«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СОҒЫСТЫ КӨРГЕН АДАМ ҒАНА сонда болғандардың жағдайын түсінеді”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы: “Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма? Бұл ұтылыс жоғарғы әскери команданың белгілі бір бөлігін мықтап ойлантты”, – деген болатын. Тарихтағы мұндай оқиғаларды ұмытпай, боздақтардың ерліктерін ел есіне түсіріп тұру, парызымыз. Осы орайда интернационалист- жауынгерлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (Қаржы полициясы) бастығының бірінші орынбасары, қаржы полициясының полковнигі Бейбіт Молдабековпен кездестік.

– Бейбіт Қабдешұлы, бала кезіңізде кім болуды армандап едіңіз?

– Мен Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Красный кордон ауылының тумасымын. Ата-анам – орманшы. Әрине, заңгер болғым келді. Бірақ ауылдың баласы үшін бұл қол жетпес армандай болатын. Жазда қыстың қамымен шөп жинап, отын әзірлеумен, ал қыста малға қараумен күндер өтетін. Жаннан бұрын малдың амандығын сұрайтын қазақпыз ғой. Ал арман 10-сыныпты тамамдар кезде пайда бола бастады. Мектеп бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің физика-математика мамандығына оқуға түстім. 1-курсты тамамдағаннан кейін әскер қатарына алынып, сол жақтан Ауған соғысына аттандым. Елге оралғаннан кейін сол факультетте оқуымды жалғастырып, спортпен шұғылдана бастадым. Шаңғы тебуден спорт шеберіне кандидат атандым. Спортта жеткен жетістіктерім менің заң факультетіне ауысуыма мүмкіндік берді.  

– Ауған соғысынан оралғаннан кейін 19 жастағы жігіттің көзқарасы қаншалықты өзгерді?

– Ондай жерде болған адамның көзқарасы міндетті түрде өзгереді. Әскер қатарына алынған кезде жарты жыл Отарда дайындықтан өттік. Содан кейін бір жарым жыл Ауған соғысында болдым. Осы екі жылдың ішінде көргенім көп болды. Әрине, ой түйдім. Ауғанстанның Герат қаласында әуе шабуылынан қорғаныстың құрлықтағы әскерінде “ЗСУ-23-4” өздігінен жүретін зениттік қондырғыда әскери борышымды өтедім. Біз жаудың ұшақтары мен тікұшақтарынан полктерді, сосын аэродромды қорғадық. Взвод командирінің орынбасарына дейін көтеріліп, аға сержант болдым. 1987 жылы елге оралдық. “Ыстық нүктеде” әскери борышымызды өтегендіктен, көзқарас өзгереді. Өміріңе қауіп төндіретін, денсаулығыңа зиян келтіретін тапсырмаларды орындауға баратынбыз. Басында үрей, қорқыныш болатын. Жастықтың әсері болар, ол сезімдерді ішімізде бұғып ұстадық. Етіміз үйренді. Қазір ұялы телефонды жанымыздан тастамайтындай, автоматты да қолда ұстап жүрдік. Онсыз тағы болмайды. Мұның барлығы адамның психикасына, көзқарасына әсер етеді.

– Осындайды бастан кешірген бір кездегі 17-18 жастағы жігіттердің бүгінгі басындағы мәселелер жайлы не айтасыз?

– Интернационалист-жауынгерлердің мәселелерімен түбегейлі айналысқан жоқпын. Осы мақсатта өткізілген форумға бір рет қана қатыстым. Иә, өзім басшылық еткен құқық қорғау органдары құрылымдарында оларға қолдан келген көмегімді көрсетіп отырдым. Біз Ұлы Отан соғысы қатысушыларынан кейін (құпия жергілікті соғыстардан басқа) күкірттің иісін сезген, өмірдің және денсаулықтың мәнін түсінген буынбыз. Себебі, Ұлы Отан соғысына Отанын қорғау үшін барлығы қатысса, біз Ауғанстанға көптеген қатарластарымыз бейбіт өмірде өздері ұнатқан іспен айналысып жүргенін біліп аттандық. Бұл қиын еді. Себебі, “Неліктен біз, неге бізді жіберді? Неге біз қаза болуымыз керек?” деген сұрақтар туындады. Ауған жерінен кеңес әскері шығарылғаннан бері 25 жыл өтсе де, сол соғыста болған әр жауынгердің санасында осы сұрақ қалып қойды. Мен Ауған соғысының жауынгері ретінде өзіме берілген жеңілдіктерді пайдаланған жоқпын. Мәселен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен қатар тұрып, жәрдемақы алған кезде ыңғайсыз болатын әрі ол кісілер де ұнатпай қарайтын. Сол себепті өзіме берілген жеңілдіктерді пайдаланбадым. Егер естеріне алса – қуандым, ұмыт қалсам – ренжіген жоқпын. Менің ойымша, мемлекеттің интернационалист-жауынгерлерге деген көзқарасын әлі де жетілдіру қажет сияқты. Бізге қатысты заң қабылдануы керек не болмаса: “Жігіттер, біз сендерді соғысқа жіберген жоқпыз. Сол себепті өзгелермен бірдей болыңдар”, – дегенді ашық айтуы қажет. Екі ойлы болмай, біз де тынышталар едік. Әйтпесе, өздерінің сайлауалды және тағы да басқа тұғырнамаларын ұсынатындар бірден Ауған соғысының ардагерлері мен олардың мәселелерін көтереді. Өздерінің бір сәттік мүдделеріне пайдаланып, артынша ұмытып кетеді. Соғысты көрген адам ғана сонда болғандардың жағдайын түсінеді. Мысалы, менің үлкен ұлым 19 жаста. Мен ұлдарыма тәрбиелік мәнде: “Мен 19 жасымда соғыстан оралдым, ал сендер осы жастарыңда не бітірдіңдер?” деп сұраймын.

– 4 ұлым бар дедіңіз. Араларында Сіздің ізбасарыңыз боламын дегені бар ма?

– Жастардың көзқарасы басқаша. Қазір техникалық дамудың уақыты. Егер біз емтихан тапсырарда кітапты басынан аяғына дейін оқысақ, қазір мұның қажеті жоқ. Нақты сұрақ, оған нақты жауап. Ал қойылған сұраққа жауап қалай туындады дегенмен ешкім бас ауыртпайды. Саралау жоқ. Балаларға ағашта банан өседі десе, соны қайталайды. Ал: “Ол неге ағашта өседі?” деген қарсы сұрақ қойылмайды. Бұл – жеке пікірім. Ал мен балаларыма мына мамандықты таңда деп айтпаймын. Мәселен, үлкен ұлым Абай қазақ-түрік лицейін тамамдағаннан кейін дінтану мамандығын таңдады. Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқиды. Әрине, біз оның бұл таңдауына қарсы болмадық. Себебі, бүгінде дінді терең білмеудің салдарын көріп отырмыз. Егер мемлекет бұрын дінге зор мән бермесе, бүгін баса назар аудара бастады. Сондай-ақ кез келген жас мамандық таңдарда ертең жұмысқа орналасу жағын да қатар ойлайды. Ұлым оқуын бітірген кезде кез келген мемлекеттік органда жұмыс істей алады. Одан кейінгі ұлым Әділ биыл 11-сынып бітіреді, Аңдамас пен Арлан әлі кішкентай. Егер олар менің жолыммен жүрсе – қарсылық білдірмеймін, басқа саланы таңдаса – қолдаймын. Оларға үнемі: “Ертең ержеткенде жандарың қалаған жерде жұмыс істеңдер. Жаның қалаған мамандықты таңдасаң, жұмысың да жемісті, еңбекақыңа да көңілің толатын болады”, – деймін. Мен балаларыма өзімнің жетістіктерімді емес, жіберген қателіктерімді айтамын. Себебі, олар менің қателіктерімнен сабақ алулары керек. Мен оларды белгілі бір жетістіктерге жеткізу үшін жетектеп жүрмеймін, өздері оқып, жұмыс істеулері қажет. Кезінде үлкен ұлыма: “Грантқа оқуға түспесең, сені ақылы бөлімде оқытатын ақшам жоқ. Әскерге барасың. Менің сенен де басқа балаларым, ағайын-туыстарым бар. Соларға да көмектесуім керек”, – дедім. Әрине, зайыбым Мәраш бұл ойымды қолдамайды. Бірақ мен айтқанымнан қайтпайтын, екі сөйлемейтін адаммын. Балаларым аңсаған армандарына өз күштерімен жетулері керек.

– Биыл өзіңіз қызмет етіп жүрген Қаржы полициясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Қаржы полициясының құрылуы мен дамуы көп жылдан бері еліміздің құқық қорғау органдарында жұмыс істеп жүрген Сіздің көз алдыңызда болғаны сөзсіз.

– Бұл құрылымда жұмыс істеп жүргеніме 3 жыл. Десек те, аталмыш құрылымның қалай құрылғаны есімде. Кезінде Салық полициясы салықтық қылмысты анықтау үшін құрылған еді. Бұл құрылымның дамуы жайлы айту маған оңай. Себебі, менің басқа прокуратура, әділет, Ішкі істер министрлігі, қылмыстық-атқару жүйелерінде жұмыс істегендігім Қаржы полициясының дамуы жайлы жан-жақты айтуыма мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қаржы полициясының беделі мемлекеттік тұрғыда кемеліне жеткендігін бұрынғы прокурор, екіншіден қарапайым салық төлеуші ретінде айта аламын. Мұндай орган болуы керек. Қаржы полициясы 20 жылдың ішінде өзінің қажет екендігін дәлелдеді.

– Ел үшін атқарған қызметіңіздің бағаланғаны кеудеңізге тағылған орден мен медальдардан-ақ көрініп тұр. Солардың бірі – “Мужество” ордені.

– Иә, бұл орденді бір операцияға қатысқаным үшін берді. Ауған соғысында әскери ұрыс-қимылдарға қатысқаным үшін үш медаль табыс етілді. Ал қалғандары мерейтойлық медальдар. Десек те, бұлар жайлы сөз қозғайтындай мен керемет ерлік жасаған адам емеспін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp