Қазір бала тәрбиесі туралы сөз қозғар болсақ, жас келіндерге жақтырмай қарайтынымыз бар. Олар отбасылық өмірге жаңа қадам жасап жатқан соң мұның қыр-сырын біле бермейді. Сондықтан да келіндерге кінә таға беруге болмайды.
Керісінше, қолдан келгенше көмектесіп, ақыл-кеңесті аямау керек. Бүгінгі таңда жастар көп жағдайда ата-анасынан бөлек тұрып, өз мәселелерін өздері шешкенді қалайды. Бұл, бір жағынан, дұрыс та шығар. Осылайша олар бір-біріне қамқорлықпен қарап, ортақ мәселені бірлесе шешуге үйренеді. Отбасылық өмірде кездесіп тұратын неше түрлі қиындықтармен қатар, бала тәрбиесіне де ерекше мән беретін болады. Әрине, әженің тәрбиесі бір басқа ғой. Үлкен адамның айтқан әр сөзінің өзі тәрбие емес пе?! Сондықтан да қазіргі жастарымызға осы жағынан келгенде қиындау болып тұр. Бұл жерде ене мен келіннің де қарым-қатынасында бұрынғыға қарағанда бір өзгешелік барын мойындау керек. Кей кездерде енесі келінін жақтырмай жатады. Дәл солай түрлі себептерді сылтау етіп, келіннің де енесіне мінез көрсетіп қалатын жағдайлары болып тұрады. Нәтижесінде екі жақ та тыныш болу үшін жастардың бөлек тұрғысы келетініне ата-ана да қарсылық танытпайды. Бұл да дұрыс шығар. Ал кейбір келіндер ененің көмегіне зәру болады. Қалай болғанда да бала тәрбиесіне қатысты мәселе шешімін таппай қалады. Қанша “білемін” десе де, жас келінге ененің ақылы қажет қой. Сондықтан да жас аналарға көмектесу үшін “Әжелер клубын” ашуды ұсынғым келеді.
Мен бұған дейін жас аналардың клубы бар дегенді газет беттерінен оқығам. Олар жиналып, өзара әңгіме-дүкен құрып, бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді шешуге тырысады екен. Бұл да құптарлық іс. Бірақ осындай кездесулерге біз де қатысып, білгенімізбен бөлісе отырсақ, жақсы болар еді. Көнекөз қариялардың жас аналарға айтары аз емес екеніне сенімдімін. Біз он-он екі баланы енеміздің қарауымен, ақылымен бағып-қағып өсірдік қой. Содан жинаған тәлім-тәрбиеміз бір адамға жетерліктей. Енді өзіміз де қартайып, немере бағып отырмыз. Бос уақытымыз да бар. Бірлесіп, жас аналарға қолдау көрсетсек, бұл да бір игі шара болар деп ойлаймын. Қазір аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты, асырауында мүгедек баласы бар аналар да аз емес. Оларға көп жағдайда ақыл айтатын да адамдар болмай қалады. Кімге барып, мұңдарын шағып, қиындықтарымен бөлісуді де білмей, тығырыққа тіреліп жатады. Әрине, баланы жалғыз тәрбиелеу немесе денсаулығы сыр берген сәбиді бағу да оңай емес. Ана болған соң осындайдың бәрін ойлайсың.
Жақында Петропавл қаласындағы “Қызылжар аналары” деген қор жайында оқып, қуанып қалдым. Көпбалалы аналардың өз мәселелерін қолдан келгенше біржақты етіп отырғандары олардың еңбекқорлығын көрсетеді. Сонымен қатар “Улыбка” қайырымдылық қорының, “Аялы алақан” әлеуметтік дүкендерінің де жұмыстары аналарға көмектесуге бағытталған ғой. Олардың жұмыстары жайында да газет беттерінен оқып тұрамыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектерге қарап отырмай, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген нәзік жандарды көргенде бір марқайып қаласың. Осы ретте мұндай іс-шаралардан әжелердің де сырт қалмағаны жөн деп ойлаймын. “Ұлылықты шежіреден, салт-дәстүрді әжелерден үйрен” демей ме дуалы ауыз. Олай болса, жас келіндерге бала тәрбиесімен қатар, ұлттық құндылықтарымызды да насихаттауды үйретер едік деген ой ғой маған қалам алғызған. Жастардың тәрбиесімен қоғам болып айналыссақ, қыздарымыз қылықты, келіндеріміз мейірімді болар еді деп ойлаймын.
Үмітжан РЫСКЕЛДИНА,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.