1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпаны аралығындағы 9 жыл 1 ай 25 күнге созылған Ауған соғысы талай отбасының шаңырағын шайқалтып, талай әулеттің өмірінде өшпес ізін қалдырды.
Игорь ГАМОВ,
“Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы” ҚБ облыстық бөлімшесінің төрағасы.
Жалпы Ауған соғысында 22 мың қазақстандық жас әскери міндетін атқарса, солардың 900-ден астамы қаза тапты. 21-і хабар-ошарсыз жоғалды. Солтүстік Қазақстан облысынан 1100 жас азамат жіберілген. Ал бүгінде сол қырғын соғыстан аман келгендердің саны сегіз жүзге жетер-жетпес.
Үстіміздегі жылы кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толуы аталып өтпек. Қанша жыл өтсе де, кімге болсын аталмыш соғыс оңайға тиген жоқ. Кейінгі өмірімізге кері әсерін тигізіп, жүрегімізге жазылмас жара салды. Ол кезде біздер үлкен өмірге енді бет алған 18-19 жастағы бозбала едік. Бұл жас кез келген ер жігіттің өз әскери міндетін өтейтін шақ қой. Бірақ өз басым қару асынып, қайнаған қанды майдан ортасында боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмес еді. Дегенмен, ант қабылдағаннан кейін және ер жігіт болған соң қандай жағдай болса да борышымызды өтеуге міндеттіміз. Жоғары әскери басшылық бұйрығымен Ауған жеріне аяқ бастық. Қарап отырсам, қатарластарымның барлығы да өзіміздей өрімдей жастар. Ауған жерінде өзім қатарлас қаншама қазақстандық, әскери жолдастарым қыршынынан қиылды. Жаны аман қалған жағдайда бүгінде отбасын құрып, бала сүйіп, бейбіт өмірдің қуанышты сәттеріне кенелер ме еді, кім білсін?..
Сол күндері қатарыңдағы сарбазды бүгін көре тұра, ертеңіне оның тек мәйітін көргенде санаңда қорқыныш та, жауға деген өшпенділік те қатар өршиді екен. Осының бәрі өмірге деген көзқарасымызға әсер етіп, бейбіт өмірдің қадірін бағалауды үйрендік. Әрбір ағарып атқан таңның қаншалықты қымбат екенін түсінгендей болдық. Бозбала болып аттанып, елге өмірді де, өлімді де көріп, есейіп оралдық.
Жоғарыда айтқанымдай, үстіміздегі жылы кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толмақ. Осыған орай өзім басшылық ететін облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өңір көлемінде бірқатар мәдени-спорт шараларын ұйымдастыруға ұйытқы болып отырмыз. Әр Ауған соғысының ардагеріне оттай жақын айтулы дата қарсаңында әзірлеген іс-шаралар жоспары облыс басшылығы тарапынан қолдау тапты.
Қазір ұйымдастырылатын іс-шараларымызды күнде пысықтау үстіндеміз. Қолға алғалы отырған шараларымыз елуге жақын. “Бәрін айт та, бірін айт” демекші, Ауған соғысында қаза болған 46 солтүстікқазақстандық туралы “Даңқ” кітабын шығару, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Айыртау аудандарында Ауған соғысы ардагерлеріне құлпытас орнату, мектептерде мемориалдық тақталар ашу мәселелерін қолға алмақпыз. Сондай-ақ Ауған соғысында қаза болғандар отбасыларына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік материалдық көмек көрсету ойымызда бар. Көптен бері көкейімізде жүрген Ауған соғысы жайында деректі фильмдер түсіру мәселесі шешімін тауып отыр. Сонымен қатар Ауған елінде қаза тапқандардың отбасыларымен, соғыс ардагерлері және мүгедектерімен кездесулер, аудандарда әскери-патриоттық әндер фестивальдарын ұйымдастыру істеріне қызу кірісіп кеттік. Облыс және қала мектептерінде этнобұрыштар ұйымдастыру, “Досуг” және “Қаракөз” әйелдер клубын құру, “Тарихтағы тұлғалар” кітабын шығару жоспарымызда бар. Сондай-ақ “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер” байқау-фестивалін өткізу, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған дайындық шараларын ұйымдастыру жұмыстарын қолға алмақпыз. Айта берсек, қолға алынатын мерекелік іс-шаралар көп. Ендігі мақсатымыз – аталған шараларды жоғары деңгейде өткізу.
Жас ұрпақтың бойында Отанға деген патриоттық сезiмдi қалыптастыруда үлкен рөлге ие Ауған соғысы ардагерлерiнiң ұйымы қала мен республика көлемiндегi әрбiр қоғамдық-саяси iске белсене атсалысып келедi. Жүрген жерімізде жастарға, мектеп оқушыларына соғыс ешкiмге де қуаныш пен күлкi әкелмейтіндігін, көрсететіні тек қайғы-қасiрет, азап-қиындық екенін айтудан жалыққан емеспіз. Қанды қырғын қайталанбасын десек, бiздер, қазақстандықтар ғылымда озық, өмiрде тәрбиелi, елжанды болуымыз қажет.
Петропавл қаласы.