«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУҒАН ЖЕРІНДЕГІ ЕРЛІК – ЕСІМІЗДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен сенбі күні Ауған шекарасынан бұрынғы Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің шығарылғанына 25 жыл толды. Бұл күні облыс орталығының Абай мен Жамбыл көшелері қиылысында орналасқан “Ауған жерінде қаза болған солтүстікқазақстандықтар” ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. 

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сұрапыл жылдары қаза болған 46 солтүстікқазақстандық жауынгерді еске алу шарасына облыс әкімі Самат Ескендіров, “Саланг” әскери клубының мүшелері, Ауған соғысы ардагерлерінің өкілдері мен майданнан қайтпаған сарбаздардың ата-аналары қатысты. Шара барысында жиналған жұртшылық ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қыршыннан қиылып, отбасына оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Содан кейін айтулы күнге орай Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында салтанатты шара болды. Өңір басшысы Самат Ескендіров қатысқан шарада Ауған соғысы ардагерлерінің сан мыңдаған жүректі қан жылатқан соғыстағы ерліктері ауызға алынып, мерейтойға орай бір топ Ауған соғысының ардагерлері марапатталды.  

– Біздің облысымыздан бір жарым мың жауынгер соғысқа аттанды, оның 46-сы қайтып оралмады. Олардың есімі Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалда мәңгілікке жазылып қалды. Біздің міндетіміз – оларды естен шығармай, болашақ ұрпағымызға жеткізу. Ерлік пен патриотизм ешқашан ұмытылмайды. Бұл сөздерді “Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы” ҚБ бөлімшесіне, өңірде тұрып жатқан 798 ардагерге қатысты айтқан орынды. 2013 жылы мемлекет соғыс ардагерлеріне 98 миллион теңгеден астам әлеуметтік жәрдемақы төледі, – деді оларды құттықтаған облыс әкімі Самат Ескендіров.

Сондай-ақ облыс әкімі ардагерлер мен қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларына 15 АЕК көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілетіндігін хабарлады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай облыста бірқатар мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылмақ. Бағдарлама жоспарында Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Айыртау аудандарында Ауған соғысы ардагерлеріне құлпытастар орнату, соғыста қаза болған 46 солтүстікқазақстандық туралы “Даңқ” кітабын шығару және т.б. көзделген.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Самат Ескендіров 37 интернационалист-жауынгерге ТМД Үкіметтері басшыларының жанындағы Интернационалист-жауынгерлер істері жөніндегі комитеттің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры, Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылының тумасы Руслан Аушевтің бастамасымен тағайындалған Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының аяқталғанына 25 жыл толу құрметіне арналған естелік медальдарды табыстады.

Салтанатты шара барысында Ауған соғысының ардагері Қабылқақ Оразов, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Еркінбек Байболов, “Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы” ҚБ облыстық бөлімшесінің төрағасы Игорь Гамов, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев және ҚР ІІМ Ішкі әскері Әскери институтының курсанты Мұрат Ерзат осынау соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ерлігі бір сәт те ұмыт қалмайтындығын тілге тиек етіп, “жарияланбаған соғыстан” елге мүгедек болып оралғандар қашанда құрметке лайық екендігін айтты.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, онда өңіріміздің белгілі өнерпаздары, Әскери институт курсанттары, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент және Ауған соғысының ардагерлері өз өнерлерін көрсетті.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp