Кәсіпкерлік жолды таңдап, еңбек етіп жүрген Сергей Жуковтің іскерлікте өзіндік ұстанымы мен бағыты бар. Мәскеудің М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетін тамамдаған ол 21 жылдан бері М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің жас экономистеріне тәлім беріп келеді. Ол – экономика ғылымының кандидаты, бүгінгі кәсіпкерлікке сын көзбен қарап, оның даму үдерісіне ой айта алатын жан. Сондықтан біз оны кәсіпкерлік және оның жолындағы қиындықтарды жеңу мүмкіндіктері туралы әңгімеге тартқан едік.
– Сергей Иванович, қандай іс болсын үлкен еңбек пен төзімділіктің арқасында нәтиже береді. Сіз де табыскер кәсіпкерлердің қатарынан көрінгенше біраз қиындықты бастан өткерген боларсыз?
– Менің жеке кәсіпкерлікпен айналысқаныма биыл сегізінші жыл. Табыстылық – үлкен еңбектің нәтижесі. Бірақ бүгіннің өзінде мен діттеген мақсатымның жартысына да жеткен жоқпын. Бүгінгі заман нарығы кәсіпкерліктен жаңашылдықты, жігерлілікті талап етеді. Қиындықсыз өмір сүру мүмкін емес. “Шешінген судан тайынбас” дегендей, бастаған ісіңді әрі қарай жалғастыру, оның асуын бағындыру – өз мақсатына белін бекем буған адамның әрекеті. Тіпті, алдын ала құрған жоспарлы жұмысыңның оң нәтижесі байқалмай жатса, жеңілуге асықпа. Мәселен, мен үшін кезекті қиындық 2007 жылы өндірісті іске қосқан кезде-ақ туындады. Бастапқыда цех Петропавл қаласының Ойқала шағынауданында тұрғын үйлердің маңында болған еді. Әрине, ондағы станоктардың гүрілі, өндіріс бөлетін қалдықтар мен иіс қоршаған ортаға, адамдардың көңіл күйіне әсер ете бастады. Жағдайды жан-жақты сараптай келе тұрғындармен салғыласпай, екі-үш айдың ішінде өндірісті тоқтатып, басқа амалын істеудің жолын іздедім. Өз басым кәсіпкерлікке шынайы ден қойған соң бірінші ғимаратымызды сатып алып, оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген болатынмын. Бұл, әлбетте, қалтаны біраз қағып тастағанды. Соған қарамастан адамзатқа зиянымыз тимейтін жолды қарастырдық. Қаланың сыртқы өнеркәсіптік аймақтан өндіріске ыңғайлы орын табыла кетті. Ал жерді ғимаратымен бірге сатып алуға қаржы тапшылық етті. Сондықтан екінші деңгейдегі банк арқылы несие алудың қажеттігі туды. Бұл нысанды жалға алса да болар еді, бірақ мен сатып алынған ғимаратта жұмыс істеуді жөн көрдім. Өйткені бұл кәсіпкерлік – үлкен өндіріс орны. Ондағы құрал-жабдықтардың біреуінің өзі тоннаға жақын. Сондай-ақ оларды бұзып, қайта құру да – үлкен машақат. Ал жалға алынған ғимараттың иесі ертеңгі күні қандай шешім қабылдары белгісіз. Міне, содан бері үлкен несие төлеп келемін. Бұл да бір қиындық. Кезең-кезеңімен қаншама қиындық артта қалып жатыр. Мен өз тәжірибемнен әр қиындықтың орынды шешімі табылатынын білемін.
– Дегенмен, үлкен қаржыны талап ететін өндірістің құрал-жабдықтарын жаңғыртып отыруды да ұмытпаған сияқтысыз. Жалпы осы жеті жыл ішіндегі тауар айналымының өсу деңгейі қандай?
– Түскен табысқа бірнеше станок алдым. Бүгінгі нарық талабы қаржылай мүмкіндігіңе қарамайды. Бәсекеге қабілетті болу үшін тауарды сапалы етіп, сұранысты қанағаттандырудың амалдарын жасап, қашанда ізденіс үстінде жүру – табыстылықтың белгісі. Құрал-жабдықтардың қатары толыққан сайын цехтың іші кеңейіп, шығарылатын өнімдердің түрлері көбейе түсуде. Бірінші жылы біз полиэтилен орамаларын шығарсақ, бүгінгі негізгі өндіретін бұйымдарымыз – полиэтилен сөмкелер мен пластмассадан жасалған еденге төсеніштер. Енді, міне, жақын арада сұйық зат құятын пластмасса құтылар шығарайық деп отырмыз. Жеті жылдың ішіндегі еңбек нәтижеміз жаман емес деп ойлаймын. Бірінші жылы жылдық өнімділік 3-4 тонна ғана болса, қазіргі таңда 20 тоннаға жетті. Оның өзінде бұл көрсеткішке осыдан екі жыл бұрын қол жеткізген едік, алайда бүгінгі таңда одан асырудың реті жоқ.
– Мұны Сіз өнімділікті арттырудың белгілі бір қиындықтарға тірелгендігімен түсіндіретін боларсыз?
– Иә, солай. Елімізде шағын кәсіпкерліктен бастап ірі кәсіпорындардың өнімділігіне ықпалын тигізіп отырған бірінші себеп – жаһандық экономикалық дағдарыс. 2008 жылы басталған дағдарыстың ызғары бүгінде анық сезіліп тұр. Өнімділіктің өспеуі тауардың сапасының төмендеуінен немесе көтерме сауда тұтынушыларының қатары азайғандығынан емес. Керісінше, тәжірибе өскен сайын сапалы жұмыс істеуді үйренудеміз, сондай-ақ нарықтағы беделіміз артқан сайын тұтынушыларымыз көбеюде. Бүгінгі нарықтың қатал қыспағы жергілікті тауар өндіруші кәсіпкерлерді сүзгіден өткізіп, сұрыптап жатыр. Өздеріңіз байқап жүргендей, кейбір кәсіпорындар жабылып, қайсыбірі қиын жағдайдан бастарын көтере алмай отыр. Бұл көріністі бізге қатысты тұсымен тарқатсақ, былтырға дейін облыс орталығында лимонад сусынын жасайтын үш цех болатын. Біз олардан полиэтилен орамаларына тапсырыс алатынбыз. Оның екеуі жабылды, соңғысы да жабылмақ. Бұл – біз үшін көтерме саудагерлерімізді жоғалту деген сөз. Өндірісіміз орналасқан аумақтағы көптеген кәсіпорындардың сыртында “сатамын” деген тақтайшалар іліне бастады. Міне, осындай кезде кәсіпкерлікке мемлекеттің қолдау көрсету керектігі сөзсіз. Ешқандай мемлекет тек ірі кәсіпорындармен экономикасын дамыта алмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнеске жол ашып отырғандығы бекер емес. Бұл – стратегиялық саясат.
– Сіз басшылық жасап отырған кәсіпкерлікке мемлекет қандай көмек көрсетті және тағы қандай қолдау болса дер едіңіз?
– Мемлекет тарапынан демеуқаржылық көмек көрдік. Жоғарыда сөз болған несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 5 пайызын өтеуді мемлекет өз мойнына алды. Бұл – жақсы қолдау. Алайда, менің ойымша, шағын кәсіпкерлікке бұдан да ауқымды көмек қажет. Тіпті, осы банктің жылдың сыйақы мөлшерлемесін толығымен жапса да, артықтық етпейді. Қолдаудың арқасында жұмысын дөңгелете алған кәсіпкер оны кейін қайтара алады. Біз қолымызды жайып, сұраншақтық жасап жүрген жоқпыз. Бүгінгі ауыр уақыттан өтіп, еңсемізді тіктей алсақ, одан елдің де, жұрттың да, кәсіпкердің де ұтары сөзсіз. Шағын кәсіпкерлік бүгінде нарық қыспағынан босай алмай, тек ағынның соңынан ілесуге ғана қауқарлы. Табысымыз көп емес. Ал шығарып отырған өніміміз күнделікті тұрмысқа қажет. Өйткені біздің қоғамда тұрмысы орташа адамдар көп. Егер осыдан бес жыл бұрын менен: “Саған ең басты қандай көмек керек?” деп сұраса, “Кәсіпкерлікті тексеру шаралары шектелсін, жұмыс істеуге мұрша берсін!” дер едім. Ал қазір басқа да қосымша көмек қажет деп өтінуге тура келеді.
– Сіздің бұл сөзіңізден шағын және орта кәсіпкерлікке тексеріс азайды дегенді ұғамыз ба?
– Біршама азайды. Бұрынғыдай емес. Бірақ әлі де атқарушы органдар мезгілсіз тексерумен басымызды қатыруда. Әрине, біз де пендеміз. Тәртіпті, заңды қанша сақтайық десек те, оларды 100 пайыз орындау мүмкін емес. Сондай-ақ сынықты сылтау етіп келгендер кез келген істен кемшілік таппай кетпейді. Одан, әрине, алтын уақытың зая кетіп, жүйкең тозады, қалтаң қағылады.
– Жоғарыда Сіз өндірістегі негізгі тауар – полиэтилен сөмкелер дедіңіз. Бұл бұйымның бәсекеге қабілеттігі қандай?
– Өнімділік екі-үш жылдан бірқалыпты екендігін айттым. Полиэтилен орамаларын шығарудың болашағын көріп отырған жоқпыз. Есесіне біз сөмкелермен ұтатындай жоспар және іс-қимыл жасап алдық. Бұл сөмкелерді жасаудың екі бағыты бар: біріншісі – көтерме сауда кәсіпкерлерімен жұмыс істеу. Бізде жасалатын сөмкелерге жұрттың көзі үйренген, халық танитын пішін мен сапа қолданылады. Ал екінші бағыт бойынша – тапсырыспен жасалатын өнімдер өндіреміз. Кейбір компаниялар өз өнімдерін жарнамалау үшін бізге арнайы сөмкелер шығартады. Сондай-ақ өнім өндіретін кәсіпорындар мен сауда жасайтын кәсіпкерлерге арзан қапшық-сөмкелер шығарамыз. Ең үлкен тапсырыс Алматының “Арлан” компаниясынан түседі. Олардың тапсырысы бірнеше миллион данаға дейін барады. Бүгінде біздің нарықта сатылатын бұл тауардың 80 пайызы – қытайлықтардікі, 10-15 пайызы – ресейліктердікі, қалғаны – біздікі. Нарықты ақырындап өзімізге қарай бұра бастағандаймыз. Ол үшін тауар түрлерін көбейтіп, сапаны жоғарылатып, бағаны түсіру саясатын ұстанып отырмыз. Тауарларымыз Көкшетауда жақсы сатылады. Олар біздің бағытымызды ұққан сыңайлы. Әрине, Қытайдан тауар тасу жеңіл, әрі ол – бизнестің жолын жаулап алған ел, олармен иық тірестіру оңайға түспейді. Бірақ біз де беріспейміз. Ал жергілікті кәсіпкерлер арасында бәсекелестік қорқыныш тудырмайды. Өңірімізде полиэтилен өнімдерімен айналысатын төрт кәсіпкер бар. Әзірге олармен бағытымыздың да, сататын ортамыздың да жолдары тоғыспайды.
– Жаңа бизнес көзі, яғни пластмасса құтылар жасауды қолға алу өндірісті нығайтудың бір жолы деп түсінеміз бе?
– Солай деп айтсақ болады. Пластикалық бөтелкелерді шығаруды қолға алып, өндірістің қуаттылығын арттырмақ ойымыз бар. Бұл – біздің өңірімізде тың жоба. Бұл жобаны жергілікті билік те қолдап, оң көріп отыр. Бөтелкелер жасайтын преформаларды өндіретін кәсіпорындардың біздің өңірге жақыны Астана қаласында орналасқан. Мен бөтелке преформасын жасайтын құрылғыны осыдан жарты жыл бұрын сатып алып, бүгінде оны тәжірибеден өткізіп көрдік, енді жақында өндірісті іске қоспақпыз. Жаз айларында сыра, квас, басқа сусындар сатылатын мерзім басталады, сонда бұл ыдыстар үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Ал бізде преформадан ыдыс үрлеп шығаратын аппарат көп кәсіпкерде бар. Өзіміз де бөтелке үрлеу ісімен айналысып, ассортимент үшін айына 100 мыңдай бөтелке шығаратын мүмкіндігіміз болады деп ойлаймыз. Негізінен, осы жартылай шикізатты сатумен айналыспақпыз. Оған Көкшетау, Қостанай облыстарынан сұраныс түсіп жатыр. Бірінші кезекте өз өңіріміздің кәсіпкерлерін қамтамасыз етпекпіз. Бастапқы бір айда 1 миллион дана преформа шығарсақ, кейінгісін сосын көре жатармыз.
– Өндірістегі басты мәселе – шикізат. Бұл мәселені шешу қиындық тудыра ма? Кәсібіңіздің қайта өңдеу бағытындағы мүмкіндігі қандай?
– Сөмкелер жасаудың өз қиындығы бар. Ол үшін шығарылатын өнімнің үлгісін жоспарлап, оны тапсырыс берушімен бірге мақұлдау қажет. Ол үлгіні Қытайға жіберіп, олардың бізге қалып жасап беруін күтеміз. Бояуды ресейліктерден аламыз. Осылайша сөмкенің бір үлгісін жасау үшін бірнеше жұмыс атқарылады. Еліміз Кеден одағына енгеннен бері Ресейден бізге бояу, шикізат әкелу оңайлады. Осыдан он жыл бұрын полиэтилен өнімдеріне қажет шикізат шығаратын зауытты мұнайлы Атырауда салады деген сөз қозғалған еді, бірақ әлі жүзеге аспай келеді. Ал Ресейде ондай 7-8 зауыт бар. Шикізатты Қазан, Томск зауыттарынан үлкен партиямен алдыратын астаналық әріптестеріміздің көмегімен жеңіл-желпі көлемде сатып аламыз. Бөтелке шығаратын шикізаттың құрамы таза болу керек, онымен Украина кәсіпкерлері қамтамасыз етеді. Ал еден төсеніштеріне қайта өңделген пластмассалар жарай береді. Бірақ сол қайта өңдеуге болатын шикізатты жинап алу қиынға түсіп отыр. Астана, Көкшетаудан тасылады, ал жергілікті жерде оны жинап беретіндер жоқтың қасы. Жалпы осыны біреу кәсіп етіп жинаса, мен оны одан тұрақты сатып алып тұрар едім. Өйткені ол маған шетелдерден алынған шикізатқа қарағанда арзанға түседі.
– Бүгінгі бизнесте тағы қандай қиындық бар?
– Бүгінде қаржы институттарымен жұмыс істеу күрделеніп кетті. Бұрындары жылдық сыйақы мөлшерлемесі шарықтап тұрса да, несие қолжетімді болатын. Бүгінде олардың талаптары қатайып, құжаттары көбейіп, сенімсіздік таныту ниеттері артқан сыңайлы. Несие құжаттау үшін қаншама алтын уақытыңды алдырып, жүйкеңді тоздырып қана қол жеткізесің. Кәсіпкерлік жолында қиындық кездесе береді, бірақ іскер адам оған ешқашан мойымауы керек. Адал термен табыс табу қашанда қиын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.