Алмагүл САТЫБАЛДИНОВА,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі.
Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Асық – қой мен ешкінің, кейде арқардың асықты жілігінен алынған сүйек. Кеңес өкіметі тұсында асық ойыны еріккеннің ермегі, ол балаларға еш тәрбие бермейді деп есептелді. “Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар” деген мақалдың айтылуы да сол заманда туған. Алайда, бүгінде асық ойыны ұлттық құндылық ретінде бағалануда.
Еліміздегі ұлттық спорт жанашырларының қолдауымен Асық ойыны ұлттық спорт федерациясы құрылды. 2009 жылы Астана күні мерекесінде бірінші рет республикалық чемпионат ұйымдастырылып, оған 100-ден аса бала қатысты. Бұл қазақ жастарының асық ойынына деген ынтасының жоғары екендігін көрсетеді. Жұрт асық ойнағанның балаға берер пайдасы туралы мәліметтерді алға тартып, оның бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіне қолайлы жақтарын пайдалау керектігі туралы ойларын ортаға салуда.
Жақында өзім дәріс беретін 4 “А” сыныбында екі сағаттық тәрбие сабағын өткізіп, балалармен ұлттық ойындар туралы тақырыпты талқыладық. Әсіресе, соңғы кездері шәкірттерімнің әуестеніп жүрген асық ойыны туралы пікірлерін білгім келді. Бастауыш сынып оқушысы әлі де ойын баласы ғой, сондықтан болар, асық ойыны туралы тақырыпты олар қызу қолдап, өз ойларын ашық ортаға салып, бұл күнгі сабағымыз пікір алысу түрінде өтті. Бірінші болып тақтаға Ж.Өмірбекова шығып, өзінің “Асығым” деп аталатын өлеңін оқып берді. Өлеңді ұйып тыңдаған балалар әрі қарай бірінен соң бірі орындарынан тұрып, өз ойларын ортаға сала бастады. Мәселен, шәкіртім Мадияр Аманжолов: “Қазақтың ұлттық ойыны – асықтың пайдасы өте көп: біріншіден, алғырлық, ептілік сияқты жақсы қасиеттерге баулиды, екіншіден, мектепте сабақтар арасындағы үзіліс кезінде бойымызды сергітіп, демалып қаламыз. Бұрынғыдай үзіліс болса, ұялы телефонды шұқылауды қойдық” деген пікірін білдірсе, Тамірлан Мейрам өз сөзінде бұл ойынның ойды қозғап, математика пәнін жақсы білуге көп көмектесетінін жеткізді. Алсу Тілеубергенова бұл ойынды топ болып ойнаған қызықты, дейді. Жазда ауылға ата-әжесіне қыдырып барғанда асық ойынын ойнауды ұйымдастыратынын қуана айтты. Ал Салтанат Хамзина сыныптастары асық ойнай бастағаннан бері олардың бойынан шапшаңдық, тапқырлық, мергендік байқала бастағанын байқапты. Ол үзіліс кезінде босқа жүргеннен гөрі асық ойнаған жөн, дейді. Өз ойын білдіру үшін орыннан көтерілген Аида Түгімбаева: “Мен осы асық ойнау арқылы сыныптастардың арасында сыйластық пен әдептіліктің ұлғайғанын байқадым”, – деді.
Осылайша асық ойыны туралы бір-бірімізге ойымызды алма-кезек жеткізіп жатқан кезде екі сабақтың қалай аяқталғанын да байқамай қалыппыз. Балалармен осы күнгі ашық әңгімеден кейін асық ойынының пайдалы жақтарын тереңірек түсінгендей болдым. Өйткені сабақ бітер-бітпестен орындарынан жанталаса тұрып, асықтарын санай бастаған кездерде оларға көңілім толмай жүрген болатын. Мына ашық әңгіменің маған тәрбиелік маңызы зор болды. Осылайша у-шу болған шәкірттерімнің пікірлерін тыңдап болғаннан кейін бүгінгі сабағымызды қорытындылаған кезде бірауыздан асық ойынын жалғастырып, оны одан әрі дамытуға бел будық. Асық ойынын дене шынықтыру сабағының бір саласы ретінде дамытсақ, артық етпес деген ой түйдік. Шындығында, асық ойынының балаға таза ауада демалуына, балалармен достасуға, бос уақытын көңілді өткізуге, дене мүшелерін қимылдату арқылы денсаулығын нығайтуға, ойлау қабілетін жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.