Ермек АҚТАНОВ,
Жамбыл ауданының №11
өрт сөндіру бөлімінің бастығы,
өртке қарсы қызмет майоры.
1989 жылдың 15 ақпаны… Бұл – сол жылдары Отан қорғауға шақырылатын баласы бар ата-ананың қуанған күні. Бұл – баласын әскер қатарына аттандырып, жауынгер-баласымен тірідей қауыша алмай, қазадан қабырғасы қайысқан ата-ананың бейбітшілікті қолдаған күні. Бұл – кеңес жауынгерлері үшін қатысы жоқ соғыстың аты өшіп, азаматтарымыздың санасына үрей тудырған сәттердің ғайып болған күні.
Бұл соғыстың тоғыз жылдан астам уақытқа созылып, аяқталғанына 25 жыл болса да, оның мыңдаған азаматтың жүрегіне салған жарасы әлі күнге дейін жазылған жоқ. Сол соғысты өз көзімен көрген жауынгерлердің естелігі бүгінге дейін адамның сай-сүйегін сырқыратады. Олардың әрқайсысы сол майданда ерлік көрсетіп, туған жерлеріне қаһарман болып оралды. Мұны уақыт оза “ауғандықтардың” өзі мойындады. Тәуекелге бел буған жауынгерлер Отан алдындағы борышын адал өтеп, абырой мен міндет ұғымдарының мәнін шынайы ұғып келді. Бүгінгі жас ұрпаққа патриотизм туралы әңгіме айтқан кезде осы Ауған соғысы ардагерлерінің үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Тарих парағында қанды әріптермен жазылған бұл соғысқа Жамбыл ауданынан 43 жауынгер қатысты. Сондағы бейбіт өмірде тағдыры күрт өзгергендердің бірі – әріптесім Айдос Ипов. Ол – бүгінде Благовещенка ауылының №11 өрт сөндіру қосынының басшысы. Егемен еліміздің игілігі үшін абыройлы еңбек етіп жүрген Айдос Ипов Отан алдындағы азаматтық борышын 1987-1989 жылдар аралығында өтеген. Қазақстандық жауынгер үшін өмір сүру салты бөтен, табиғаты мен климаты өзгеше бейтаныс елге барып, өз жерінің ой-шұңқырын жақсы білетін ауғандықтарға қарсы тұру оңайға соққан жоқ.
– Біздің саперлік полк Чарикар қаласына орнықты. Бұл қала Пәкістан шекарасы маңында орналасқандықтан, тыныш отырған күніміз болған емес. Жер-жерде моджахедтер жайлап, өздерінің құпия оқу-жаттығу базаларын құрумен қатар, олардың түрлі құрылымдары жүк тиелген көліктерге шабуыл жасап, қастандық жасайтын еді. Біз сол маңдарға барлау жұмыстарын жүргізіп, жолдарды түрлі апаттардан тазалаумен болдық, – деп еске алады Айдос Қайырұлы.
Ауған соғысы, әсіресе, жас жауынгерлерге оңайға тимегені анық. Себебі, шабуыл кез келген бағыттан болуы мүмкін еді. Дұшпандар жоқ жерде пайда болып, бірер уақыттан кейін олардың қалай ғайып болып кеткенін де байқамай қалады екен. Ауған соғысының әрбір ардагері осындай қиын сәттерде бір-бірінің жанынан табылып, кез келген уақытта жауға төтеп беру мүмкіндіктеріне жұмыла кірісіпті. Осындай ерліктің арқасында кеңес жауынгерлерінің біразы өлімнен аман қалған. Айдос Ипов соғыста адам жанының тәуекелге тігілетінін есіне түсіріп, талай жолдасының көз алдында шейіт болғаны санадан өшпейтінін айтады. Адам жаны шүберекке түйілген шақта оқиғалардың қайғысыз-мұңсыз болмасы анық. Мұны да басынан өткерген Айдос Қайырұлы бүгінгі бейбіт өмірде қаза болған достары үшін де абыройлы еңбек етіп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуге талпынады. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарау – нағыз жауынгерге тән қасиет. Айдос Қайырұлы ІІ-ІІІ дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін”, “Қайырымды Ауған халқының атынан”, “Интернационалист-жауынгерге”, “КСРО-ның Қарулы Күштеріне – 70 жыл”, “АДР-нан кеңес әскерінің шығарылғанына – 15 жыл” медальдарымен марапатталған.
Біз ауыр тағдырды бастан өткерген тұлғаға қарап, осындай өмірлік тағылымы мол адаммен бірге жұмыс істегенімізге қуанамыз. Айдос Қайырұлының бойындағы ер-азаматқа тән ерекше қасиеттерді өз бойымызға сіңіруге тырысамыз. Оның әңгімесін тыңдай отырып, тарихтың тереңіне үңілеміз. От пен суды кешкен Ауған соғысының ардагерлері – қашанда құрметке лайық жандар!