«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚОЛДАНАТЫН ӘКІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанда әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданатын басшылар саусақпен санарлық. Осы орайда белсенді твитші, өз жұмысында әлеуметтік желілерді жиі қолданатын басшылардың қатарына Талдықорған қаласының тізгінін ұстағанына бір жылдан енді асқан Ермек Алпысовты жатқызуға болады. Жуырда әлеуметтік желілерді өзіне серік ете білген қала әкімімен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Ермек Амантайұлы, туған жеріңіз Солтүстік Қазақстан облысы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Әңгімемізді жер жаннаты – Жетісудағы Талдықорған қаласына қалай әкім болып келгеніңізден бастасаңыз.

– Иә, дұрыс айтасыз. Туған жерім – Қызылжар өңіріндегі Шал ақын ауданы. Сегізінші сыныпқа дейін солтүстік өңірде ата-анаммен бірге тұрып, содан кейін Алматы қаласына көшіп барғанда атам менің тәрбиемді өз қолына алған болатын. Есейе келе оңтүстік астанамызда жоғары білім алып, еңбек жолымды бастадым. Ал Талдықорған қаласына қалай әкім болдыңыз деген сұрағыңызға оралсақ, өздеріңізге белгілі, 2001 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауыстырылды. Сол кездері мен Алматы облысының Экология басқармасында қызмет атқарған едім. Уақыт өте атқарушы билікке араласып, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары, кейін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары қызметін 4 жыл атқардым. Қаланың талапқа сай болуы үшін барымызды салдық. Сол кездегі қала әкімі, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Сәкен Жылқайдаров сынды тәжірибелі басшыдан өнеге алдым. Сондай-ақ қазіргі Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевпен де әріптес болып, ол кісінің басшылығымен айтарлықтай іс атқарып, елдің алғысын алдық. Алдыңғы буын ағаларымыздан тәлім алып, тәжірибие жинақтағанымыздан болар, облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың өкімімен 2012 жылдың 25 қаңтарында Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалдым.

– “Twitter”-мен қалай таныстыңыз және неліктен оны қолдана бастадыңыз?

– “Twitter”-ді қолдануымда ешбір сыр жоқ. Алғашында қызығушылық болды. Кейін келе оның кейбір пайдасын көре бастадық. Қазіргідей ақпарат ағымында кейде тың жаңалықтарды телеарналар мен газет-журналдардан бұрын осы әлеуметтік желілерден хабардар болатынымыз жасырын емес. Сонымен бірге әлеуметтік желі халықпен қарым-қатынас орнатып, ел тамырын басып, танысу үшін таптырмас құралдардың бірі деп есептеймін. 

– “Вконтакте” әлеуметтік желісінде де аккаунтыңыз бар. Тағы қандай әлеуметтік желілерді қолданасыз?

– Бүгінгі таңда менің “Twitter”-ден басқа “Вконтакте”, “Instagram”, “Mobli” және “Facebook” сынды әлеуметтік желілерде аккаунтым бар. Әлеуметтік желілерді негізінен жергілікті атқарушы органдардың бастамаларымен танысып, қолға алынған игі істерді көпшілікке жеткізу үшін қолданамын. Ал, “Mobli”-ді белгілі қазақстандық кәсіпкер, венчурлік инвестор Кеңес Рақышевтің қолға алған ісі екендігін білгеннен кейін пайдалана бастадым. Бір жағынан, бұл қазақстандық жобаға қолдау болса, екінші жағынан, жазғаныңның бір емес, бірнеше әлеуметтік желіге тарайтындығы ыңғайлы.

– Сіздің орныңызға “Twitter”-ші хатшыларыңыз жазатын болар?

– Шынын айту керек, әлеуметтік желілерде менің атымдағы барлық аккаунттарды өзім жүргіземін.

– “Twitter” немесе басқа да әлеуметтік желілерден Сізге ұсыныс, өтініштер жиі түсе ме және қайсысы көбірек?

– Жоғарыда аталған барлық әлеуметтік желілерден маған күнделікті 40-тан астам хат-хабар келеді. Барлық сауалдарға жауап беруге тырысамын, алайда кейбір сұрақтар тексеруді талап етеді. Сондықтан мәселенің аныққанығын білу үшін өз орынбасарларыма тапсырма беремін. Талдықорғандық ғаламтор қолданушылары “Вконтакте” әлеуметтік желісін кеңінен қолданады. Сол себепті бірінші кезекте осы желіден ұсыныстар көптеп келеді. 

– Виртуалдағы әкім мен өмірдегі әкімнің қандай айырмашылығы бар?

– Еш айырмашылығы жоқ. Себебі, мен өмірде қандаймын, әлеуметтік желілерде де сол қалпымда қала беремін.

– Әлеуметтік желіде жазбаларыңызға қарсы пікір айтқандар бар ма?

– Әлеуметтік желі пайдаланушылары мен парақша әкімшілерінің этикалық нормаларды сақтағаны жөн болады деп ойлаймын. Кейбір парақшаларда жастар балағат сөздерді қолданады. Бұл дұрыс емес. Әр азамат қоғамның дамуы үшін қызмет атқаруы керек. Мен “Вконтакте” әлеуметтік желісінде бірнеше рет жастарға мәдениетті сақтау керектігі жөнінде жазған болатынмын. Бұл ойым көпшілікке ұнады және пікірімді жерге тастамады.

– Халықтың немесе басшылардың алдында отырып, суретке түсіріп, құрылғыңызбен пікір жазып жатқанда бұл әрекетіңізді айналаңыздағылар қалай қабылдайды?

– Түрлі іс-шараларға қатысу барысында мен ұялы телефоныма сурет түсіргеніммен, оны тек шара аяқталысымен ғана әлеуметтік желіге орналастырамын. Жалпы жиын барысында әдептілік сақтап, өзге азаматтарға кедергі келтірмеуге тырысамын. Сондықтан суретке тек қана ыңғайы келгенде ғана түсіремін.

– “Twitter”-де белсенді қандай әкімді білесіз?

– “Twitter” емес, “Facebook” әлеуметтік желісінде Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының аккаунты бар. Біз өзара пікір алмасып, хабарласып тұрамыз.

– Жеке сайтыңызды ашып, блоггер болғыңыз келе ме?

– Жеке блог ашып, оны жүргізу оқырмандар алдында белгілі жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан оған көп уақытымды жұмсауға тура келер еді. Өкінішке қарай, менің жұмыс кестем тығыз, уақыт тапшы. Сол себепті тек әлеуметтік желілерді қолданушы ретінде қала бермекпін.

– Қандай сайттарға жиі кіріп тұрасыз?

– Ғаламторда көбіне ақпараттық сайттарды шарлап, жаңалықтар легімен жүйелі түрде танысып отыруға тырысамын.

– Ресми тұлға ретінде жастарға қандай әлеуметтік желілерді және қалай қолдануға кеңес берер едіңіз?

– Мен жастарға шама келсе, бос уақытын әлеуметтік желілерде емес, спорт залында өткізуге кеңес берер едім. Ал қазіргі қолданушыларға бейәдеп жазбалардан бойын аулақ ұстауына кеңес беремін. Бастысы, әлеуметтік желіні пайдаланудың салдарымен негізгі жұмысына кедергі келтіріп, бар уақытын оған жұмсамаса болды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

журналист.

СУРЕТТЕ: Талдықорған қаласының әкімі Е. Алпысов.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp