Редакцияға келген 80 жастағы қарт ана ентіккен бойда жегідей жеген іштегі шерінің тиегін ағытты. 40-тан асқан жалғыз ұлының үш жарым жылға темір торға қамалғаны әділ үкім болмағанын, есірткіге тәуелді ұлының өзінсіз өмір сүре алмайтынын, бұл жалғанда ұлын енді көріп үлгермейтінін айтып жатқан қарияның жас тамшыларына тұншыққан үздік-үздік сөздерін бірден ұғып алу қиынға соқты. Істің мән-жайын ұлының Елбасыға жолдаған хаты мен сот үкімінен түсінгендей болдық.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Осыдан бірнеше ай бұрын ұрлық жасағаны үшін темір тордың арғы жағына тоғытылған Евгений Каратаев өзінің соңғы үмітін арқалай отырып, Елбасыға хат жазыпты. Себебі, жасаған қылмысын мойнына алған, өзге қылмысқа қатысы жоқ екенін дәлелдемек болған Евгенийдің іс-әрекеті оң нәтиже бермеген. Қалалық соттың үкімі бойынша Қылмыстық кодекстің 175-бабы бойынша үш жарым жылға сотталған жігіт аппеляциялық сотта да жеңіліс тапты. Облыстық соттың судьясы алдыңғы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Соттың үкімінің мазмұны төмендегідей. Е.Каратаев өткен жылдың 1 тамызында Халтурин көшесі, 52-үйдің ауласындағы “Мазда” көлігінің есігін бұзып ашып, 50 мың теңгенің заттарын – 2 автонавигатор мен автомагнитолланы алып кетеді. Кейін тергеу барысында шығынды өтейді. Келесі күні ол Халтурин көшесіндегі 14-ші үйдің иелері жоқ екенін біліп, үй есігін бұзып ашып, компьютерлік техникаларды, алтын бұйымдар мен ақшаны қолды қылған. Шығынның жалпы көлемі 360 мың теңгені құрапты.
Алайда, Евгений сот үкімімен келіспейтінін, өйткені өзіне тағылған айыпты толық мойындамайтынын айтады. Көлікті тонағанын ғана растаған айыпталушы өз әрекетін былайша түсіндіреді: есірткі қабылдайтын азамат тым болмаса тергеу амалдары кезінде есірткіге тәуелділіктен уақытша арылу үшін қылмысқа барыптымыс. Қолды болған заттарды құрбысының үйіне әкелген соң бірден жедел уәкілге хабарласып, болған жайды баяндаған. Содан кейін ұрлаған бұйымдарды қалалық полиция бөліміне әкелген.
Ал Халтурин көшесіндегі 14-ші үйде болған ұрлықты мойындамайды. Оның айтуынша, 3 тамыз күні оны жедел уәкіл полиция бөлімшесіне шақыртып, көлікті тонау фактісі бойынша істі жапа шеккен тараппен келісімге келу арқылы жабуға болатынын айтқан. Алайда, Е. Каратаевті уақытша қамау оқшаулағышына жабу үшін бұл істегі эпизодтардың аздық ететінін жеткізген. Сол себепті полицей оған тағы бір ұрлықты мойнына алған жағдайда істі тараптардың келісімі бойынша жабуға уәде береді. Өз келісімін берген Е. Каратаев басқа қылмыстық іс бойынша ұрланған заттарды алып кетіп бара жатқан кезінде полиция оның артынан жүріп отырып, тұтқынға алған.
Ал полиция қызметкерлерінің болған жағдайға қатысты нұсқасы басқаша. Олар Евгенийдің алғашқы күні өз еркімен келіп, қылмысты мойнына алғанын растайды. Алайда, келесі күні патрульді-күзет қызметі қызметкерлері Каратаевті екінші қылмыстық істің айғақ заттарымен тірек пунктіне әкелінген. Ол кейбір заттарды сатып үлгерген. Жарты жылға созылған сот отырыстары кезінде Каратаевтен айғақ заттарды сатып алғандар, онымен араласқан таныстары және басқа да куәгерлер сөз алып, айыпталушының қолы таза еместігін айғақтады.
Қалалық сот Евгений Каратаевтің осы уақытқа дейін екі рет істі болғанын ескере отыра, Қылмыстық кодекстің 175-бабы, 2-бөлімі бойынша барлық мүліктерін тәркілеу арқылы үш жарым жылға бас бостандығынан айыру, жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеу туралы үкім шығарды. Облыстық сот судьясы да айыпталушының арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Сотталушы сот үкімімен келіспеген жағдайда жарты жыл ішінде соттың кассациялық сатысына арыз беру құқығына ие.
“Суға кетіп бара жатып, тал қармаған” Евгений тергеу оқшаулағышында жатып, Елбасыға хат жазып, оны шешесі арқылы поштамен жібереді. Хаттың мәтіні төмендегідей:
“Құрметті Президент мырза! Турашылдығым үшін кешіруіңізді өтінемін. Сол үшін де заңсыз жазаға кесіліп отырмын. Мен есірткіге тәуелді жанмын. Заңды бұзғандығымды мойындаймын және өзім жасаған істерім үшін жазамды тартуға дайынмын. Тек басқа біреудің жазасын мойныма алуға келіспеймін. Егер құқығым қорғалмайтын болса, мен Ресей Федерациясынан көмек сұрауға немесе өзіме- өзім қол жұмсауға мәжбүрмін. Себебі, мәнсіз өмірімде үміт сәулесі пайда болған сәтте адам қатарына қосылу, есірткіге тәуелділіктен арылу туралы арман-мақсаттарымның бір-ақ сәтте күлпаршасы шықпақ. Бұралқы иттердей шұңқырда жатып, есірткіге тәуелділіктен күн сайын өліп-тірілгенді, түрмеде отырып шыққан соң адамдарға залалымды тиігізіп, қайтадан ұзақ мерзімге отырып, өмірімді қор қылғанымды қаламаймын. Жасаған қылмысымды мойындап, материалдық шығынды толық өтедім. Енді тараптардың ортақ шешімге келуімен тиісті жазамды алсам деймін…” деп жазылған сотталушының хатында.
Жұмыс істемейтін, есірткіге тәуелді әрі бірнеше рет істі болған Евгенийдің сөзіне анасы ғана сенеді. Кім бауыр еті баласын жамандыққа қисын?! Қолдары қалшылдаған қария сөмкесінен ауруханада берілген денсаулығы жайында анықтама қағаздарын шығарып: “Менің көп өмір сүрмесім анық. Инсульт, қант диабеті сияқты басқа да ауру түрлері онсыз да алқымымнан алып барады. Балам түрмеге отырса, оның күні не болады, менің жайым не болмақ? Баламның жайын тым болмаса басылым бетіне берсеңіздер деймін… ”, – деді кемсеңдеп…
Коллажды жасаған Талғат ТӘНІБАЕВ.