Данаш ХАМЗИНА,
журналист.
Доллар бағамы шарықтап жатқанда баспана, көлік, өзге қызмет түрлерін былай қойғанда, ең бастысы, азық-түліктің жайы не болмақ деген сұрақ туындап тұрғаны анық. 11 ақпанда Петропавлдағы “Тайга” базарына барып, тұрғындармен сөйлескен облыс әкімі Самат Ескендіров солтүстікқазақстандықтардың күмәнін бірден сейілтті. “Бізде азық-түлік қымбаттамайды”, – деді өңір басшысы. Өйткені, нан мен сүт, ет пен май, жұмыртқа сияқты бірінші кезектегі өнімдердің көпшілігі өзімізде өндіріледі.
“Өзіміздің облыста шығарылатын өнімге бүгін де, ертең де баға бір қалыпты болатынына осы жерде тағы да бір көз жетті. Алдағы уақытта да сүт те, ет те, нан да бір қалыпты қала береді”, – деді Самат Сапарбекұлы.
Жанар-жағармайдың бағасы да бақылауда. Осы орайда облыс әкімі Қаттай Кеншінбаев көшесіндегі “Бахыт” жанар-жағармай құю станциясында (ЖҚС) болды. Сол сәтте бұл ЖҚС жұмыс істемей тұрды. Самат Ескендіров сол жерде бірден “ҚазМұнайГаз” компаниясының СҚФ директоры Саят Әшімовпен телефон арқылы әңгімелесіп, жағдайды білді. Жалпы, бензин қоры жеткілікті. Ал бұл станция жөндеу жүріп жатқандықтан жұмыс істемей тұр екен.
Бұдан кейін Жамбыл көшесі бойындағы тағы бір “Бахыт” ЖҚС-ына ат басын бұрдық. Мұндағы жағдай бір қалыпты. “Алдағы уақытта бензин қымбаттамайды. Үкіметтің рұқсатынсыз, бағаны өз еркімізбен көтеруге құқығымыз жоқ. Қазір “АИ-92” – 115 теңгеден, ал дизельдік отын 102 теңгеден, яғни бұрынғы бағаларымен сатылып жатыр”, – деді “СК Бахыт-Мұнай” ЖШС ЖЖҚС кешенінің басшысы Сергей Горяинов.
***
Мағжан АХМАДИНА,
журналист.
Теңгенің айырбас бағамының күрт қымбаттауына байланысты азық-түлік құнының өсуін болдырмау мақсатында өңірде арнайы штаб құрылды. Баға қатаң бақылауда болмақ. Облыс әкімі Самат Ескендіров тағам өнімдері бағасының тұрақтылығына көз жеткізу үшін Петропавлдағы ірі сауда орындарының бірін аралады.
Ең алдымен өңір басшысы “Семейный” гипермаркетін аралады. Өңір жетекшісі суда орнындағы азық-түлік пен тауар бағаларын бақылады. Жалпы сүт, макарон өнімдері, күнбағыс майы, нан, көкөніс сынды әлеуметтік маңызы бар тауарлар құны сол қалпында қалмақ. “Біз бағаны сол қалпында ұстап тұрмыз. Өзгерту де ойымызда жоқ. Оның үстіне сауда нүктесіндегі бар өнімдер қоры әлі біраз уақыт тауар құнын сол күйінде сақтап тұруға мүмкіндік береді. Тұтынушылар тарапынан да ешбір дүрбелең байқалмайды”, – деді “Семейный” гипермаркетінің директоры Андрей Исаков.
Бұдан кейін облыс басшысы “Северный” супермаркетіне ат басын бұрды. Мұндағы бағалар да сол күйінде сақталған.
“Тауар құны көтерілген жоқ. Десе де, бізге тасымалдаушылар баға өседі деп хабарлады. Бірақ облыс әкімі бұл жайды реттеймін деп уәде берді”, – деді “Северный” супермаркетінің әкімгері Вера Щербакова.
Сауда орталықтарын аралаған өңір басшысы Самат Ескендіров бағаның шарықтауына жол бермеу керектігін айтты.
* * *
Фариза ЖАЗИТОВА,
журналист.
Республикалық селекторда Премьер-Министр Серік Ахметов облыс әкімдері мен олардың орынбасарларына бағаның тұрақты болуын қатаң қадағалауды тапсырды. Оны орындау мақсатында облыс әкімінің орынбасарлары Петропавлдың бірнеше ірі сауда үйлерін аралады.
№1 және №5 “Нан плюс” дүкендерін аралаған облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев бағаның бірқалыпты екендігіне көз жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов болса, “Сокол” супермаркетіндегі жағдайды бақылады. Нан – 43 теңге, қызанақтың бір килограмы 500 теңгеден басталса, шырын, шұжық, сүт сияқты жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінің құны сол қалпы. Ет өнімдерінің бағасы да өзгеріске ұшырамаған. Сиыр еті – 1200, шошқанікі 1500 теңге шамасында. Сондай-ақ “Көктөбе” супермаркетіндегі әлеуметтік маңызды тауарлар құны да назарға ілікті. Дүкен сөрелерінде азық-түлік бағасы бұрынғы қалпында. Теңгенің долларға қатысты бағамы өзгергенін естіген бұқара болса, ең керекті деген өнімдерді көптеп сатып алу үшін сауда үйлеріне ағылып келіп жатты.
* * *
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов баға мен тарифтер бағасын тұрақтандыру жөніндегі штабтың кезектен тыс отырысын өткізді. Онда доллардың айырбас бағамының өсуіне байланысты күнделікті қажетті тағамдардың қымбаттауына жол бермеу, базарлардағы бағаларға күн сайын мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды.
Қайрат Асқарбекұлы доллардың айырбас бағамының 155 теңгеден 185 теңгеге дейін өсуі қоммуналдық қызметтердің, күнбе-күн қажет етілетін азық-түлік тағамдары бағасының қымбаттауына әсер етпейтіндігін атап айтты.
Штаб мүшелерінің сөзіне қарағанда, тұрақтандыру қоры арқылы 225 теңгеден босатылатын өсімдік майының бір килосы аудандарда 235-240 теңгеден сатылуда. Ұн бағасы бұрынғы күйінде. Наубайханаларға тұрақтандыру қоры арқылы берілген ұн төрт айға жетеді. Сондықтан нан бағасын қымбаттатуға негіз жоқ.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев базардағы жұмыртқа бағасының қалыпқа келгендігін алға тартты.
Қайрат Бекенов базардағы бағаға мониторинг жүргізіліп, соған орай штабтың отырысы күн сайын өткізілетіндігін мәлімдеді.
Осы күні облыс әкімінің орынбасары бастаған штаб мүшелері, БАҚ өкілдері Петропавл қаласындағы үлкен базарларда болып, отандық азық-түлік тағамдарының бағасымен танысты, тұтынушылармен пікір алысты.