«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЖЕТІМДІ ҚОЛДАУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” акционерлік қоғамы 2007 жылдан бері “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдинг” АҚ-ның еншілес компаниясы болып табылады. Қордың негізгі міндеті – ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді кредиттік ресурстармен барынша қамтамасыз ету және олардың бизнестерін дамытуына көмек көрсету. Осы бағытта қордың облыстық филиалы өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне шағын кредит беру арқылы нақтылы қолдау жасауда пәрменді жұмыс атқаруда. Соған байланысты қаржылық қордың облыстық филиалының директоры Зейнеп Рақымбековаға жолығып, істің мән-жайына қанықтық.

– Зейнеп Төлегенқызы, шағын кредиттеу мемлекеттік бағдарламасының тоғыз жылдық тәжірибесінде қол жеткізген қандай табыстарыңыз бар?

– Қаржылық қор 2005 жылдан бері ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бизнестерін одан әрі дамытуға кредит беріп келеді. Осы кезең ішінде облыстық филиалдан сомасы 2,5 млрд. теңгенің үстінде 4400-ден астам шағын кредит берілді. Орта есеппен жыл сайын 550-ден астам қарыз алушы кредиттеледі.

Үстіміздегі жылы 2013 жылдың басымен салыстырғанда, филиалдың кредиттік портфелі 0,9 млрд. теңгеге өсіп, 2,1 млрд. теңгеден астам соманы құрады. Қор кредиттеу шарттарында бекітілген қарыз алушыларға қойылатын талаптарды қайта қарады, атап айтқанда, кепілдік саясаты жұмсартылып, кредиттік бағдарлану мерзімдері ұзартылатын болды.

– Кредиттік портфельдеріңіздің өсуіне “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының да ықпалы бары сөзсіз. Осы жайында не айтасыз?

– Ол рас, филиалға дейін жеткізілген бағдарламаларды кредиттеу бойынша сомасы 1,2 млрд. теңгеден астам 448 қарыз алушы қаржыландырылды. Кредиттік портфеліміздің өсуі филиалдың ауылдық кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі “Жұмыспен қамтудың Жол қартасы – 2020” бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыруға қатысуына байланысты, ол бойынша сомасы 600,0 млн. теңгенің 291 қарызы қаржыландырылды.

Бұл бағдарлама Елбасының тапсырмасы бойынша 2001 жылдан бері жүзеге асырылуда, оның төрт бағыты болса, соның ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға ықпал жасайтын, ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік әліппесін үйретуді және шағын кредит беруді қарастыратын екінші бағыты бойынша біздің филиал облыс әкімдігі жанындағы осы бағдарламаны жүзеге асыру комиссиясы белгілеген өңірлік өкілетті ұйым болып табылады.

– Осы ретте бағдарламаның қандай мақсаты барын, оған кімдердің қатысушы бола алатынын, бағдарлама бойынша шағын кредит алу үшін қайда бару керектігін де айта кетсеңіз?

– Бағдарламаның мақсаты – жұмыспен қамтуға ықпал ететін белсенді шараларға қатысушы тұлғаларға ұйым арқылы немесе өзінің жеке ісін кеңейтуді қаржыландыру мүмкіндігін жасау. Қазақстан Республикасының тұрақты табыс көзін қамтамасыз ету үшін өнімді еңбекпен айналысқысы келетін ішінара және өздігінен жұмыспен қамтылған, жұмыссыз, сондай-ақ басқа да азаматтары бағдарламаға қатысушы бола алады.

Бағдарламаның осы екінші бағытының арқасында оған қатысушылардың кәсіпкерлік ісінің негіздеріне оқытылып, білім ала алатындарын да атап өткен жөн. Сөйтіп, олар бухгалтерлік және салықтық есеп беруге, декларациялар толтырып, бизнес-жоспарлар жасауға үйренеді. Бағдарламаға қатысуға тілек білдіруші үміткерлер өз бизнес-жоспарларын жасап, ауданның Жұмыспен қамту орталығына өтініш береді. Орталық түскен құжаттарды қарап, үміткерлер тізімін жасайды және оны қаржылық қордың филиалына жібереді. Содан кейін үміткер бізден шағын кредит алуға өтініш жазады. Біз оның бизнес-жоспарын талқылап, талдаған соң шешім шығарып, оны Жұмыспен қамту орталығына жібереміз. Ол оң шешілсе, бағдарламаға қатысушымен әлеуметтік шарт жасалады. Кредиттеу шарты бұрынғыдай, жылдық 6 пайыз сыйақымен 54 айдан аспайтын мерзімге беріледі.

– Былтырғы жылдан бастап Ислам даму банкінің қаржысы есебінен “Сәтті” (“Мурабаха”) бағдарламасы бойынша да қаржылық қолдау кредиттері берілуде. Оған да тоқталып өтсеңіз.

– Ислам даму банкісі арқылы қаржыландырылатын “Мурабаха” бағдарламасы бойынша өткен жылы жоспарланған 120,0 млн. теңгенің орнына 127,3 млн. теңгенің 43 қарызы қаржыландырылды. Бір қарыз алушының қарыз сомасы 1,0 млн. теңгеден жоғары, бірақ 25 000 АҚШ долларынан аспайды, кірістік ставкасы жылдық 9,5 пайыз, кредиттеу мерзімі 48 айға дейін қамтамасыз етілуі акционерлік қоғамның кепілдік саясатына сәйкес. Мақсатты жұмсалымы – жаңа негізгі қорларды, биологиялық активтерді сатып алуға арналған.

– Сондай-ақ бүгінде өздерін танытып үлгерген “Сыбаға” және одан басқа да салалық бағдарламалар бойынша жұмыс істейсіздер. Олар туралы не айта аласыз?

– Иә, қазірде қаржылық қолдау бағдарламалары жеткілікті. Солардың бірі – “Кәсіпкер” бағдарламасы бизнестің ауыл шаруашылығы емес түрлерін несиелейді. Өткен жылы осы бағдарлама аясында жоспарланған 40 млн. теңгенің орнына сомасы 48,8 млн. теңгенің 5 қарыз алушысы кредиттелді.

Ал “Сыбаға” бағдарламасына қызығушылық танытушылар жылдан-жылға көбейе түсуде. Айталық, былтыр “Сыбаға” бағдарламасы бойынша ұрғашы қара мал мен етті жас мал тұқымын өсіру үшін асылтұқымды бұқалар сатып алуға 50 шаруашылыққа 305,1 млн. теңгенің кредиттік қаржысы берілді. Осы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша алынған қарыздар есебінен қарыз алушылар өткен жылы 1416 бас ұрғашы ірі қара және 71 бас асылтұқымды бұқа алды. Бағдарлама жүзеге асырылып жатқан үш жылдың ішінде қаржылық қордың есебінен барлығы 5891 бас ұрғашы ірі қара және 269 бас асылтұқымды бұқа сатып алынды.

Салалық мақсатты бағдарламалардың ішінде көктемгі егіс және орақ жұмыстарын жүргізуге септігін тигізіп жүрген “Егінжай” бағдарламасының да маңызы зор. Ол бойынша өткен жылы 44 шаруашылық жүргізуші субъект 150,0 млн. теңгеге қаржыландырылды. Сонымен бірге 2010 жылдан бері іске қосылған “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы да бірталай қаржылық жүк көтеріп отыр. Өткен үш жылдың ішінде өңірдегі әлеуметтік саланың 756 маманы қолдау қаржысына ие болып, ауылдық жерде сомасы 1299 млн. теңгенің тұрғын үйлерін алды. Соның ішінде былтырғы жылы әлеуметтік саланың 247 маманы 572 миллион теңгеге қаржыландырылды.

– Енді қордың биылғы жылы жүзеге асырылатын кредиттік өнімдеріне тоқтала кетсеңіз.

– Үстіміздегі жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жасаған “Агробизнес – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру аясында шағын шаруа қожалықтарын, отбасылық сүт фермаларын қаржыландыру жөніндегі бағдарлы жұмысты қолға алып отырмыз. Сонымен бірге ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттарын есепке ала отырып, “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша ауыл кәсіпкерлеріне кредит беру жұмысын жалғастыру жоспарымыз бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp