Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Екінші жаһан соғысына пара-пар болмаса да, ауыр зардабы мен залалын шашқан Ауған соғысы басталып, сол елге 1979 жылдың 25 желтоқсанында кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті енгізілді. Бұл соғысты отқа оранған он жыл деп жатса, ол жөн-ақ. Себебі, ауған алапаты 10 жылға жуық уақытқа, яғни 2238 күнге созылып, біздің жауынгерлер одан 1989 жылдың 15 ақпанында толықтай шығарылған.
Ақиқатын айтқанда, Кеңес Одағының сол кездегі саяси қателігінің салдары емес пе, “Ауған еліне интернационалдық көмек көрсетеміз” деген желеумен өзінің қарулы күштерін аталған Ауған еліндегі соғысқа қатыстырды. Ал одан тартқан зардап жеңіл емес. Оған мына цифрлар дәлел болуға тиіс.
Ауған елін аттаған 1979 жылы кеңес әскерлері 86 адамынан айрылған. Одан әрі 1980 жылы – қаза тапқандар саны 1484-ке бірақ жеткен. 1981 жылы – 1298, 1982 жылы – 1948, 1983 жылы – 1446, 1984 жылы – 2343, 1985 жылы – 1868, 1986 жылы – 1333, 1987 жылы – 1215, 1988 жылы – 759, ал кеңес жауынгерлері сол елден шығарылатын 1989 жылы 53 адам қаза болған.
Біздің елімізден Ауған соғысына 22 мың 269 адам қатысса, олардың 896-сы оққа ұшқан, басқалай да жағдайларда мерт болған. Із-түзсіз хабарсыз кеткендер де аз емес. Бүгінде интернационалист-жауынгерлер саны 10 мыңнан асады, олардың 3 мыңдайы – әртүрлі дәрежедегі мүгедектер.
Енді өз өңірімізге келсек, жарияланбаған соғысқа 1500-дей солтүстікқазақстандық жауынгер қатысқан. Солардың, өкінішке қарай, 46-сы қаза болып, өзі туған отбасына оралмаған. Олардың есімдері қаладағы Жамбыл және Абай көшелерінің қиылысында орнатылған құлпытасқа ойып жазылған. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша 15 ақпан, яғни Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылған күні сол жерге интернационалист-жауынгерлер, олардың отбасылары, қала тұрғындары, мектеп оқушылары қаза тапқандардың ерліктеріне тағзым ету үшін көптеп жиналады. “Жарияланбаған соғыс” өзіне де тікелей қатысты саналатындықтан, бұл күні Жайнақ Тұртаев та әлгі жерге жеткенше асығады.
Жайнақ орта мектепті қазіргі Жамбыл ауданына қарайтын, өзі туған Мирное ауылында бітірген. Мұндай шақта бала көңіл қайда тартпаған?! Машина рулінде отырғандарды көргенде құмартып тұратын әдетіміздің болғаны да рас. Сол себеп болуы керек, Жайнақ аудан орталығы – Пресновка ауылындағы автомектепке келіп, 3 айлық жүргізушілік курсын бітіреді. Әке-шешесінен алған саналы тәрбиесі болар, сол кезден ержетіп, есейгенін, оңды-солын танып үлгергенін көрсеткендей болған ол курсты бітірісімен аудандағы автокөлік кәсіпорнына жұмысқа орналасады. Онда 1 жыл істейді, жүргізушілікке үйренем дейтін, оған ыңғай танытқан адамға бұл да уақыт.
Одан кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Сөйтіп, облысымыздан әскер қатарына шақырылған 165 жігіттің арасында Жайнақ та бар. Олар Түркіменстанның астанасы – Ашхабад қаласына, нақтыласақ, Түркістан әскери округіне келіп түседі. Мұндағы дайындық курсы да 3 айға созылған. Одан ол автобатальонға бөлімше командирі болып шығады. Бұл ел Ауғанстанға көрші орналасқандықтан, онда бүлік шығып жатқандықтан, жас жігіттерге жағдай түсінікті еді. Кез келген уақытта олар соғыс өрті бастау алған жерге жеткізілетіні қалай жасырылса да белгілі болатын.
Көп күттірмей сол уақыт та келіп жетіп, 81-дің мамыр айында жас жауынгерлер Ауғанның Пулихумри қаласына келіп түседі. Мұнда олар көп бөгелмейді. Баграм қаласына ауыстырылады. Жайнақ қызмет еткен №25321 әскери бөлімдегі батальон 3 ротадан, 90 адамнан тұрған. Батальонның алдына қойылған міндет жауапты болғандықтан, қиын.
Жайнақ қызмет ететін 2-ші рота да аэродромға авиациялық керосин жеткізумен айналысқан. Ол үшін пайдаланылатын негізгі техника – “КамАЗ” автокөліктері. Ондағы сыйымдылықтың көлемі – 16-18 тоннаға дейін. Әр ротаға 30-40 машинадан келеді. Оларда кейде жүргізушінің өзі жалғыз, кейде 2 адам болады, бәрі жағдайға байланысты. Мәселен, рота таңертеңгі сағат 9-10 кезінде жолға шықса, әлбетте, жол қашықтығы 200-300 шақырымды құрайды. Барар жеріңе зымырап отырып жете алмайсың. Алда – небір таулар, тау шатқалдары, оған қоса ауа райының қолайсыздығы. Әр шақырым емес, әр метр қауіп-қатерге толы. Мұндайда дұшпандар күндіз былай тұрсын, түннің өзінде бір сәт қалғуды білмейді, өте қырағы, сондықтан да кез келген кезде оқты жаңбырша боратады.
– Бөлімшемде 10 жауынгер, осыншама машина болды. Жігіттерге келсек, әр жерден, Украина, Өзбекстан, Молдова, Ресей және тағы басқа елдер. Серік есімді қазақ жігіті оңтүстіктен еді. Небары 18-19 жастағы біздерді әскери өмір тез есейтті. Өңіңде түгілі, түсіңде де көрмегенді көру, тірі пенде емеспіз бе, өзгертпей қайтсін?! Осынау қиын жағдайда жігіттеріміз жасыған жоқ. Налымады, босамады, шыдамдылық танытып бақты. Ауыр тиетіні сол – взводымыздан 3 жігіт қазаға ұшырады. Мен басқарған бөлімшенің жігіттері туған ошақтарына дін аман оралды, – дейді Жайнақ Балтабайұлы.
1981 жыл. Маусым айының бір күні 30 машинадан тұратын колонна тау астындағы үңгіме жол арқылы Саланг асуынан өтіп, тиісті жерге бет алып бара жатады. Сөйтіп, Мазаришариф қыстағын бойлай өтетін жолға түседі. Жағалай тірі шымшық жоқтай тымтырыс, өлі тыныштық. Жо- жоқ, алдамшы тыныштық. Дәп солай. Колоннаға жүзімдіктердің арасынан оқ борасын келіп. Мұндайда дұшпандар өз дегендеріне жету үшін небір айла-шарғыға барады. Бұл жолы да олар қақпанға түсірудің амалын жасап, колоннаның алдындағы және соңындағы “КамАЗ”-ға оқ атып, отқа орайды. Мұндай атысшабыс шығынсыз болмайды ғой. 2 машина өртеніп кеткен. Бір жауынгер минаға тап болып, сол жарылыстан бір аяғынан айрылған. 2 жауынгер қазаға ұшыраған.
22 маусым күні авиациялық керосин тиелген 35 машина Джалалабадтан шығып тартып бара жатқанда асудан түсе бере тұтқиылдан дұшпандардың шабуылына тап болады. Тағы да қантөгіс атыс. Жағалай ысқырған оқ. Тау да ыстық, ауа да ыстық, табаныңның асты да ыстық, құм да ыстық, айғайлап шыққан дауыстар, ыңырсыған жаралылар, жағалай жайылған қан. Рота 5 бірдей жауынгерінен айрылған, 8 машина отқа оранып, күлі көкке ұшқан, қаңқалары ғана қалған. Ұрыс 8 сағатқа созылған. Вертолетшілер көмекке келмесе, жағдай не болатыны белгісіз еді. Таңданбай көріңіз: бұл Жайнақтың туған күні болатын. Оның жан-жақтан атылған қорғасын оқтың құрбаны болмай, аман қалуы Алланың берген сыйы емес пе?! Әрине, солай!
1982 жылы Жайнақтың омырауына саптың алдында “Ерлігі үшін” медалі тағылады. Оған: “Не үшін?” деген сауал қойдым. Ол мен қойған сұрақ сияқты қысқа ғана жауап қатты. Кезекті бір атыс кезінде жаралыларды құтқарған, машиналарды таса жерге жасырып, сақтап қалған. Жайнақ аман алып қалған жігіттердің бірі – Сергей Севастьянов Псков қаласынан. Жоғарыда аталған жылдың сәуір айында ол аяғынан жарақат алып, Түрікменстандағы Чарджоу қаласындағы әскери госпитальға түседі. 1 ай жатып емделеді. Иә, оған соғыс өрті шарпыған елге қайтып бармауға болатын еді. Бірақ мұндай жігіттер ар-намыс алдында аласаруды білмейді ғой. Әрі өзінің бір-бірімен бауыр басып кеткен, туғандарындай санайтын жолдастарын оқ астына тастап кеткендей болмай ма? Ол әскери бөлімге қайтып оралған. Одан әрі де оқ пен оттың ортасында 8 ай қатарынан жүріп, азаматтық борышын абырой биігінен көріне атқарған.
1983 жылдың 4 қаңтарында Жайнақ елге оралғанда, әсіресе, ата-анасының қуанышының қандай болғанын айтып жеткізу қиын. Туғандарының ортасына керемет сағынып оралған ол арада 1-2 ай аунап-қунап демалған. Мамыр айында Преснов аудандық Ішкі істер бөліміне жүргізуші болып орналасқан. Одан әрі уақытша оқшаулау изоляторына ауысқан, уақыт өте келе оның бастығы болған. 1986 жылы Айгүл есімді қызбен махаббаттары жарасып отау құрған, қалаға көшіп келген. Сол жылдың сәтті болғаны шығар, Алматы қаласындағы милицияның орта арнаулы мектебіне сырттай оқуға түскен. Ал 1993 жылы сондағы милицияның жоғары мектебіне түскен.
Милициядағы қызметі 1987 жылы басталған. Одан кейін қалалық медайықтырғыш бастығының орынбасары, бастығы болған. 2009 жылға дейінгі 6 жылды алсақ, қалалық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары лауазымын полиция қызметкеріне лайық, оның атына кір келтірмей атқара біліп, полковник дәрежесінде зейнет жасына шыққан.
Кешегі 18-дегі жігіттер бүгінде ел ағасы деп құрметтейтін 50-ді еңсерген. Бірақ, не керек, жоғарыда сөз болған қантөгісте көргендері, көңілдеріне түйгендері олардың жадында әлі күнге дейін жатталып та, сақталып та қалған. Олай болатыны – олар жауынгер жолдастарының қанға бөгіп, қансырап жатқандарын, көз алдарында қиналып жатып, көз жұмғандарын көрді. Айта кету керек, қиын-қыстау соғыс жағдайын бастан кешіргендер – өзара достықты қымбат санап, жоғары бағалай білетін жандар. Жайнақ та солай. Оның бір досының есімі – Алексей Таиров, екеуі нағыз жерлес. Қазір ол Ресейде тұрып жатса да, байланыс үзілген кезі жоқ. Тағы басқа жерлестерін атасақ, олар Виктор Майснер, Виктор Степанов, ал жүрегіндегі оқтың жарықшағы шыдатсын ба, Мырзабай Бағанәлімов 1981 жылы қайтыс болыпты. “Ауғандық жауынгерлер” деп атайтын олардың қай-қайсысын алма, достықта шекара жоқ екенін терең түсінеді. Сондықтан да қай елмен болсын байланысып жатады.
СУРЕТТЕ: Ж. Тұртаев.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.