«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ АЯҚАСТЫ ЕТІЛМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Прокуратура органдары бірінші кезекте Конституциямыз кепілдендірген адамның заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы негізгі шарттардың бірі – олардың өтініштерімен жұмысты тиісті ұйымдастыру, соның ішінде бұзылған құқықтар мен заңдылықты уақтылы, сапалы шешу және қалпына келтіру. 

Ирина ПИВОВАРОВА,

облыс прокурорының аға көмекшісі.

Статистика көрсеткендей, соңғы бес жылда прокуратура органдарына түскен өтініштер санының тұрақты өсу қарқыны байқалады. 2012 жылмен салыстырғанда, былтыр түскен өтініштер саны 14 пайызға артты. Бұл бұзылған құқықтарын қалпына келтіруде азаматтардың прокурорларға сенім артатынын айғақтайды. Өтініштердің негізгі бөлігін анықтау және тергеу органдарының актілеріне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) қатысты шағымдар құрайды – 34,2%. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салада, соның ішінде мемлекеттік органдар әрекетіне (әрекетсіздігіне) – 29%, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер жөніндегі сот актілеріне – 26,5%.

Заңнамада прокурорға жүгінуді ресімдеудің қатаң үлгісі бекітілмеген. Өтініш немесе шағым еркін түрде мына мәліметтер көрсетілген күйі беріледі:  

жол берілген қателіктің мәнісі, нақты нормаларға сілтеме жасау міндетті емес;

тәртіп бұзған адам немесе ұйым туралы ақпарат;

өтініш беруші туралы мәлімет (аты-жөні, қалауынша тегі, пошталық мекен-жайы, телефоны).

Қажетті жағдайда азамат өз табыстарын растау мақсатында жазбаша өтінішіне құжаттар мен материалдарды немесе солардың көшірмесін қоса жібереді. Алайда арызданушылар көбіне-көп бұл талаптарды орындай бермейді: өздерінің байланыс телефондарын, кінәлі деп тапқан тұлға немесе ұйым туралы ақпаратты көрсетпейді, өтініште көрсетілген құжаттарды қоса бермейді. Бұл прокуратура қызметкерлерінің жұмысын қиындатып жібереді.

Өтініш онда көрсетілген мәселелерді шешуге құзыретті органға немесе прокуратураның лауазымды тұлғасына жолданады. Өтініш заңды бұзған кәсіпорын, мекеме, ұйым жұмыс істейтін немесе тұлға тұратын аудан (қала) прокурорының атына жазылады. Ол пошта арқылы жіберілуі мүмкін, сондай-ақ электронды түрде, факс немесе басқа да байланыс құралы арқылы, жеке қабылдауда, прокуратура кеңсесі арқылы беріледі.

Өтініш беруші оған қол қояды немесе оны электрондық сандық қолтаңбамен куәландырады. ҚР Азаматтық кодексінде қарастырылған тәртіпте өкілеттігі ресімделген жағдайда жеке немесе заңды тұлғаның өкілі арқылы беруге болады. Тәжірибе көрсеткеніндей, азаматтар көп жағдайда өтініштерді қарауға құзыреті жоқ органдарға немесе жоғары тұрған мекемелерге тікелей барып, қателік жасап жатады. Ал оны шешу әрі өтінішті тиісті органға қайта жолдау қосымша уақыт пен материалдық шығынды талап етеді. Мәселен, облыстық прокуратура 2013 жылы төмен тұрған прокуратураларға осындай – 1575, өзге мемлекеттік органдарға 1710 өтінішті қайта жөнелткен. Арнайы талаптарға сәйкес аудандық (қалалық) прокурорлардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым түсіру жөніндегі өтініш облыстық прокуратурада қарастырылады. Сол себепті облыстық прокуратураға шағымданған кезде тиісті аудандық немесе қалалық прокуратура берген жауаптың көшірмесін ұсыну қажет. Ал егер облыстық прокуратураға қатысты талаптарыңыз болса, онда облыс прокуроры жауабының көшірмесі бірге ұсынылуы тиіс. Прокуратура органдарына жүгіну тәртібін жеңілдету мақсатында www.115.kz порталында “Электронды өтініш қабылдау” қызметі жұмыс істейді. Бұл тәртіппен өтініш түсірген кезде Сізге электрондық сандық қолтаңба қажет. Өтінішіңізге жауап та осы портал арқылы беріледі, арызданушы осы порталда өз өтінішінің қозғалысын бақылай алады. Прокуратура органдарында азаматтар мен заңды тұлға өкілдерін “онлайн” режімінде бейнеконференц байланыс арқылы қабылдау мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл тұрғындардың Астанаға немесе облыс орталығына бармай-ақ, Бас прокуратураның немесе облыстық прокуратураның басшылығымен кездесуге мүмкіндік береді. Мұндай аппаратура облыстық прокуратураның барлық органдарында бар. Бейнеконференц байланыс арқылы өтетін облыс прокурорының қабылдауына жазылу үшін мекенжай бойынша аудандық прокуратураға хабарласу керек.

Бұған қоса азаматтардың өтініштерін қабылдайтын сенім телефоны мен жәшіктер жұмыс істейді. Өтініш беру және қарастыру мәселелері және облыстық прокуратура басшылығының жеке қабылдауы туралы ақпаратты алу үшін 36-65-17 телефон нөміріне хабарласыңыздар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp