Сол жылдары Ауғанстан аумағында 22269 қазақстандық интернационалдық борыштарын өтеді. Сол соғыста 1 мыңға жуық боздақ өзге елде жер жастанды. Олардың 43-і солтүстікқазақстандық болатын.
Қосман БЕГАЛИНОВ,
ауған соғысының ардагері.
Біздің өңірден соғысқа аттанған 1500 адамның бүгінде 793-і облыста тұрып жатыр. Қазіргі таңда олардың алды 70-ті алқымдаса, кішілері 50-дегі ел ағасы болар жаста. Жинала қалсақ, еске алар естеліктеріміз жетерлік. Толғандырар мәселелеріміз де жоқ емес. Соғыстың адам баласына әкелер зардабы мен қасіреті шексіз екенін бұл азаматтар жақсы біледі. 10 жылға созылған соғыс біреудің тәнін жараласа, енді бірінің жанын айықпас дертке душар етті.
Өзім 1985 жылдың 20 шілдесінде Ауғанстанға бір жылға КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің кеңесшісі болып жіберілген болатынмын. Сол уақыттағы естеліктер өмір жолымның кинолентасы іспеттес көз алдыма жиі оралады. Ауған жеріне жеткен өзім сияқты кеңесшілер сол елдің қауіпсіздік қызметінің төрағасымен кездесіп, жағдаймен танысқан соң барлығымызды әртүрлі әкімшілік-аумақтық бірліктерге бекітті. Мен Пәкістанмен шекаралас қалашық – Нангархар провинциясының 200 шақырымдық Кабул-Джалалабад тас жолына жауапты болдым. Бұл жолмен азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары, техника тасымалданатын. Біздің топ бандалық құрылымдарды анықтап, олардың басшыларын, адам санын және қалай жарақталғанын білу жөнінде операцияларды жүргізді. Әдетте қарақшылар Кабулдан Нангархарға бағытталған автоколонналарды жаратын. Ал лаңкестік топтар таутастар арқылы бейбіт тұрғындардың мазасын алып, электр сымдарын кесіп, мектептерді өртеп, жаңа демократиялық билікті қолдайтын мұғалімдерді, молдаларды өлтіретін. Және олардың бастары үшін ақы төлейтін.
Соғыстың аты – соғыс. Кеңес жауынгерлеріне оңай түскен жоқ. 19-20 жастағы қылшылдаған жігіттер кәсіби моджахедтерге қарсы соғысты. 45 градус аптап ыстықта қару-жарақ асынып, тау-тасқа көтерілу де жеңіл емес. Әйтсе де, жоғары әскери басшылықтың жарлығын орындауда азаматтар әскери-интернационалдық борыштарын адал атқарды.
10 жылға созылған қантөгістің себебін, соғыстағы қазақ жігіттерінің ерліктерін қазіргі жас ұрпақ білсе дейміз. Жалпы бiздердi 20 миллионнан астам адамның өмiрiн қиған Ұлы Отан соғысы ардагерлерiне теңеп жатады. Бүгінде Ауған соғысы ардагерлерінің Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіру мәселесі оңтайлы шешіліп, коммуналдық қызметақыларын төлеу және қоғамдық көлiктерде жеңiлдiктер қарастырылса деген өтiнiштері бар.
Күні кеше ғана болған оқиғадай жадымда сақталған соғыстың аяқталғанына да 25 жыл болыпты.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Аққайың аудандық бөлімінің бастығы болып қызмет атқарғанымда Елбасымен кездесіп, сөйлесу мүмкіндігіне ие болған едім. Аққайың ауданына келген Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Мемлекет басшысы менен: “Нешінші жылғысыз?” деп сұрағанда 1940 жылдың 20 сәуірінде туғанымды айттым. “Үлкендігіңіз бар екен ғой” деген Нұрсұлтан Әбішұлы “Без правых и левых” деген кітабына қолын қойып, маған тарту еткен болатын. Өзіммен құрдас Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында бүгінгі таңда ұрпақ өсіріп, бейбіт елде өмір сүріп жатқаныма тәубе деймін. Қан майданның ортасында болып, еліне аман-есен оралған жандардың тілектері біреу ғана – ешбір елде соғыс атаулы болмаса екен дейміз.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.