«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛЫНМЕН ЖАҒАЛАСАТЫН ЖАУЖҮРЕК ЖІГІТТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өрт – тілсіз жау. Оттан жылына қаншама адам жапа шегеді десеңізші?! Ал өрт сөндіру қызметінің мамандары оқиға орнына дер кезінде жетсе, талай адамның өмірі сақталып, біраз дүние-мүліктің аман қалары сөзсіз. Бұл салада қызмет ететін жасақтар төтенше оқиға орын алған жерге қарай атқа қонған кезде өздерінің жанын шүберекке түйіп шығады десек, асыра айтқандық емес. Олар – аталмыш мамандықты саналы түрде таңдай отырып, адамдарға қызмет етуді мақсат тұтқандар.

Болат Жұмажановтың өртсөндірушілер қатарында жүргеніне биыл 14-ші жылға аяқ басты. Осы жылдар ішінде оның бойында өз міндетін атқару үшін сергек оянатын, жүре киінетін, тамақты тұрып ішетін мінез-құлық қалыптасқан. Бұл – әрбір өртсөндірушіге тән қасиет.

– Бірде үлкен өртті сөндіріп, үйге келген кезде есікті анам ашты. Мұз болып қатып қалған киімімді, күйе-күйе бет-әлпетімді көрген ол мені аяп: “Балам-ау, осы жұмыстан басқа кәсіп табылмады ма?” – деп күйзелгені бар. Бірақ мен ешқашан бұл шешіміме өкінген емеспін, – дейді өз таңдауын оң жасағанына сенімді Болат Жүкенұлы.

Болат Жұмажанов М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің автокөлік факультетін бітірген соң 2000 жылы өрт сөндіру қызметіне инспектор болып жұмысқа орналасады. Міндетін абыройлы орындап, әріптестерімен тіл табыса білген жігіт көп ұзамай қарауыл басшысы, одан кейін Петропавл қаласындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары қызметіне лайық деп табылады. Ол жұмыс арасында Көкшетау қаласындағы техникалық институттың сырттай оқу бөлімін “Өрт қауіпсіздігі инженері” мамандығы бойынша тамамдап алған. Бүгінде ол – өртке қарсы қызмет подполковнигі.

– Әкем жігітке жеті өнер де аз болатынын, әр нәрсені үйрену керектігін айтудан жалықпайды. Сондықтан болар, спорт пен техникаға жақындық, музыка мен домбыраға әуестік балалықтың желігі болса да, есейген кезде олардың маған үлкен пайдасы тиюде. Мен қаладағы №14 орыс мектебінде оқысам да, ата-анамның “Үйде қазақша сөйлеңдер!” – деп қойған талабының арқасында бүгінде өзіме қажетті іс-қағаздарды орыс-қазақ тілдерінде қатар жүргізе беремін. Осылайша қатарымның алды болуға отбасылық тәрбиенің маңызы зор болды дер едім. Не нәрсеге болсын үйренуге талпынсаң, артықтық етпейді екен, – дейді ол.

Оның қарамағында 54 адам еңбек етеді. Басшы ретінде әр қызметкердің өмірі мен жұмысына жауапты екенін жақсы түсінетін ол бұл кәсіпті ауыр санаса да, оның қадірлі екендігін мақтан тұтады.

– Басты мақсатымыз – өрт оқиғасы кезінде адамдардың өмірін сақтап қалу. Өрттен дабыл түскеннен кейін оқиға орнына жеткенше байланыс желісі арқылы барлау жасап, жанып жатқан нысанның ішіндегі жағдай және оның адам өміріне төнген қауіпті тұстарын пысықтап аламыз. Бірінші кезекте адамдарды оттан әрі әкетіп, одан кейін жарылғыш заттар болса, солармен айналысамыз. Ең соңында оқиға орнындағы материалдық шығынды мейлінше азайтудың жолдарын қарастырамыз, – деген ол Петропавл қаласында жауынгерлік есепте тұрған 5 өрт сөндіру бөлімінің бар екенін тілге тиек ете отырып, №3 бөлімінің мамандары өртсөндіруші және құтқарушы міндеттерін қатар атқаратындықтан, өздерінің төтенше оқиға кезінде жиі шақырылатынын айтты. Өңірімізде екі бөлім ғана өрт сөндіру және құтқару жұмыстарына арнайы машықтанған. Сондай-ақ олар жақында алғашқы медициналық көмек көрсету дайындығынан өтіп, олардың көмек көрсету біліктіліктері арта түскен.

Өртсөндірушілер жыл он екі ай бойы қызметтеріне сақадай сай отыруға мәжбүр. Көктем мен күзде егіс басындағы өрт оқиғалары, қыста жылыту құралдарының зардаптары жасақтардың жайбарақат болуына мұрша бермейді. Соңғы жылдары өрт қауіпсіздігі саласы жаңа, осы заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сол техникалардың құлағында ойнау үшін ұдайы жаттығу қажет. Сондықтан бөлімде сабақтар өткізу – күнделікті шара. Жасақтар екі сағат теориялық білім алса, тағы екі сағатты оны тәжірибе жүзінде игеруге арнайды. Мұнда 20 өртсөндіруші еңбек етеді. Олар оқиғадан дабыл түссе, бір минуттың ішінде көлікке мінулері тиіс. Тіпті, ұйықтап жатқан адамның өзіне осынша уақыт беріледі. Сондықтан олардың сенімді серігі – спорт. Арнайы сынақтар арқылы өздерінің жұмысқа қаншалықты дайын екендерін де сынап отырады. Жасақтың құрамындағы жүргізушінің өзіне үлкен міндет жүктеледі. Оған оқиға кезінде көлікті керекті жабдықтармен толық қамтамасыз ету, көлікті нысанға ыңғайлы жақындату, оқиға басына тез жету және қала ішіндегі жүрісте жол ережесін бұзбау талаптары қойылады. Осының барлығы қас қағым сәтте атқарылатын жұмыстар.

– Біздегі көліктердегі судың сыйымдылығы – 5 және 8 текше метр. Ол су 20 минутқа ғана жетеді. Тұрғындар өртсөндірушілер сусыз келіпті деп шулап жататыны содан. Ондай жағдай болмас үшін біз өрт болған жерді мұқият барлап, қолданатын тактикамызды дұрыс таңдауымыз керек. Бізде техника жеткілікті. Тек кішігірім өрт оқиғасы кезінде пайдалануға икемді шағын автокөліктер болса деп ойлаймыз. Сондай-ақ құтқарушы міндетімізді орындау үшін қажетті құрал-жабдықтар жетпейді, – деп Болат Жұмажанов бөлімдегі көкейкесті мәселелерді де алға тартты.

Құрғақшылық болса – жаз мазасыз, қатты аязда – қыс қатерлі. Өйткені өрт оқиғасын тудыратын бірінші фактор – адамның өзі. Болат Жүкенұлының айтуынша, осыдан екі-үш жыл бұрын К. Сүтішев көшесінің бойындағы бір үйде өрт шығып, оның араққа құмар иесі терезеден шығарылып алыныпты. Бір жылдан кейін әлгі үйге тағы да шақырту болған. Ол жолы арақтың ықпалындағы сол адамды құтқарудың сәті түспеген. Көп жағдайда оттың ортасында қалу оқиғалары адамның жауапсыздығынан болады, дейді ол.

Өртсөндіруші білімді де білікті, өз-өзіне сенімді, оттан қорықпайтын, судан тайынбайтын, қызмет барысында жанпида ете алатын болуы керек. Бұл мамандыққа әскер қатарында болып келгендер оңай көндігіп кетеді екен. Тоқетерін айтар болсақ, бұл – жігерлі, ойлы жігіттер атқаратын іс.

– Өртсөндіруші оқиға болып жатқан жерге жеткен кезде бас-көз жоқ оттың ортасына кіріп кетуі дұрыс емес. Ол жанып жатқан ғимараттың қаншалықты қауіпті екенін, жұмыс атқаруға қанша уақыт қалғанын, қайтсе оның залалын азайтуға болатынын, отты тез ауыздықтаудың тиімді жолдарын тез сараптап, жоспар құра білуі керек. Сондай-ақ бұл ұжымдық жұмыс болған соң басқа әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеуге дағдыланған жөн. Өрт сөндірудің әдіс-тәсілін жетік білген жан оқиға кезінде үлкен жұмыс атқарады. Бұл мамандық – ер жігітке лайық жұмыс. Оттан, қиындықтан қорыққан адам басқаға көмек көрсете алсын ба?! – деген ол өзінің кадр даярлау жұмыстарын жүргізген кезде түрлі адамдармен жолығатынын, сырт көзге шымыр көрінген адамның іске келгенде сенімді ақтамайтын кездері болғанын айтып, сөзін жалғастырды: – Біраз жігіттерді дайындадым. Сонда өздерін көрсете алмаған бір-екі жігіт болды. Біреуі өрт оқиғасы кезінде тығылып жүрсе, екіншісі шаршағандығын айтып, отырып алды. Өрт жағдайында тез қимылдамасаң, қауіп ұлғаяды. Бір адамның салғырттығының өзі үлкен қасірет әкелуі мүмкін. Ол екеуі де өз қателерін, өздерінің бұл жұмысқа лайық емес екендіктерін мойындап, жұмыстан шығып кетті. Ал жалпы бөлімдегі әр маманды ержүрек деп мақтан ете аламын, – дейді басшы.

Шындығында да, оның жігіттері мамандыққа адал, жауапты және ержүрек екендерін іспен талай дәлелдеп жүр. Олар өздерін басқа өңірлердегі әріптестеріне мойындатқан. Былтыр Астана қаласында 200-ден аса өрт сөндіру бөлімі қатысқан республикалық сайыста Петропавлдағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бірінші орынды иеленді. Онда өрт сөндіру ісіндегі жақсы көрсеткіштер, ісқағаздарын жүргізу, жасақтардың кәсіби дайындығы есепке алыныпты. Олардың ірі нысандарға жедел жоспар жасау шарасы да көзге түскен. Осылайша өз міндеттерін іспен де, қағаз жүзінде де көрсете білген олардың абыройы асқақ болған. Ал оттың құшағынан алынып шыққан адамдардың қайсысы болсын өздерін ажалдан алып қалған құтқарушыларына алғыс айтпай қоймайды.

– Жақында облыс орталығының Партизан көшесінде тұратын үлкен кісі біздің департаментке хат жолдап, өзін құтқарған жасақтарға алғысын білдірді. Тіпті, ит-мысығын құтқарып бергенде де алғыстарын білдіріп жатады. Осындай сәттерде бұл мамандыққа деген құрметің тіпті ұлғаяды. Адамға көмек көрсетудің өзі – бақыт! – дейді өртсөндіруші әрі құтқарушы Болат Жұмажанов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp