Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Баларман” балабақшасы – қаладағы мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын бес жекеменшік мекеменің бірі. Ол бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесінде көптен бері қиындық тудырып келе жатқан Жұмысшы кентінде өткен жылдың 1 шілдесіндегі Балалар күні мерекесіне орайластыра ашылды. Оған облыс әкімі Самат Ескендіров қатысып, бұрынғы ескі ғимараттың адам танымастай жаңғыртылып, бүлдіршіндер үшін жанға жайлы жақсы жағдай жасалғанына ризашылығын білдіріп, ұжымға 1 миллион теңгенің гранты сертификатын тапсырды.
Қазірде 73 бүлдіршінге тәлім-тәрбие беріп жатқан балабақшада үш топ жұмыс істейді, оның екеуі орыстілді және бір тобы қазақтілді балаларға арналған. Екіқабатты ғимараттағы бүлдіршіндердің ойнайтын, ұйықтайтын, жуынып-шайынатын және дәрігерлік бақылау мен әдістемелік бөлмелері осызаманғы санитарлық талапқа сай жарақтандырылған, көздің жауын алатын жаңа жиһаздары және жабдықтары жұтынып тұр. Сондай-ақ үш топтағы балаларға ортақ спорт және акт залдары да бар. Ғимараттың пайдалы алаңы 1 мың шаршы метр, ал сыртқы жер аумағы қалалық әкімдік арқылы жер қосып берілгеннен кейін 1 гектарға жетіпті.
– Іскерлік ойдың өзімнен шыққаны рас, бірақ ойға алғанды іске асыру оңай шаруа емес. Бұрын кәсіпкерлік іспен айналыспаған, таза ұстаздық еткен адамға ол қайдан жеңіл болсын?! Отбасымызбен ойға алған соң бірлесе қимылдап, “Даму” қоры АҚ-ның кәсіпкерліктің экспресс дайындығынан өтіп, сертификат алдық. Жеке ісіңді жүргізгің келсе, кейде нар тәуекелге бармай да болмайды екен, үшбөлмелі пәтерімізді сатып, үш жан бірбөлмелі пәтерде тұруымызға тура келді. Оның арасынан түскен қаражатты жаңа кәсіп ісін бастауға пайдаландық. Қаланы аралап, балабақшаға қолайлы жер іздегенде алдымен қалалық Білім бөлімінен оған қай жерде, қандай сұраныс барын зерттеп біліп алдық. Жұмысшы кентінде бір ғана “Малыш” балабақшасы бар екен, оның өзі сұранысты мүлде өтей алмай отырғанын білдік. Сондықтан тәрбие ошағын осында ашуды ұйғардық. Ал бірақ соған лайықты ғимарат іздегенде оңайлықпен табыла қойсыншы?! Бұрынғы ескі балабақшалар қолдан-қолға өтіп, әбден тозып бітіпті. Олардың ішінен ұнатқанымыз табылмады. Сосын осы екіқабатты бұрынғы ателье ғимаратына тоқтадық, оның да жағдайы жақсы емес еді, коммуналдық тораптары бұзылған, жарықсыз және жылусыз ғимарат болатын, – дейді балабақша директоры Балдырған Ілиясов.
Сонымен бірге бұл жерді қалауына оның бұдан он жыл бұрын осы Жұмысшы кентіндегі №42 мектепте директорлық қызмет атқарғаны да себеп болған сияқты. Өйткені, мұндағы тұрғындардың көпшілігі өзіне жақсы таныс, олармен одан әрі тіл табысып кетеріне сенімді болды. Балабақшаға бала бергендердің ішінде сондай таныстарының болуы бүлдіршіндер тәрбиесіне септігін тигізеді деп білді. Бүгінде бұл тоқтамының дұрыстығына көзі жетіп отыр.
Расын айтса, кәсіпкерліктің ретін тауып, бастап кетудің өзі жеңілге түспейді екен. Көп мәселелер қалалық әкімдіктің келісімімен шешімін тапты. Ол көбінесе құжаттандыру мен рұқсат алу мәселелеріне қатысты көрініс табады. Мысалы, онсыз коммуникацияларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Сәтін салғанда Балдырған Қамбарұлына бұл жағынан кедергілі келеңсіз жайлар болған жоқ. Тиянақты бизнес-жоспарын жасау үшін тағы да “Даму” қорынан қосымша дайындықтан өтті. Басында жалға алынған ғимараттың жалақысын төлеп отырудың өзі оңайға соққан жоқ. Қолындағы аз-мұз өз қаржысының көбі соған жұмсалды. Кәсібін одан әрі дамытуды ойлаған Балдырған осы қиын кезде облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы арқылы облыс әкімдігіне шығып, “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша Үкіметтің қолдауын сұрады. Бұл мәселе оң шешімін тауып, бизнесін дамытуға банктен кредит алу мүмкіндігі туды.
– Сосын банктермен жұмыс істей бастадық. Өңірдегі екінші деңгейлі банк филиалдарының ішінде таңдауымыз өзімізге сенімдірек көрінген “Темір-банк” АҚ-ның филиалына түсті. Сөйтіп, жылдық 14 пайыз сыйақы өсімінің тең жартысын жоғарыда аталған бағдарлама жабатын қажетті кредит қаржысына қол жеткіздік. Яғни, ол үшін біз жылдық 7 пайыз ғана өсім төлейміз. Қолға тиген қаржыны ғимаратты толық өз атымызға сатып алуға, күрделі жөндеуден өткізуге, жиһаздар алуға және инфрақұрылымдарды қосуға жұмсадық, – дейді ол.
Сондай-ақ осы істердің көпшілігі облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқанын да жасырмайды. Айталық, жергілікті биліктің жәрдемінің арқасында Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан “Балапан” мемлекеттік бағдарламасына еніп, оның ырыздығын көріп отыр. Бұл – балабақша қызметкерлерінің еңбекақылары мен коммуналдық төлемдерін осы бағдарлама өз мойнына алып отыр деген сөз.
Осындай ұйымдастыру жұмысын бірыңғайлап, тәрбие беруге кіріскелі де, міне, жеті айдан асып барады. Қазір ол бұрыннан қалыптасқан тәрбие ошақтарынан кем емес, қайта кейбір істе ізденісімен көзге түсуде. Сондай бір ауызға аларлықтай, ұтымды іс-шараның бірі – балабақшаның “Алғашқы қадам” атты бағдарлама бойынша жұмыс жүргізіп отырғандығы. Бұл ұлттық дәстүрге баулитын, патриоттық тәрбие беретін және ата-аналардың өзін бала тәрбиесіне үйрететін қазақстандық бағдарлама болып саналады. Оның аясында балабақшада ата-аналарға арналған университет жұмыс істейді, онда оларға аптасына бір рет лекция оқылады. Ата-аналардың бәрі жас болғандықтан, бүлдіршіндер тәрбиесінен олардың дәріс алғандары артық емес.
– Балабақшада балалардың тәрбиесіне ғана емес, денсаулықтарына да зер саламыз. Сондықтан оларды денсаулық қорғаудың арнайы бағдарламасы бойынша шынықтырамыз. Оған балаларды жалаңаяқ ұсақ тұздың үстінде жүргізу және салқын су құйып, шомылдыру енеді. Сондай-ақ оларды жиі-жиі далаға серуендетіп, суыққа бейімдеу де тәжірибемізде бар. Тағы бір айта кететін жай, бізде әр балаға жеке кәртішке ашылған, онда өсу ырғағы зерттеліп, жазылып отырады. Сол бойынша алдағы сәуір айында әрбір тәрбиеші есеп беруі тиіс, одан біз әр баланың жетістіктерін немесе кемшіліктерін білетін боламыз. Өсу ырғағынан ата-аналар тәрбиесінің қатысы да көрініс табады. Бала ауырмай немесе басқа себептерсіз балабақша күнін босатпаған болса, олардың ата-аналарына күтім және тәрбие жұмысындағы ынтымақтастығына рахметімізді айтамыз, – дейді Балдырған Қамбарұлы.
Сондықтан да “Баларманға” бала беруге тілек білдірушілер Жұмысшы кентінен ғана емес, қаланың басқа аудандарынан да көптеп табылуда. Ата-аналарды балабақшаның тәлім-тәрбие жұмыстарымен бірге өздеріне қолайлы жұмыс кестесі де қызықтырады. Мұнда тәрбиеленушілерді таңғы сағат 8-ден бастап қабылдап, кешкі сағат 7-ге дейін күтеді. Балабақшада еңбек ететін тәрбиешілердің бәрі жастар, олардың ішінде жоғары санаттағы маман Сәуле Бекмурзина ғана болғанымен, Ирина Буряко, Құндыз Қожина, Самал Әбілова, Лилия Ожогова және Ольга Шпигель сияқты жастар өздерінің бала тәрбиесіне деген сүйіспеншілігін танытып үлгерді. Балабақшада барлығы 24 адам еңбек етеді, яғни Балдырған өзінің кәсіпкерлік ісімен осынша адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазірдің өзінде бүлдіршіндерді сан қырлы өнерге баулитын ән, би, дене тәрбиесі және бейнелеу үйірмелері жұмыс істейді. Балалардың оларға деген қабілетін ашатын музыка аспаптары, түрлі-түсті бояу, қарындаштар, спорттық ойын жабдықтары жеткілікті.
Жекеменшік мекеменің өзгелерден бір артықшылығы – керегін сатып алу үшін тендерге түсудің қажеті жоқ. Тендерде тамақ өнімдерін ұтқандардың тұтынушыларына сапасыз өнім түсіріп, әсіресе, мектептер мен балабақшалардың алдында ұятқа қалып жүргені жиі кездеседі. Балдырған Қамбарұлы оған жол бермейтіндерін айтады, өйткені балабақшаға қажетті азық-түлік сертификаттық куәліктері бар өткізушілерден қолма-қол сатып алынады. Әр баладан айына алынатын 20 мың теңге төлемақының шамамен 8,5 мың теңгесі тамаққа жұмсалатын көрінеді. “Балармандағы” балабақша төлемақысын көп деуге болмайды, коммуналдық меншіктегі балабақшалардікімен шамалас.
Өзіміздің көзіміз көрген Қамбар әкейдің бірнеше қыздың ортасындағы жалғыз ұлына Балдырған есімін бергенін бүгінде көрегендік деп отырмын. Ғұмыр бойы бастауыш сыныптарға сабақ берген қарт ұстазда ұлының өз ізін қуып, бүлдіршіндерге білім нәрін құятын азамат болса екен деген ізгі үміт болғанға ұқсайды. Балдырған, шынында да, әке үмітін ақтап, ұстаздық жолға түсті. 1984 жылы Петропавл педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетін бітірген жас 1996 жылға дейін туған ауылы Балуанда орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды, одан кейін осы қызметін қаладағы №6 қазақ орта мектебінде жалғастырды. Одан кейін қаладағы №42 орыс орта мектебі мен қазақ мектеп-гимназиясын басқарған кездері де болды. Оның ғұмырлық сүйікті ісі – бала тәрбиесі. Ал одан күткендегідей нәтиже шығара алатыны алғашқы аяқалысынан байқалады.
Петропавл қаласы.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.