«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСІП, олар қозғаған мәселелерді шешуді тапсырды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Қабдырахман Сақтағанов Петропавл қалалық емдеу мекемелерінің бас дәрігерлерімен бірге ардагерлермен кездесті. Онда облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері денсаулық сақтау саласына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Кездесу барысында емдеу мекемелеріндегі кезек жағдайы, тегін берілетін дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі, еліміздің өзге қалаларында емделуге квота бөлу, стоматологиялық қызмет түрлерінің тегін көрсетілуі және тағы басқа мәселелер қозғалды. Дәрігерлердің көмегіне көптеп жүгінетін алдыңғы толқын өкілдері бірқатар сұрақтарын қойды.

Зейнеткерлер тіс дәрігерлерінің көмегін тегін алады. Бірақ бұл қызмет түріне кей зейнеткердің қолы жете бермейтін көрінеді. Ол үшін биылғы жылы жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге бөлінген. Өткен жылы 13 млн. теңге бөлінген екен. Бірақ тісті протездеу бұл қызмет түрлеріне жатпайды. Сондай-ақ компьютерлік томографиядан өтетіндіктердің қатары қалың болып шықты. Өңірімізде компьютерлік томография 4 емханада бар. Бұл аппараттың қызметі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы аналарға, зейнеткерлер мен кәмелет жасына толмаған жеткіншектерге тегін. Десе де ақы төлеген адамдар кезексіз өте берсе, тегін жазылғандар өз кезегін айлап күтеді екен.

Облыс орталығында 39 мың зейнеткер тұрады. Оның 190-ы – Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Алдыңғы толқын өкілдері №1 қалалық емхананың окулист, кардиолог, невропатолог, эндокринолог сынды дәрігерлерге алдын ала жазылуды телефон арқылы жүргізу жөнінде ұсыныстарын айтты. Себебі, егде жасқа келген адамдар бұл дәрігерлердің қабылдауына жазылу үшін таң-сәріден тұрып, емханаға баруға мәжбүр. Осы сынды сын-ескертпелер айтылған кездесу барысында өңіріміздегі денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер жайында да сөз қозғалды. Медициналық мекемелердің құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне жоғары баға берген ардагерлер, әсіресе, №1 қалалық емханадағы офтальмологиялық кабинеттің жұмысына дән риза екендіктерін айтты.

Ардагерлер тегін медициналық көмектің кепілдірілген көлемі негізінде берілетін тегін дәрі-дәрмектің жыл соңына жетпей қалуын және осы дәрілерді беретін дәріханалардағы ұзын сонар кезекті болдырмаудың жолдарын қарастыруды сұрады. Осы және өзге де көтерілген мәселелерді қаперіне алған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Қабдырахман Сақтағанов өңіріміздегі барлық медицина мекемелерінің бас дәрігерлеріне тапсырма берді. Кездесу соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешуде ардагерлер қолдау көрсететіндіктерін айтты.

 Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp