Сочидегі қысқы Олимпиадада ел намысын қорғап жүрген спортшылар әзірге медальға қол жеткізе алған жоқ.
5000 метрге конькимен жүгіруден сынға түскен жерлес спортшымыз Дмитрий Бабенко 15-ші орынға табан тіреді. Осыдан төрт жыл бұрын Ванкувер Олимпиадасында да Дмитрий дәл осындай көрсеткішті қанағат тұтқан еді.
Ресейлік Александр Румянцевпен жұптасып жарысқан Дмитрий алғашқы айналымдарда қарсыласынан алда келе жатқан. Алайда, мәреге жақындар тұста жылдамдығын азайтып алды. 8-ші айналымда Румянцев біздің конькишіден 3 секундқа озып кетті. Нәтижесінде Бабенко 6.28.26 уақыт көрсеткішімен 15-ші орында қалды.
Ал тұғыр биігі түгелдей Голландия конькишілеріне бұйырды. Бұл қашықтықта әйгілі Свен Крамер чемпион атанды. Ол 5000 метрді 6:10.76 уақыт көрсеткішінде жүгіріп өтіп, Олимпиада рекордын жаңартты. Екінші және үшінші орындарға Крамердің отандастары – Ян Блокхейсен мен Йоррит Бергсма иелік етті.
Сочи Олимпиадасында ел намысын қорғап жүрген тағы бір солтүстікқазақстандық конькишi Роман Креч 500 метрлiк сайыстың алғашқы кезеңiнде тоғызыншы орын алды. “Адлер-Арена” стадионында өткен жарыста Роман 35,04 секунд көрсеткiшті бағындырды. Ол жарыстың жеңiмпазы голландиялық Ян Семеекенстен 0,45 секундқа қалып қойды. Ал екінші кезеңде Роман 35 секундта мәре сызығын кесiп, жалпы есепте 70,04 уақытымен 7-орынға табан тiредi.
Өзге қазақстандық спортшылардың нәтижесіне тоқталар болсақ, Олимпиаданың алғашқы күні скиатлонда шаңғышыларымыз Елена Коломина мен Анастасия Слонова бірдей нәтиже көрсетіп, (41 минут 52,2 секунд және 41 минут 52,8 секунд) 40 және 41-орынды иеленді. Ал Татьяна Осипова 44 минут 27,9 секунд уақытта жүріп өтіп, мәреге 57-інші болып жетті. Биатлон жарысы бойынша 10 шақырымдық спринтте 4 қазақстандық спортшы қатысты. Олардың ішінде Ян Савицкий 46-шы орын алды.
Шаңғымен орташа биіктіктегі тұғырдан секіруден біліктілік сайысына Марат Жапаров пен Алексей Пчелинцев қатысты. 46-шы және 49-шы орын алған спортшыларымыз келесі кезеңге өте алмады.
Фристайл-могулдан өткен жарыста үміт арттырған Дарья Рыбалова жарыс жолынан шығып қалып, екінші біліктілік сайысына өтпеді. Тағы бір спортшымыз Юлия Галышева екінші финалдық кезеңге жетіп тұрып, жетінші орыннан көрінді де, жүлдеге үміткерлік ететін алтылықтың қатарына кіре алмады.
Бірінші болып тау шаңғысы жарыстарынан Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин және Мартин Хубер шығып, үшеуінің ішінде ең жақсы нәтиже көрсеткен Закурдаев 33-ші орын алды. Мартин Хубер 42-ші болып келсе, соңынан ілескен Кошкин 43-ші болып жетті.
Шаңғы скиатлоны жарысында Алексей Полторанин, Евгений Величко, Сергей Черепанов және Марк Старостин бақтарын сынады. Полторанин 16-шы орын алып, алғашқы жиырмалыққа ілікті. Величко – 32-ші, Черепанов – 49-шы, Трентинодағы Универсиаданың күміс жүлдегері Старостин 56-шы болып келді. Әйелдер арасында өткен 7 және 5 шақырымдық биатлоннан спринттік сайыста жарыс жолына Қазақстаннан Галина Вишневская, Елена Хрусталева, Дарья Усанова және Марина Лебедева шықты. Жарыс нәтижесі бойынша Хрусталева 57-ші орын алса, Усанова 58-ші болып жетті. Вишневская мен Лебедева 64-ші және 73-ші орынға шықты.
Бүгінде Сочидегі қысқы Олимпиаданың медальдық есептің басында 4 алтын, 3 күміс, 4 қола жүлде алған Норвегия тұр. 4 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде ұтып алған Канада екінші сорында, үшінші орынға 3 алтын, 2 күміс, 3 қола иеленген Нидерланды жайғасты. Әзірше Қазақстан құрама командасында бірде-бір медаль жоқ.
(Өз тілшімізден.)