Өңір басшысы Самат Ескендіров аудандар мен Петропавл қаласы әкімдерінің қатысуымен селекторлық режімде кеңес өткізді. Онда ұлттық валютаның жаңа бағамына орай өңір аумағында орналасқан дүкендер мен сауда орталықтарындағы, жанар-жағармай станцияларындағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесі талқыланды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Доллар бағамының шарықтауы тұрғындардың жағдайына теріс әсерін тигізбеуі үшін өңір бойынша тиісті шара қолданылуда. Бұл ең алдымен күнделікті қажетті тауарлардың бағасына айрықша қатысты. Облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Хасеновтің мәлім еткеніндей, қазір облыс бойынша жағдай тұрақты. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында әлеуметтік маңызды тауарлардың 33 түрі бойынша мониторинг жүргізілуде. Облыс орталығындағы барлық сауда үйлерімен және базарлармен меморандум жасалған. ҚР Ұлттық Банкінің облыстық филиалы айырбас пункттеріндегі жағдайды бақылауға алған.
Облыс әкімі Самат Ескендіров тұрғындар арасында дүрбелеңге және күнделікті қажетті тауарлардың бағасы өсуіне жол бермеу үшін қажетті шара қолдану қажеттігін баса айтты. “Бұл өзгеріс тек валюталық бағамға түзету жасауға қатысты. Соның нәтижесінде экспортқа өнім шығаратын отандық тауарөндірушілердің жағдайы жақсарады, жергілікті өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі артады”, – деді Самат Сапарбекұлы. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы өзгеруінен туындаған жағдайды бақылау үшін барлық аудандарда жедел жұмыс топтары құрылуы тиіс. Олар сауда орындарының, жанар-жағармай станцияларының жұмыстарын ерекше бақылауға алуы керек. Өңір басшысының өзі де бұрнағы күні облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарын аралап, олардағы бағаның тұрақты екеніне көз жеткізген. Алайда, кейбір тауар жеткізушілер “Семейный” гипермаркеті мен “Северный” сауда үйінің әкімшілеріне ұн мен еттің көтерме бағасының 20 пайызға қымбаттайтынын хабарлаған. Өңір басшысы осы мәселеге орай алыпсатарлардың құрығына түспеу қажеттігін ескертті.
Кеңес барысында барлық аудандардың әкімдері байланысқа шығып, азық-түлік және әлеуметтік маңызды тауарлардың, жанар-жағармайдың бағасының бұрынғы қалпында екенін мәлімдеді. Бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында аудандар басшылары дүкендер мен сауда орындарын аралап, шұғыл түрде азық-түлік бағасын тұрақтандыру штабының отырысын өткізген. Аудандар бойынша доллардың теңгеге шаққандағы бағамы да тұрақты: сатып алу – 185, сату – 187 теңге мөлшерінде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес баға өсімін болдырмауға аудан әкімдері мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру штабының басшылары мен мүшелері жауапты. Сондай-ақ басқармалар басшыларына облыс орталығындағы сауда орындары мен базарлардағы бағаны қадағалау жөнінде тапсырма берілді.
Кеңес соңында Самат Ескендіров азық-түлік бағасын тұрақтандыру штабының жанынан құрылатын жедел топтарды бағаны тежеу бойынша жүйелі мониторинг жүргізуге міндеттеді. Бағаны жөнсіз шарықтату фактілері орын алған жағдайда облыс тұрғындарының шағымдарын қабылдайтын сенім телефондары да жұмыс істейтін болады. Өз еліміз бен өңірімізде өндірілетін, АҚШ долларына еш қатысы жоқ өнімдердің бағасын қымбаттатуға еш негіз жоқ, деп мәлімдеді облыс әкімі.