«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТЕРІН САТПАЙ, ТЕЛМІРІП КӨЗІН САТҚАНДАР” көбейіп бара жатқан жоқ па?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бүгінде ауылдардағы тепсе темір үзетін талай жас жігіттер мен зіңгіттей азаматтардың қоғамдық пайдалы еңбектен қашқақтап, жалқаулыққа бой алдыруы, ата-аналарының мардымсыз зейнетақысына телміріп күн көруге ұялмауы алаңдатпай қоймайды.

Әлемнің әміршісі – еңбек! Бұл – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін талассыз шындық! Әлімсақтан солай. Қазіргі кезде бұл сөздің бәсі артқанмен, қадірқасиетін арзандатып алғандай тәріздіміз. Бабаларымыз еңбектің маңдай ақы, ащы термен келетінін, бейнетсіз табыс құралмайтынын біліп, кейінгі ұрпаққа “еңбекпен ел көгеретінін” аманаттап кеткен. Адамның тек еңбекпен көркейетінін айтудан хакім Абай да жалықпаған. “Терін сатпай, телміріп көзін сатқандарды” шенеп, “сабырсыз, арсыз, еріншектіктен” абай болуға шақырған.

“Адамзат тірілікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.

Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжаңмен

күн өткізбек?” –

десе, енді бірде:

“Орынды іске жүріп, ой таппаған,

Не болмаса жұмыс қып, мал таппаған.

Қасиетті болмайды ондай жігіт,

Әншейін құр бекерге бұлғақтаған”, –

деуі бүгінгі күннің “еріншек, бекер мал шашпақ” жандарына қарата айтылғандай.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміздің ең басты жеті құндылығының бірі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы деп атап айтты. Ал “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында Президентіміз әлемдік жаңғыртудың жаһандық трендіне айналып отырған жасампаз еңбектің шешуші ұлттық фактор екенін алға тарта отырып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы шынайы өндірістік еңбектен бастау алатынын, оның түпкі мәні масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізуді көздейтінін дәйектеп берген болатын. Адал еңбекке ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі.

Алайда, “ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап”, “адам болып мал табудың орнына” “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүруді “кәсіп” қылып алғандар қоғамымызда аз емес. Төменде белгілі шаруашылық басшыларымен шынайы еңбек етуге тәрбиелеу, еңбек адамына деген құрмет, тұтынушылық, жалқаулық дағдылардан арылту, жақсы дәстүрлерді орнықтыру төңірегінде әңгіме өрбиді.

БЕЙНЕТ КӨРМЕЙ

ДӘУЛЕТ ЖОҚ

Геннадий ЗЕНЧЕНКО, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері (Қызылжар ауданы):

– Өзім 40 жылға жуық жетекшілік етіп келе жатқан “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің қызмет аясы кең. 700-ден астам ауылдасыма жұмыс тауып беріп, бәсекеге қабілетті отандық өнімдер өндірумен қатар, қазақстандық кластерлер дамуы жөнінен алдыңғы орындамыз. Былтыр 14 мың гектар алқапқа астық себіліп, гектар берекесі 20 центнерден айналды. 87 мың центнер сүт өндірілді. Тәулігіне 50 тонна сүт өңдейтін жаңа зауыт салынуда. Асылтұқымды қашарлар өсіріліп, фермаларда жылқы түлігі де бағылады. Екі жел қондырғысы іске қосылып, жылына 8 миллион киловатт-сағат электр қуатымен қамтамасыз етеді. Олардың бой көтеруіне Елбасының “жасыл экономикада” инновациялық жобаларды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы үлкен ықпалын тигізді. Жанар-жағармай бағасын арзандатуға 233 миллион теңге демеуқаржы алынды. Жеңілдетілген 8 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен жемшөп өндіретін ауыл шаруашылық техникалары әкелінді. Мемлекеттің осындай қолдауынан кейін жаман жұмыс істеуге еш қақымыз жоқ қой деп ойлаймын. Ауылды көгалдандыру, жолдарды, жылу жүйелерін жаңғырту, тұрғын үйлерді, білім, мәдени нысандарды жөндеу – серіктестік міндетінде. 984 мың теңгеге медициналық жабдықтар, 25 миллион теңгеге жабық спорт кешені, 4,8 миллион теңгеге автобус сатып алынды.

1976 жылы маған артта қалған үш кеңшардың бірін басқару ұсынылған еді. “Новоникольскіні” қабылдап алғанда ол облыста 52-ші орында тұрған еді. Қорадағы мал туберкулез ауруына шалдыққан. Оларды етке өткізуге фермадағылар барынша қарсыласып бақты. Сірә, негізгі күнкөріс көзінен айрылсақ, далада қаламыз деп қорықса керек. Тұрғындар шаруамен айналысқылары келгенімен, ұйымдастырушы жоқ болғандықтан, топтасып арақ ішу, карт ойнау, жұмысқа шықпай қалу сияқты жаман әдеттерге бой алдырған. Қоғам мүлкі қараусыз қалып, талан-таражға салына бастаған. Тәртіпке көнбегендерді аластатып, басқа учаскелерге ауыстыру, кейбірімен мүлдем қоштасу секілді қатал шараларды қолдануға тура келді. Әсіресе, маскүнемдікке салынғандарға аяушылық жасалмады. Балтық жағалауы елдерінен сүтті сиырлар әкелініп, табындар өнімді малдармен жаңартылды.

Қазір – еліміздегі ең табысты агроқұрылымдардың біріміз. 300 адамның ішінен 3 адам ғана пай үлестерін алып, басқа жаққа кетті. Қалғандары тұрақты еңбекақы алу, баспана иелену, балаларын алаңсыз тәрбиелеу, оқыту, ең бастысы,болашағына сеніммен қарау мүмкіндіктеріне ие болды. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Жанқиярлық еңбектің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырғанымызды жастар түсінсе екен деймін. Әкем марқұм басшылыққа жіберген жерінде жұмысты баспана тұрғызудан бастайтын. Осы қасиет маған да жұққан тәрізді. Біз жылына 10-12 үй тұрғызып жүрдік. Ұжымда еңбек адамына айрықша құрмет көрсету дәстүрі қалыптасқан.

Сергей КИРИЧЕК, “ТНС-2020” ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы (Шал ақын ауданы):

– Шал ақын ауданы аумағында жұмыс істеп жатқанымызға екінші жылға аяқ басты. Бастапқыда тұрғындардың үлкен күдікпен қарағаны рас. Олай болатын жөні бар еді. Бізге дейін осы ауданға сырттан келіп,100 мың гектардай алқапқа астық өсірген “Асылхан-Агро” ЖШС берген уәделерінен тайқып, пайшыларды әбден ренжіткен көрінеді. Серіктестіктің басшылығы өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, мүліктер мен жер телімдерін кепілге қою жөнінде заңсыз шешім қабылдаған. Бюджетке 60 миллион теңге салық төлемеген. Осындай бұра тартушылықтарға байланысты Қаржы полициясы қылмыстық іс қозғап, сот үкімімен айыппұл төлеуге міндеттеген. “Аузы күйген үрлеп ішеді” дегендей, шалақындықтардың сөздерінен тағы да дұрыс инвестор бұйырмай, пай үлесінсіз, еңбекақысыз қаламыз ба деген қорқыныш сезіліп тұрғанын аңғару қиын емес еді. Олармен ашық әңгімелесіп, нақты бағдарламаларымызды ұсындық. Әлеуметтік жағдайлар жасайтынымызға сендіріп, жұртшылық қолдауына ие болдық.

Көзін тауып, ұйымдастырса, кез келген тығырықтан шығудың жолы табылары күмәнсіз. Осы уақыт аралығында сыннан сүрінбей өтудің барлық амалдарын қарастырудың арқасында ісіміз оңға басты. Қазір ауданда 200 мың гектардан астам жерге астық өсірілсе, оның 43 пайызы бізге тиесілі. 700 адамды жұмыспен қамтып, 2,5 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция тарттық. Пайшылармен толық есептестік. Тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге үнемі қолдау көрсетеміз.

Бүгінде бізге жұртшылық риза сияқты. “Саусақ бірікпей, ине ілікпейді” дегендей, өзара түсіністік, жауапкершілік болған жерде молшылықтың іргетасы қаланары анық.

Мұрат ЖҰМАБЕКОВ, “Нежинка-Ерке” ЖШС-нің директоры (Ғ. Мүсірепов атындағы аудан):

– Біздің шаруашылықта да ел құрметтеуге лайық тамаша жандар көп. Олардың қай-қайсысына болсын еңбекқорлық, көпшілдік, бауырмалдық қасиеттер тән. 400-дей үй бар ауылда мамыражай тірлік кешіп жатқан ондаған ұлт өкілдерінің күш-қайраты мен ерік-жігері бір арнаға тоғысқан. Ол – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты елдің одан әрі гүлденуіне атсалысу, үлес қосу. Елбасы әлеуметтік мәселелерді кейінге қалдыруға болмайтынын үнемі айтып келеді. “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” еңбегінде әлеуметтік жаңғырту міндеттеріне ерекше екпін түсіруі тектен-тек емес. Кез келген құндылық, экономикалық, мәдени байлық адамның еңбегімен жасалатынын ескерсек, шынайы өндірістік еңбектің алдыңғы кезекке шығарылуы – заңды. Ол үшін әр азаматтың Отан алдындағы міндетті қағидаты мен еңбекке ынталандырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру аса маңызды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын еске түсірейікші. Ол кездері экономикасы дамыған 50 елдің қатарына ену өңіміз түгіл түсімізге енбейтін. Халықтың елеулі бөлігі “мәжбүрлі” жұмыссыздық мектебінен өткенін ұмыта қойған жоқпыз. Елбасы белгілеп берген ұлы мұраттарымыз ақиқатқа айналып, енді, міне, әлемдегі ең бақуатты 30 мемлекеттің сапына қосылу Стратегиясы жарияланды. Оны орындап, сыннан мүдірмей өтудің жолы – бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында табандылықпен, қажырлылықпен еңбек ету. Сол себепті мен жерлестеріме мал ұста, фермерлікпен айналыс, көлігіңмен тасымал жаса, әйтеуір, бос отырма, балашағаның нәпақасын айыруға мүмкіншілік жетеді, тек ниет, ынта болсын деген ақыл-кеңес айтудан жалыққан емеспін. Шетелдегілер көрші мемлекеттерге барып, “тамағының тоқтығын, қайғысының жоқтығын” айырып жүргенге еш арланбайды.

Біз бүгінде егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысып, мүмкіндігінше әр отбасының жұмыспен қамтылуына зер салып отырамыз. Ет пен сүт өнімдеріне демеуқаржы бөлінетіндіктен, табысымыз молая түсті. Асылтұқымды шаруашылық мәртебесін иелендік. Дәнді дақылдар көлемі 20 мың гектарға жуық. Егіс алқаптарын 3 ұшақпен химиялық өңдеуден өткізуіміз – жағдайдың түзелгені, өмір сапасының жақсарғаны емес пе? Мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік инфрақұрылымдар түгел жұмыс істеп тұр.

ӘНШЕЙІН ҚҰР БЕКЕРГЕ БҰЛҒАҚТАҒАН

Г. ЗЕНЧЕНКО: – Еңбекке деген сүйіспеншілік отбасыдан, мектептен басталуы тиіс. Бізді оның қыр-сырына әкеміз Иван Емельянович баулыды. Жарықтық төрт-ақ сыныптық біліміне қарамастан, өмірден тоқып-түйгені мол еді. 1929 жылы артельге басшы болып сайланып, кейін ұжымшар, кеңшар басқарды. Ол кездері сөздік қорымызда жоқ мемлекетшіл мінезді сол кезде-ақ байқататын. Әңгіме басын әуелі үкімет, сосын біз деп қозғайтын. “Менді” ауызға алуы сиректұғын. Қазіргі жастарға жетіспейтіні – осы қасиет.

Мен – Президенттің алдағы уақытта ахуалды өзгертіп, тұтынуға емес, еңбекпен қамту жағына басымдық беру керек деген ұсынысын жақтаушылардың бірімін. Шыны керек, мені жергілікті билік органдарының бұл саладағы шаралары қанағаттандыра бермейді. Сападан гөрі санға ұмтылушылық басым. Пәленше адамды еңбекке тарттық деген қағаздық көрсеткіштерден гөрі, жергілікті жердегі жағдайға тереңірек назар аудару әлдеқайда тиімді болар еді. Мысалы, үш айлық оқуды тауысып келсе де, шыбық басын сындырмайтындар, ішімдіктен аузы босамайтындар кездеседі. Осындайда оларға қаншама бюджет қаражаты шығындалып, кәсіптік бағдарлауға қалай таңдалынған деген сауал еріксіз туады. Меніңше, масылдықпен күрестің себебін емес, салдарын зерделейтін мезгіл жетті. Оның жолдарын Елбасы мақаласында жіліктеп берді. Осы орайда “Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетінін мойындау қажет. Бұл – өте қалыпты жағдай. Өйткені, адам өзінің қайда бет алғанын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады” деген сөздерінің өмірлік мәні де, тағылымы да зор. Өкініштісі сол, тисті ведомстволар осы жағына жеткілікті түрде көңіл бөлмей келеді. Еліміздегі кәсіптік-техникалық оқыту саласында экономика талап етіп отырған барлық мамандардың үштен бірі ғана даярланады. Сапалық жайы, тіпті, қанағаттандырмайды. Жатақханалар жетіспейді, материалдық-техникалық база төмен. Білікті оқытушылар тапшы. Солтүстік Қазақстан облысында 30-ға жуық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары болса, былтыр оларды мемлекеттік тапсырыспен тамамдағандардың 75 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Қалғандары қайда жүр? Ал ақылы бөлімді бітірген түлектердің жайы не болмақ? Колледждерде білім беру саласына 254 маман әзірленіпті. Солардан “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында 26-сы ғана ауылдық мектептерге орналасыпты. Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі денсаулық сақтау орындарына 280 орта буын маман даярлаған. Ауылдарға жолдама алғандары – 53-і қана. Бұдан соң дипломды, бірақ жұмыссыз жастардың қатары көбеймегенде қайтеді? Жаңа біліктілікті меңгеруден амалсыз қол үзгендіктен, қолайына жақпаса да кездейсоқ салаларда жұмыс істеулеріне тура келеді. “Әншейін құр бұлғақтаған” мұндай мамандардың көсегемізді көгертпесі анық. Сөз арасында қазақстандық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбейтінін де атап өткім келеді. Бірде серіктестікке ауыл шаруашылығы колледжінің шәкірттері тәжірибеден өтуге келіп, танысу барысында оқу-тәрбие үдерісінің жаңартылмағанына, ескірген әдістемелерге негізделгеніне көзіміз жетті. Олардан шыңдалған маман шығатынына күмәндімін. Сондықтан, Елбасы атап өткендей, кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесін құру күн тәртібінде өткір тұр. Қанша әлеуметтік жағдай жасасақ та, жас кадрлардың келуі, тұрақтауы аз. Механизаторладың орташа жасы 55-ке тақап қалды. Олардың орнын басатын кімдер? Әрине, жастар. Негізінен “Джон Дир” секілді шетелдік техникалармен жұмыс атқаратындықтан, жоғары білімсіз оларды игеру қиын. Сондықтан технологиялық және ғылыми өндірістер үшін кадрлар қорын жасақтаудың оңтайлы жолдарын іздестірмей болмайды. Ол үшін білім беру мен кәсіптік даярлаудың озық үлгілерін енгізген жөн.

Бәрімізді толғантатын басты мәселе – масылдықты еңсеру, түп тамырына балта шабу. Елбасының мемлекет тек объективті тұрғыдан еңбекке қабілетсіздер мен аз қамтамасыз етілгендерге ғана көмектеседі деген сөздері әркімді ойландыруы тиіс. Бұрын жұмыссыздарға жұмыссыз болғаны үшін жәрдемақы беріліп келсе, енді бұл көзқарас бүтіндей өзгергенін байқауға болады. Яғни, белгілі мамандық аламын, кәсібін өзгертемін, адал еңбекке ынталамын, шығармашылық, қоғамдық белсенділігімді көтеремін деушілерге жол ашық. Былайша айтқанда, мемлекет көмектеспей болмайтындарға ғана көмек қолын созатын болады. Қалғаны – әр адамның қолынан келетін шаруа.

М. ЖҰМАБЕКОВ: – Мемлекет басшысының жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтыла бермейді деп атап көрсеткен проблема барлық аймақтарға тән дер едім. Елімізде жұмыспен қамту саласын дамыту бірінші кезектегі мәселе ретінде қойылып, жұмыссыздарды оқыту, кәсіптік қайта даярлықтан өткізу, жаңа мамандықтарды игеру секілді салалық бағдарламалар жемісін беріп келеді. Мәселен, “Жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде аяғынан тік тұрып, еңсесін көтеріп, өзіне де, өзгеге де жұмыс тауып берген ауылдастарымды көргенде төбем көкке жеткендей қуанамын. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дөңгелетіп отырғандар қаншама?! Өкініштісі сол, ата сақалы аузына түскен кей ересектердің өздері еңбек десе, кежегесі кейін тартып, артқа шегіншектейтіні қынжылтады. Олардың қатарына түске дейін төсегі жиналмайтын, үй шаруасына келгенде мойны жар бермейтін келіншектерді қоссаңыз, қорғасындай ауыртпалық еңсеңді жаншып жібергендей болады. Ауылда 1400-ге жуық тұрғын бар, араларында жастар аз емес. “Жаман әдеттің жұққыш” келетін әдеті бар ғой. Осы бір жатыпішерлік, тоғышарлық мінездің індет ауруындай тарай бастағаны алаңдатпай қоймайды.

Көктемгі, күзгі дала науқандарына 400-ден астам адам тартылғанның өзінде жұмыс күші жетіспегендіктен, үйлерінде қол қусырып отырғандарға, түні бойы қыдырып, түс ауғанша ұйықтайтын жастарға қолқа салуға мәжбүрміз. Оларға “әке-көкелеп”, арқаларынан қағып, жалынып жүргеніміз. Араларында тепсе темір үзетіндері, әке-шешелерінің зейнетақысын малданып отырғандары, сан сылтау айтып, қоғамдық пайдалы еңбектен басын ала қашатындары баршылық. Бәз біреулерін, еңбек тәртібін қанша бұзса да, жұмыстан шығаруға құлықсызбыз. Өйткені, оларды алмастыра қоятын адам жоқ. Кей жастарға сұранысқа ие мамандықтарға тегін оқып ал деп қанша айтсақ та жуымайды. Не себепті кергулерін түсіне алмай-ақ қойдым. Ауыл шаруашылығы мамандарына да ділгірміз. Сондықтан дәрігерлер, мұғалімдер секілді бұл санаттағыларға Үкімет тарапынан жеңілдіктер жасалса, дұрыс болар еді. Бұл мәселе көптен бері айтылып келе жатқанымен, шешімін таппай тұр.

Елбасы назарындағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету. Оның ішінде әлеуметтік басымдықтар ерекше сипатқа ие. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында кеңінен таралған тұтынушылық пиғыл ақыры жаппай әлеуметтік масылдықты туындатып, жаһандық дағдарыстың өршуіне түрткі болды. Оған балама ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы ұсынылды. Соған орай, бүгінде еңбек ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында, – алдыңғы кезекке шығарылуы мемлекеттің әлеуметтік жаңғырту үдерістерінің бастамашысы және басты қозғаушы күшіне айналғанын айғақтаса керек. Енді әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогресс бағытымен құрылған бұл стратегия масылдыққа орын жоқ дегенді білдіреді. Оған биылғы Жолдауға арқау етілген басым бағыттар дәлел бола алады. Елбасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлудің, керісінше масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеудің маңыздылығын атап көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік жаңғыртылу бағдарламасына белсенділікпен қатыса беретін боламыз.

С. КИРИЧЕК: – Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстан әлеуметтік саланы реформалаудың бірқатар параметрлері бойынша көптеген елдерден алға озып кеткені шындық. Осы уақыт ішінде масылдық деңгейін де біршама төмендете алғанымызды жоққа шығаруға болмас. Алдымызда бұдан да зор міндеттер тұр. Жолдауда еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін жеткізу міндеті қойылды. Ендігі талап – нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену. Мемлекеттің барлық жағдайды тудырғанына қарамастан қазақстандықтардың бір бөлігінің, әсіресе, жастардың бойында әлеуметтік инфантилизм секілді кең тараған құбылыстың сақталып қалуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, еңбек адамын айрықша құрметтеу, беделін көтеру, өнегелі де жарқын істердің мектебін қалыптастыру, зейнетінен бейнеті мол қарапайым кәсіптерді насихаттау дәстүрлерінен қол үзіп қалдық. Екіншіден, заңдар мен құқықтық нормалар жетілдірілмеген, ескірген күйінде қала берді. Ол әлеуметтік-еңбек қарым-қатынасының сәйкессіздігіне соқтырды. Үшіншіден, кәсіби біліктіліктен гөрі мамандықтың сыртқы пішініне көбірек мән берілді. Төртіншіден, жұмыс беруші, жекеменшік иелері және жұмыскердің бір-біріне деген ортақ жауапкершілігі көбіне қағаз жүзінен аса алған жоқ. Міне, басқадай да себептер салдарынан жастар түгіл ақыл кіріп, ес тоқтатты деген азаматтардың өздері керенау тартып, ортақ жауапкершілік қасиетінен айрылып қалды. Президент: “Жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, НӘ-ПА-ҚА табатын жерге қарай ұмтылулары керек!” – дей келіп, “Біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіні рас болса, бұл психологиядан арылу қажет!” – деуі сондықтан.

Газет оқырмандарына сабақ болу үшін жатыпішер жалқаулардың өмірінен бір мысал келтірейін. Инвесторлардың нұсқауымен техникаларды Шал ақын ауданының аумағына орналастырып, көктемгі егін себу науқанына кірісіп кеткенбіз. Байқаймын, жұмысқа себепсіз шықпайтындардың қарасы көбейе бастаған тәрізді. Бастапқыда түзеліп кетер, жаңа басшылыққа үйренісе алмай жатқан шығар деген үмітпен еріншектердің дегеніне көніп жүрдік. Негізінен, жергілікті тұрғындар екені әрі басқадай табыс көзінің жоқтығы да ескерілді. Жоқ, жаман әдеттерін қояр емес. Араққа сылқия тойып алып, күні бойы түк бітірмей, сенделіп жүретінді шығарды. Ал сосын жанар-жағармай ұрлауға көшкеннен кейін шыдам таусылды. Әрқайсысымен жеке сөйлессем: “Біз сияқты бесаспап мамандарды табу қиын. Жұмыстан шығарсаң да еріксіз қайта аласың”, – деседі. Сөздерінің сиқы осы. “Жаздым-жаңылдым” десе, кешіріммен қарар ма едік. Кейін білгеніміздей, олар үшін маскүнемдікке салыну мен ұрлық-қарлық  жасау кәдуілгі өмір салтына айналған болып шықты. Ұзын сөздің қысқасы, ішімдікке салынғаны үшін 24 адаммен қош айтысуға тура келді. Серіктестіктің иелігінде Шудасай деген ауыл бар. Одан алғашқыда 25 адам жұмыс істеуге тілек білдірген еді. Қазір қалғаны – 3 адам ғана. Себеп біреу ғана: ел ішін індеттей жайлаған маскүнемдікке салыну.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp