сабақтастығын жалғайтын қыздарға осы мәселе жайында ойлану керек сияқты.
Қыздардың оқығаны да дұрыс, жұмыс істеу де керек, бір-ақ, ең бастысы – тұрмыс құрып, бала тәрбиелеген маңыздырақ. Биік белестерді бесік тербетіп отырып та бағындыруға болады. Отбасының, баланың оған ешбір кедергісі болмайды. Керісінше, қасыңда қолдау көрсете білетін жұбайың жүрсе, жұмыстан шаршап келгенде бал тілімен былдырлап, алдыңнан сәбиің жүгіріп шықса, өмірдің қызығы да осы емес пе?! Одан асқан қандай бақыт керек?!
Қалай болғанда да оң жақта отырып қалған қыздардың саны күн санап артып келе жатқанын жыл сайынғы статистика көрсеткіштерінен де байқауға болады. Қыздардың тұрмыс құрмай жүргендеріне, әрине, себеп әртүрлі. Біреулер жұмыс басты болып кетсе, екіншілері сәтсіз махаббаттан кейін жігіт жайында ойлағысы да келмейді, “Мен ешкімге тәуелді болмаймын…”, – деп жалған түсініктің жетегінде кеткендер де бар арамызда. Ал кейбір құрбыларымыз қиялдан жасап алған жігіттерін іздеп, әлекке түсіп жүр. Қыздардың бір сырын ашып, қиялдағы жігіттің қандай болатынын айтып берейін Сіздерге, мүмкін, дөп түсерміз, кім білсін? Сонымен, ол дегеніміз ұзын бойлы, келбетті, сабырлы, қалталы, көлігі мен үйі бар және өзінің жеке кәсібін ашқан жігіттер шығар деп ойлаймыз. Осындай жігіттер әрбір қазақ қызының бағына бұйырып тұрса, әрине, жаман болмас еді. Бірақ оң жақта отырған мыңнан астам қыздарға дәл осындай жігітті тауып алу ойға қонымсыз нәрсе ғой. Олай болса, аса қиялдаудың да қажеті жоқ сияқты. Жасы келіп қалса да, қыздардың көбі арманындағы адамын іздеп, жақында жүргендерге көз сала бермейді. Сөйтіп, уақытында жасалған ұсынысты ұтымды пайдалана алмай, сан соғып қалып жатады.
Әрине, отыздан астым екен деп, кездескен адаммен шаңырақ көтере салуға болмайды. Бірақ көп таңдауға да болмайтын сияқты.
Тұрмыс құрмаған қыздармен сөйлесе кетсең: “Жігіт жоқ” дегенді алға тартады. Шындығында жігерлі жігіттеріміз аз емес қой. Тек қазіргі қыздардың өздерінің таңдауы көп сияқты. Қыздардың бәрі осындай деп көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине, дегенмен де “байлық, мансап, баспана, содан кейін ғана – бала” деп бәрін рет-ретімен бөліп қойған кейбір қыздарымыз уақытты оздырып, соңында қу тізесін құшақтап қалмаса игі. Себебі, қырықтан асқан соң бала көтеру, оны өмірге әкелу оңай емес. Ол жайында ақ халаттылар да, көпті көрген көнекөз қариялар да аз айтып жүрген жоқ. Тек соны тыңдар құлақ болса, нұр үстіне нұр болар еді.