Ерлан БАЙМЫШЕВ,
Мағжан Жұмабаев аудандық ТЖБ-нің бастығы.
Үстіміздегі жылдың 12 қаңтарында таңғы сағат 5-те Возвышенка ауылындағы №12 өрт бекетіне сол жерден 35 шақырым қашықтықта орналасқан Писаревка ауылындағы үйлердің бірінен өрт шыққандығы туралы хабар түскен болатын. Кезекші қарауыл оқиға орнына жедел жеткенімен, бұл уақытта тұрғын үй толықтай өртеніп кеткен еді. Өрт шыққан үйде шырт ұйқыда жатқан үш сәбидің көрер жарығы бар екен. Өртсөндірушілер келмес бұрын өртті байқаған 25 жастағы көрші жігіт Иван Горбаль көп ойланбастан жалын құшағына оранған тұрғын үйдің терезесін сындырып, ішке еніп, үш баланы құтқарып қалған.
Кешқұрым пешті жағып, үйдегі 8 жастағы қызын, 6 жасар ұлы мен осы жастағы туысқан баланың сыртынан есікті құлыптап, сыртқа шығып кеткен 26 жастағы ауыл тұрғынының бұл әрекеті орын толмас қайғылы оқиғаға әкелуі әбден мүмкін еді. Өйткені, таңғы бесте шыққан өрт жайында шырт ұйқыда жатқан балалар да, өз шаруаларымен жүрген келіншек те бейхабар болатын. Абырой болғанда көрші тұратын Иван мен оның анасы Татьяна Ивановна өртті көре салысымен шатырынан түтін будақтап, есік-терезелерінен жалын шарпыған үйге жүгіріп жетеді. Бет қаратпайтын оттан тайсалмаған өжет көрші үйдің терезесі арқылы ішке еніп, тұншықтырғыш газдан уланып, денелерін күйік шалып, ес-түссіз жатқан балаларды тауып алып, оларды бір-бірден шешесінің қолына беріп отырады. Балалар сол уақытта ауруханаға жеткізілді. Бүгінде олардың бірі дін аман болса, екеуі әлі ауруханада жатыр.
Писаревка ауылындағы мектепте зертханашы болып жұмыс істейтін қарапайым жігіт осылайша үш бүлдіршінге өмір сыйлады. Оған батылдығы және ерен ерлігі үшін алғысымызды білдіріп, алдағы өмірінде де, осындай мейірбан әрі қайырымды болып қала беруіне тілектеспіз.