Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатында іс-шара болып өтті. Оған Ауған соғысының ардагерлері, “Асыл мұра” орталығының қызметкерлері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттері, мұрағат қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Көрме “Ауғанстан жалынына оранғандар” деп аталды. Мұражайдың оқу залында өткен іс-шараны Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова ашты. Ауған соғысына қатысқан жерлес жауынгерлердің қолдауымен мұрағатта 37 құнды іс сақтаулы. Олар солтүстікқазақстандық жауынгерлердің өз қолымен жазылған өмірбаяндары мен фотосуреттерінен құралған. Іс-шара барысында мұрағатта істері сақтаулы жауынгерлердің өмірбаяндарынан үзінділер келтіріліп, көрмеге сарбаздардың фотосуреттері мен істері қойылды.
Көрменің ашылуына қатысқан Ауған соғысының жауынгері, запастағы подполковник, зейнеткер Жайлау Шәріпов әскерге 18 жасында шақырылған. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ қолына қару алған ол жат жерде өткен соғыс жайында қысқаша баяндап берді. Ол сондай-ақ көрменің ашылуына жиналған қатысушыларға, әсіресе, студент жастарға Отанға қалтқысыз қызмет етудің маңыздылығына тоқталды. Жау қолында қаза тапқан майдандас достарын еске алып, олардың ерлігін айтты. Ауған жауынгері, запастағы прапорщик Бақытжан Темірбаев та көрмеге қатысушыларға жарияланбаған соғыс жөнінде айтып берді.
Кеңес әскерінің Ауғанстандағы соғысы 9 жылға созылды. Оған 620 мыңға жуық сарбаз қатысты. Оның ішіндегі 22 мың жауынгер – қазақстандықтар. 14 мыңнан астам сарбаз елге оралмады. Елге оралмаған жауынгерлердің ішінде солтүстікқазақстандықтар да бар.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.