Облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында Ауған соғысына қатысып, бүгінгі күні білім беру саласында еңбек етіп жүрген ардагерлерді құттықтауға арналған салтанатты шара өтті. Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы мамандарының ұйымдастырумен өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шара барысында Ауған соғысы жайлы слайдтар көрсетілді. 1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан 1600-ге жуық солтүстікқазақстандық жауынгердің 46-сы мерт болды. Оларды зал толы жиналған қауым орындарынан тік тұрып, бір минуттік үнсіздікпен еске алды.
– Ақпанның 15-і күні Кеңес Одағы жауынгерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толды. Онда өздерінің әскери және азаматтық борыштарын адал және қажырлылықпен атқарған жауынгерлерге біз әрқашан басымызды иеміз. Бұл соғыстағы көрсеткен ерліктеріңіз бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етер нағыз батырлық мектебі болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында өткен дипломатиялық өкілдер басшыларымен кездесуінде атап көрсеткендей, Ауғанстан экономикасы мен ондағы ахуалды қалпына келтіруге еліміз 2007 жылдан бері көмектесіп келеді. Осы көмектің аясында еліміздің жоғары оқу орындарында мыңдаған ауғандық жастар білім алуда. Қазақстанның қаражатына Ауған елінде мектеп пен аурухана салынып, автожол қалпына келтірілді. Мұндай ізгілік шаралар жалғасатын болады, – деген Фархад Қуанғанов білім саласында еңбек етіп жүрген 33 интернационалист-жауынгерді облыс әкімінің атынан құттықтады. – Сіздердің батылдықтарыңыз бен батырлықтарыңыз, достықтарыңыз бен қиын кезеңдердегі бір-біріңізге деген көмектеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі. Бүгінгі жастар еліміздің тыныштығын қорғауда Сіздерге қарап бой түзейді. Біздің ата-бабаларымыздың ерлік іздері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Осы құндылықтардың арқасында біз табыстарға жетіп отырмыз. Уақыт өткен сайын өмір де өзгеріп отырады, бірақ Сіздер сияқты ерлердің ісі ұмытылмауы тиіс. Өйткені – Сіздер тарихта мәңгілік ізі қалған сол жылдардың жаршысысыздар, – деді.
Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов Ауған жерінен Кеңес Одағы жауынгерлерінің шығарылуына 25 жыл толуына орай осы шайқастың ардагерлерін естелік медальдармен марапаттады.
Шара барысында білім саласында еңбек етіп жүрген Ауған соғысының ардагерлеріне Білім басқармасының мақтау қағаздары мен ақшалай сыйақылары және бағалы сыйлықтары табысталды.
Солтүстік Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Амангелді Дүйсеков, СҚО “Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы” ҚБ облыстық бөлімшесінің төрағасы Игорь Гамов жиналғандарды құттықтады.
Ауған соғысы ардагерлеріне арналған концерт берілді.