«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАР ОРТАЛЫҒЫНА ДЕМЕУШІЛІК КӨМЕК ЖАСАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры АҚ облыстық филиалының
менеджері.

Жуырда “Даму-Көмек” бағдарламасының аясында Петропавл қаласындағы мүгедек балаларға арналған “Северный бриллиант” ЖШС-нің сауықтыру орталығына “MAIMIR” ЖШС-і компаниясы сенсорлық сауықтыру бөлмесіне қажетті массаждық төсағаш сатып әперіп, демеушілік көмек жасады.  

Балалар орталығының басшысы Галина Бондаренко – осынау жауапты іске шын берілген жан. Оған орталықты ашу оңай болған жоқ, аяғынан сабылып, талай мекеменің есігін тоздырды. Ең алдымен, орталыққа лайықты орын, сосын жаттықтыру құрылғыларын, шарлар толтырылған құрғақ бассейн, шары бар жастықтар және тағы басқа жетіспейтін арнайы жабдықтар іздеді.

– Сол сияқты біз, ерекше мұқтажы бар балалармен де жұмыс істейміз. “Даму-Көмек” бағдарламасы бойынша демеушілік қолдаудың арқасында олар үшін массаж кабинеті және психологі бар сенсорлық сауықтыру бөлмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ ауру балалардың біртіндеп қол қозғалысын, ойлау қабілетін, шығармашылығын және дене шынықтыруын дамыту жөнінде сабақтар өткіземіз, – дейді орталық директоры.

Қажетті массаждық төсағашты “ZETA” дүкенінің директоры Чингиз Чоканның өзі бас болып сатып әперіп, тегін сыйға тартқандықтан, орталықтағы емделетін балалар үшін сылап-сипау кабинеті жұмыс істейтін болады. “Мүгедек балалардың жағдайын ойласақ, қайырымдылықтан қалыс қалмауымыз керек”, – дейді дүкеннің директоры.

“МАІМІR” ЖШС-і компаниясы жиһаз өндірумен және оны өткізумен айналысады. Компанияға балалар орталығына демеушілік көмегін көрсеткені үшін “Даму” қоры облыстық филиалы Алғыс хат тапсырды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp