Аман ӘУЕСХАНОВ,
СҚО ТЖД-нің “Өрт сөндіру қызметі
және апаттан құтқару жұмыстары”
ММ-нің баспасөз хатшысы.
2014 жылдың 10 ақпан күні 11 сағат 9 минутта өрт сөндіру қызметінің кезекшісіне Петропавл қаласының Горький көшесіндегі 14-ші үйдің жанып жатқаны жөнінде телефон арқылы хабар келіп жетті.
№3 мамандандырылған өрт учаскесінің екі бөлімшесінің өртсөндірушілері оқиға орнына бірден аттанып кетті. Олар келіп жеткенде үйдің дәлізі мен шатыры от құшағында еді. Бір жақсысы – үйде адам болмай шықты. Алты және бір жарым жастағы екі сәбиді сол уақытта жұмыстан келген өгей әкелері алып шығып үлгеріпті.
Балалардың шешесі су әкелуге кеткенде үйде өрт шыққан екен. Өртті ауыздықтау үшін полицияның көмегімен есігін бұзып кіруге тура келген. Өйткені, балаларды құтқарған Дмитрий Майоровтың өзінің денесін күйік шалып, басқа мүліктерді оттан қорғауға шамасы келмеген.
Үйдің 12 шаршы метр дәлізі, төбесі, шатыры, мүліктер, жеке заттар жанып кеткен.
От екі сағаттай уақыттың ішінде толық ауыздықталды.