Облыстық телеарнада СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Хасеновтің, СҚО бойынша Монополияға қарсы инспекция басшысы Арман Өтегеновтің және ҚР Ұлттық Банкі облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымовтың қатысуымен тұтыну нарығындағы баға жағдайы тақырыбында баспасөз кон-ференциясыболып өтті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Хасенов: “Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік пен жанар-жағармай материалдары бағасына қатысты айтар болсақ, өткен екі күн ішінде облыс бойынша оның күрт өсуі немесе ауытқуы байқалған жоқ. Сауда орындары мен жанар-жағармай құю станциялары бұрынғы баға бойынша қызмет көрсетуде. Көтерме-бөлшек сауда кәсіпорындарындағы тауарлар қоры бір айға жетерлік. Сондай-ақ жергілікті атқарушы билік органдары баға өсімін тежеуге байланысты шара қолдануда”, – деді. СҚО бойынша Монополияға қарсы инспекцияның басшысы Арман Өтегенов еш негізсіз бағаны көтерген кәсіпкерлердің жауапқа тартылатынын айтты. Осы орайда нарық субъектілеріне арнайы хат жолданған. Бағаны өсіру фактілері орын алған жағдайда Монополияға қарсы инспекция тарапынан нақты жазалау шаралары қолданылатын болады. “Егер бірқатар бизнес өкілдерінің бір уақытта бағаны өсіруі байқалса, біз мұны қасақана сөз байлау ретінде қабылдайтын боламыз”, – деді инспекция басшысы. Журналистерді азық-түлік бағасының қай уақытқа дейін бақылауда болатыны, экспортқа бағытталған кәсіпорындар табысқа кенелсе, тұрғындардың бұдан не ұтатыны қызықтырды. Құрылыс материалдарының, ұялы телефондар мен өзге де техниканың құнын шарықтатып жіберген бірқатар дүкендерге қатысты сауал да жолданды. “Техника сататын ірі сауда орындарының бас кеңселері Алматы қаласында орналасқан. Сондықтан жергілікті жерде олардың бөлімшелері бағаны жоғарылатқанымен, істі Алматы қаласындағы Монополияға қарсы инспекция жүргізеді. Бірақ қалай дегенде де осы күнге дейін қолда бар тауардың құнын соңғы жағдайларға байланысты 20 пайызға арттырып жіберу – заңсыз әрекет. Бұл бағытта тиісті шараларды қолға аламыз”, – деді инспекция басшысы.
ҚР Ұлттық Банкі облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов теңге девальвациясының не себепті орын алып отырғандығын түсіндіріп берді. Бүгінгі күні уәкілетті банктердің және уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын теңгеге сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегі АҚШ доллары үшін – 2 теңге, еуро үшін 3 теңге болып белгіленді. “Арамызда депозитін теңгеде ұстайтын азаматтар бар. Олар, әрине, банкирлер мұндай өзгерістердің болатындығын неге ескертпеді деуі мүмкін. Біз әрдайым өз экономикамыздың долларға тәуелді екендігін айтудамыз. Мәселен, Ресей экономикасы 20-25 пайызға тәуелді. Бұл жоғары көрсеткіш саналады. Ал бізде бұл көрсеткіш тіпті 40 пайызға тең”, – деді Жомарт Оралұлы.
Алғашқы күні доллар 165 теңгеден қабылданып, 190 теңгеден сатылған фактілер тіркелген Ұлттық Банк өкілдері бұл бағытта жоспардан тыс тексерістер өткізбек.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.