“Жанашырлыққа жан риза” деген асыл сөз бар қазақта. Шындығында да, денсаулығы сыр берген балаларды қамқорына алып, жан жылуымен бөлісіп, олардың ауыртпалығын ата-аналарымен бірге бөлісіп жүрген азаматтарды көргенде бір қуанып қаласың. Мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, игі шараларды ұйымдастырып жүрген осындай адамдардың бірі – Галина Бондаренко. Ол – “Улыбка” қайырымдылық қорының төрайымы. Сауабы мол істің басы-қасында жүрген жомарт жүректі жанмен кездесіп, жұмыстары жайында сөйлесудің сәті түсті.
– Галина Анатольевна, қайырымдылық қорының құрылғанына қанша уақыт болды? Осындай игі шараны қолға алғаныңыздың мақсаты қандай?
– 2013 жылдың мамыр айынан бастап тиісті құжаттарды заңдастырып, жоспар бойынша жұмыс істеп келеміз. Көздеген мақсатымыз – асырауында мүгедек баласы бар аналарға қолдан келгенше көмектесу. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты және көпбалалы аналарға да қамқорлық көрсету.
– Осы күнге дейін шарапатыңыз тиген балалардың саны да аз емес шығар?
– Айтарлықтай аз уақыт өткенімен, қолымыздан келгенше бірқатар істер тындырдық. Нақтырақ айтар болсақ, ұйымдастырылған іс-шаралардан сырқат балаларды емдеу немесе ота жасау үшін қыруар қаржы жиналды. Мәселен, сегіз айлық Диана Нажмутдиноваға – 40 мың, Марат Сыздыковқа – 86 мың, Гриша Гречкинге – 90 мың, Вячеслав Шевелевке – 260 мың, Кирилл Сухомлиновке 650 мың теңге қаржы жиналды. Бұл, әрине, барлық тізім емес. Тиісті қаржыға ата-аналар балаларын Астана, Бішкек, Түмен, тіпті, Қытайға апарып, ем-дом, ота жасатады. Қор кеңесі сырқат балалар тиісті ауруханаға барған кезде ғана қаражатты сол клиниканың есепшотына аудару туралы шешім қабылдады.
– Қаржылай көмек керек болмаса да, өтініш айтып келетіндер бола ма?
– Иә, баласының денсаулығын сылтау етіп, толық анықталмаған диагнозды алға тартып, ақша жинап алғысы келетіндер де бірен-саран кездесіп қалады. Бірақ біз ондайға жол бермейміз. Алдын алу үшін аурухана, емханалармен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Барлық қажетті ақпаратты алып, нақты сондай емге, соншама қаражат керек екеніне толықтай көз жеткізіп аламыз. Содан кейін ғана басты жұмысымызды бастаймыз.
– Қазір қандай бағытта жұмыс жоспарлануда?
– Біз өткен жылы отыздан астам қайырымдылық шарасын өткіздік. Биыл да біразын жоспарға енгізіп қойдық. Себебі, мұқтаж балалар саны күн санап көбейіп келеді. Мәселен, тоғыз жастағы Дильназ Қайыржановаға “Азбука”, “Математика” кітаптары керек екен. Ол төрт жасында көз жанарынан айрылған. Камила Сокованы Бішкекке апарып, білікті мамандарға көрсетіп, емдету үшін 105 мың теңге қажет екен. Тағы бір ана Қорған қаласына баласын апарып, ота жасату үшін көмек сұрап келді. Ортопедиялық аяқкиімге қол жеткізе алмай жүрген ата-аналар да бар. Оларға да бір көмегіміз тиер деген үміттеміз. Бүгінгі таңда ата-аналар тиісті құжаттарын дайындап жатыр. Биыл ақпан-наурыз айларында Санкт-Петербург қаласынан құлақ құрылғысын реттейтін маман шақыртуды жоспарлап отырмыз. Ондай балалардың саны облыс бойынша 23 екен. Бұрын ата-аналар балаларын Ресейге апаратын. Енді ешқайда барудың қажеті жоқ.
– Аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға қандай көмек көрсетесіздер?
– Біз “Аялы алақан”, “Сыйлық сыйла” атты акция ұйымдастырамыз. Одан түскен киім-кешек, ойыншықтарды Сіз айтып өткен отбасыларға үлестіреміз. Іс-шара әрбір айдың соңғы бейсенбісінде өткізіліп тұрады. Жалпы бүгінге дейін оған 326 аз қамтылған отбасы қатысты. 1200 бүлдіршінге ойыншық таратылды. 800-ге жуық оқушы мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Біз Соколовкадағы мектеп-интернат, Есіл ауданындағы мүгедектер қоғамына да көмек көрсетіп тұрамыз. Сондай-ақ Балалар үйіндегі сәбилер, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері де назардан тыс қалмайды.
– Жұмыс барысында қиындық та кездесіп тұратын шығар?
– Біреулер түсінеді, көмек сұрап барсақ, көмектеседі. Жағдайы бола тұра мұндай жұмыстарға араласқысы келмейтіндер де бар. Бірақ ешкімге де өкпеміз жоқ. Осындай жауапты істі бастаған соң жемісті еңбек ету үшін аянып қалмаймыз. Қуаныштысы – бейжай қалмайтын азаматтар өте көп. Соған қарағанда бастамамыз сәтті болар деп ойлаймыз. Қазір біз М. Әуезов көшесі, 170 мекенжайы бойынша екіқабатты ғимараттың бір бөлігін жалға алып отырмыз. Айына 30 мың теңге төлейміз. Тиісті орындар көңіл бөліп, осы мәселенің оң шешімін табуына септігін тигізсе екен дейміз. Сонда біз жалға төлейтін ақшаны сырқат балаларды емдеуге жұмсар едік. Оларға көмектесу – парызымыз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.