“Үй қызметшісі” деген тіркеске бүгінде құлағымыз әбден үйреніп кетті ғой. Бірақ та осыдан бірнеше жыл бұрын ғана мұндайды шетелдік телехикаялардан көретінбіз. Ал қазір бұл ақша табудың тағы бір жолы болып отыр.
Әрине, үй қызметшісі болып ешкім де жетіскеннен жұмыс істемейді. Біреудің үйін жинап, тамағын істеп, ыдысын, кірін жуу оңай шаруа емес. Адал еңбек етіп, келіскен ақшаңды уақытымен төлеп тұрса, оған да көндік делік. Ал егер барлық жұмысын істетіп алып, айдың соңында қолыңа тиын-тебен ұстатса, не істейсің? Көнесің, себебі, барлығы күн көрудің амалы емес пе?! Қалай болғанда да “Сырт көз – сыншы” демей ме, сондықтан да оқырмандар арасында осы мәселе төңірегінде сауалнама жүргізіп, ойларын тыңдап көрдік.
Назгүл Ерболатқызы,
үй шаруасындағы әйел:
– Үй қызметшісі десе, үрпие қарайтындар аз емес. Бірақ оның ұялатын ештеңесі жоқ сияқты. Енді басқа амалың болмаса, не істейсің? Әйтеуір, ақша тауып, бала-шағаны асырау керек қой. Көптеген әйелдердің мұндай жұмысқа баратындарына да осындай өмірдің қиындықтары себеп болып жатады. Жалпы тиянақты етіп үй жинап, дәмді етіп тамақ әзірлеудің өзі үлкен шеберлікті талап етеді. Сондықтан да мұндай жұмыстың өзі кез келген қыз-келіншектің қолынан келе беретін іс емес екендігі де белгілі ғой. Осыған қарап, үй қызметшілеріне деген қоғамның ойы өзгерсе жақсы болар еді.
Сандуғаш Ескенова,
студент:
– Мектепті аяқтаған соң оқуға түсе алмай қалдым. Ауылға барғым келмеді. Жұмыс істеп, аздап ақша жинасам деген оймен хабарландыруларды оқи бастадым. Сөйтіп, бір жастан асқан балаға күтуші керек болған соң телефонмен келісіп, анасымен кездестім. Үйлері үлкен, ауқатты отбасы екен. Аз уақыт ішінде баламен тіл табысып кеттім. Түске дейін істейтін болған соң алатын ақшам аздау болды. Сөйтіп, үйін жинап, кірін жуып, тамағын істеп қоюға да келістім. Осылайша қосымша ақша табудың көзі пайда болды. Бір жыл ішінде қомақты қаржы жинап, өзіме қажетімді сатып алдым. Екінші жылы жолым болып, оқуға түстім. Баламен отыруға уақытым болмаған соң түстен кейін барып, үйлерін жинап-жуып беретін болдым. Студент болған соң аздаған ақшаның өзі үлкен көмек қой. Қайта ата-анаңа ауыртпалық салмайсың. Еңбекпен ақша табуға үйренесің.
Нүрзия Сабырова,
зейнеткер:
– Үй қызметшісі дегенді естіп, көріп жүрміз ғой. Ол өмірдің қажеттілігінен пайда болған шығар деп ойлаймын. Себебі, көптеген жас аналар декреттік демалыста үш жыл бойы отыра бергісі келмейді. Жұмыс істеп, ақша табу керек. Ал баласын бала-бақшаға берейін десе, орын болмайды. Сондықтан да бала күтушісін алады. Күні бойы бала күтіп отыра бермейсің ғой, арасында бос уақыт та болады емес пе? Ендеше үйдің шаруасын тындырып қойса да, ешбір ана қарсы болмас деп ойлаймын. Тек жұмысы бағаланса болғаны. Әйтпесе дұрыс ақы төлемей, тіпті, жала жабатындар да бар ғой.
Ұлтуған Жақыпова,
сатушы:
– Үй шаруасын атқаратын адамдарды жұмысқа алу халықтың тұрмысының жақсарғандығын білдіретін бір көрініс шығар деп ойлаймын. Себебі, ерлі-зайыптылардың екеуі де табысты жерде еңбек етсе, үйіндегі күнделікті жұмысты кім атқарады? Егер шамалары келіп тұрса, неге қызметші алмасқа? Себебі, адамдардың барлығы бес саусақ сияқты бірдей емес. Барлығы жоғары білімді бола алмайды. Жұмыссыз жүргеннен де ыдыс жусаң да, еңбектеніп ақша тапқаның дұрыс сияқты.
Мөлдір Сайлауқызы,
студент:
– Өз басым жұмыссыз қалсам да, біреудің үйін жинап, ақша таппас едім. Себебі, оған үлкен төзімділік, шыдамдылық керек. Жинаған үйің, істеген тамағың ұнамаса, не істейсің? Ал егер бір үйдегі бірнеше адамға әртүрлі тамақ істеу керек болса және оған уақытың жетпей жатса, не істейсің? Ойлап қарасаң, мұндай жұмыстың да қыр-сырлары көп екендігіне көзің жетеді. Соған қарағанда, үй қызметшісі болу да оңай жұмыс емес екен деп ойлаймын.