Жыл басынан бері облыста 125 өрт болып, одан 9 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 10 адам қайғылы қазаға ұшыраса, оның 2-еуі – бала. 5 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алды.
Өткен аптаның өзінде облыста 30-дан астам төтенше жағдай оқиғалары тіркелген, қаза тапқандар бар.
Жамбыл ауданының Святодуховка ауылындағы үйлердің бірінде өрт шығып, 60 жастағы ер адам қаза тапты. Құтқарушылардың айтуынша, шылым шегу кезіндегі абайсыздықтан қайғылы оқиға орын алған.
Дәл осындай оқиға Аққайың ауданындағы Аралағаш елді мекенінде де тіркелді. 140 шаршы метр аумақты шарпыған жалын ауыздықталған соң оқиға орнынан 69 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Оқиғаға оның мас күйде жатып, төсекте шылым шегуі себеп болған.
Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан Қызылжар ауданының Бескөл мен Соколовка, Есіл ауданының Оседлое, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское елді мекендерінде жеке тұрғын үйлер отқа оранып, баспаналардың шатырлары мен қабырғалары зақымданған.
Бірнеше өрт оқиғалары үй пешін орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің сақталмауына байланысты орын алды. Атап айтқанда, Шал ақын ауданының Сергевка қаласында жеке тұрғын үй өртеніп, тілсіз жау шатырды зақымдап үлгерген.
Аққайың ауданының Қаратомар ауылында және облыс орталығының Союзный көшесіндегі тұрғын үйлердің иелері отынды пештің үстінде кептірген. Ақыры өрт орын алып, үй жиһаздары мен еден, шатырға зақым тиген.
Дұрыс орнатылмаған пештің мұржасының кесірінен орын алған өрт облыс орталығының Универсальный 1 “А” қысқа көшесінде орналасқан екіқабатты қойманың арнайы киімдер сақталған екінші қабатын шарпыған. 8 шаршы метр аумақты алған өрт қойманың еденіне зақым келтірді.
Өткен аптада тілсіз жаудың кесірінен 4 автокөлік отқа оранды. Атап айтқанда, Тимирязев ауданының “Тимирязев – Сергеевка” тас жолында “Mersedes-Benz – 124” автокөлігін жалын шарпып, көліктің көп бөлігі зақымданды.
Ал Петропавл қаласының Сәтбаев көшесінде “Volswagen Passat” тілсіз жаудың “құрбаны” болды. Өрт жергілікті тұрғындардың көмегімен сөндірілді. Жалын көліктің мотор бөлігінің электр жүйесін жалмап үлгерді.
Тайынша қаласындағы жекеменшік гараж өртке оранып, ішіндегі “Mersedes-Benz” автокөлігі күл болды. Дәл осындай оқиға Петропавл қаласының Чайковский көшесінде қайталанды. Бұл жерде ішінде “Jeep Grand Cherokee” автокөлігі бар темір гараж күл болды. Әзірге өрттің шығу себептері анықталуда.
Ақпан айының 9-ы күні өрт байланысы пунктіне облыс орталығының Шәжімбаев, 130 мекенжайы бойынша орналасқан ғимараттың жертөлесінен көк түтіннің шығып жатқандығы туралы хабар түсті. 1986 жылы салынған екіқабатты ғимараттың бір бөлігі жекеменшік тұрғын үй болса, екінші бөлігінде “Ақ көгершін” балабақшасы орналасқан. Өрт су жылытатын құрылғы – бойлер орнатылған жертөледен шыққан.
Төтенше жағдай орнына Петропавл гарнизонының №1 өрт бөлімі қарауылының 1 арнайы техникасы мен жеке құрамның 6 мүшесі жіберілді. Құтқарушылар 24 шаршы метр аумақты шарпыған жалынды сағат 07.05-те ауыздықтады. Өрт салдарынан су мен жылу есептеу құрылғысына, шаруашылық жиһазына зиян келді.
Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталу үстінде.