Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдардың, құрылыс, жобалау, сарапшы ұйымдардың, құрылыс индустриясы мен тапсырыс беруші кәсіпорындардың өкілдерімен құрылыс саласының проблемалық мәселелері бойынша “дөңгелек үстел” өткізді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ғимаратының мәжіліс залында өткен бұл жиынды облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев ашып, өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 18,6 пайызға артып, 34,6 миллиард теңгені құрағанын, бұл қарқын биылғы жылы да сақталып, әсіресе, Петропавл қаласында көптеген әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың құрылысы жүргізілетінін айтты.
– Көптеген кәсіпорындардың төмен техникалық деңгейі, мамандардың жетіспеушілігі, технологиялық жабдықтардың тозуы, негізгі қорлардың баяу жаңартылуы, жаңғырту жұмыстарына айналым қаржысының жетімсіздігі, өндірісті дамытуға инвестициялар қажеттілігі және жергілікті құрылыс материалдарының жеткіліксіздігі мәселелері жуырда арнайы құрылған жұмыс тобында қаралып, оған ықпал өтетін тиісті шешімдер шығарылады, – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина.
Бұл жұмысқа палата бастамасымен құрылған өңірдегі құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру және ТКШ саласындағы Сараптау кеңесі ықпал ететін болады. Оған Өңірлік кеңестің мүшесі, “Строитель” ЖШС-нің директоры Сергей Тимофеев жетекшілік етеді. “Дөңгелек үстелде” сөз алған ол құрылыстағы нормативтік-құқықтық негіздердің әлсіздігі, рұқсат беру жүйесінің, соның ішінде лицензиялаудың жетілмей отырғаны, кәсіби кадрлар жетімсіздігі мәселелеріне тоқталды. Инженерлік кадастрлардың жоқтығын, құрылыс жобалау жұмыстарының нашарлығын, нысандарды сараптан өткізудің қиындығын сынады. Осындай қиын түйіндерді бірлесіп шешудің қажеттігін айтты.
Петропавл қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабралин қаладағы “Жас өркен” шағынауданында екпінді құрылыс жүргізілгелі отырғандықтан, ондағы инфрақұрылымдарға қосылу жайын осы бастан қолға алуды сөз етсе, облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау департаментінің басшысы Қуаныш Мұқажанов сараптаманы құрылысқа тапсырыс берушілердің өздері жүргізгені дұрыс деген пікір білдірді. Оның ойынша, сөйткенде жобаның да, құрылыстың да сапасы жақсармақ. Мұндай ұсынысқа “ГосЭкспертиза” ЕМК директоры Валерий Дорошенко да қолдау жасайтынын білдірді. Ол үшін тиісті сараптамалық құжаттарының толық болуы жеткілікті, басқаша жағдайда қабылданбайтыны айтылды. Облыстық Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ратмир Усманов жиналғандардың назарын сирек мамандардың тапшылығы мәселесіне аударды.
Жиында құрылыс жобаларының көңілден шықпайтыны көбірек сөз болды. “Севгражданпроект” ЖШС-нің директоры Тамара Колкова бүгінде 65 адамнан құрылған ұжымының істерге жұмыс таба алмай, бос отырғандығын айтып шағынды. Оның айтуынша, жобалау жұмыстарына кемінде үш ай керек, ал тапсырыс берушілердің көбі оның тез атқарылуын талап етеді. Жұмыстың техникалық нормаларға сәйкес орындалуын көздейтін кәсіпорынның тапсырыссыз қалып жүргені сондықтан. Бірақ кемшіліктері де жоқ емес, айталық, дәстүрлі құрылыс жобаларынан аса алмай жүр. Жиынға қатысқан “Жылдам тұрғызылатын материалдар зауыты” ЖШС-нің директоры Арыстан Бекқожинов олардан қаншама өтініп сұраса да, металлконструкциялық жобалар жасата алмағанын, сондықтан жекеменшік сәулеткер Василий Стихинге өтініш еткенін айтты.
“Дөңгелек үстел” басындағы кездесу соңында жиналғандар құрылысқа қатысты өздерін толғандыратын мәселелер бойынша сұрақтар қойды және ұсыныс-тілектерін білдірді.