Петропавл қалалық Мәдениет үйінде “Soleil” жеке мәдени-қайырымдылық қоры концерт ұйымдастырды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш қордың басты мақсаты білім, ғылым, мәдениет, өнер салаларындағы қайырымдылық идеялары төңірегіне топтасу болып табылады. Сондай-ақ оның жұмысы отбасылық құндылықтарды дәріптеумен қатар, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге жағдай жасайтын балалық шақты қорғауға бағытталған. Осы қорға топтасқан жүрегі жомарт жандар қиын өмірлік жағдайға тап болған, аз қамтылған отбасылардағы балалардың қабілетін дамытумен айналысады.
Концерт барысында ән мен биден алдына жан салмайтын балғындардың өнеріне тәнті болдық. Әкесінен, не анасынан айрылған ұл-қыздардың қоғамнан ажырамауына, олардың талантын ашуға жәрдемдесетін қордың қызметкерлері осындай түрлі шараларды ұйымдастыруды жақсы дәстүрге айналдырған.
Бүгінгі күні қор жанынан балаларға кәсіби суретші мен вокал бойынша педагог сабақ береді. Сахнаға шыққан балалар махаббат, Отан, ана тақырыбында өлеңдер оқып, әндер шырқады. Суретші балалардың да еңбектері ұсынылды.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.