Кеше кешкісін облыс әкімі Самат Ескендіров жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдап, өтініш-тілектеріне қарай жауап берді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл қаласының тұрғыны, зейнеткер Роберт Ибрагимов Жұмысшы кентіндегі ескі әуежай аумағында осыдан 7 жыл бұрын ашылған мұсылмандар зиратының бүгінгі жағдайын айта келіпті. Оның басына осыдан 5-6 жыл бұрын “Петропавл арнайы қызмет көрсету” ЖШС-нің күшімен қызыл кірпіштен шырақшы үйі салынған. Алайда, қаражат тапшылығына байланысты тәулік бойы күзет қызметінің ұйымдастырылмауынан зират басындағы темір қоршаулардың ұрлануына, ескерткіш-тақталардың қасақана бүлдірілуіне жол беріліп отыр. Сонымен бірге Омбы айналма жолынан зиратқа дейін баратын далалық жол жүруге жарамсыз. Екі шақырымдай аралыққа көтерме жол салынбаған. Сондықтан қыс көзі қырауда, жауын-шашында келмес сапарға аттанған кісінің мәйітін мәңгілік орнына жеткізу мұсылман қауымына қиындық келтіруде. Осыған дейін екі ұлын жер қойнына берген 79 жастағы еңбек ардагері облыс әкіміне осы мәселені түбегейлі шешіп берсе деген 120 адамның аманатын арқалай келіпті.
Самат Сапарбекұлы қарияның өтініш-тілегін мұқият тыңдап, көтерілген мәселені шешу үшін зерттеп, өз бақылауына алатындығын жеткізді.
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Қазбек Ақмамбаев жабылып қалғанға дейін “Тоқшын-Астық” кәсіпорнын басқарған екен. Қазір жұмыссыз. Қазбек Есләмұлы еңбекке орналасу мәселесінде өңір басшысының көмек көрсетуін өтінді.
Астаналық “Риж-Құрылыс” ЖШС-нің бас директоры Серік Ақжанов Юбилейная көшесіндегі 9 қабатты 126 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға, ал “Рүстем” ЖШС-нің директоры Мұратбек Омаров өндірістік мәселелерді шешуге қолдау көрсетсе деген ниетпен облыс әкімінің жеке қабылдауына келген екен.
Бұл күні жеке мәселелер бойынша қабылдауға келген азаматтардың барлығы да өтініш-тілектеріне орай нақты жауаптар алды.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.