«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДАҒЫ КҮРЕС қағаз жүзінде жүргізілетін сияқты…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде (Қаржы полициясында) мемлекеттік қызметшілер арасында “Жемқорлық белгілеріне төзбеушілік” тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Семинар-кеңесті ашқан департамент бастығының орынбасары Ермекбай Қожахметов мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін жемқорлықтың алдын алуда және оны болдырмауда атқарып жатқан жұмыстарының ауқымды екенін тілге тиек етті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық басқармасының Инспекция және бақылау бөлімінің меңгерушісі Дулат Тайшабай өздерінің атқарып жатқан жұмысына тоқталып, жемқорлық құқық бұзушылық бойынша 85 мәселенің қаралып, 28 тұлғаның қызметінен босатылғанын, 4-еуінің лауазымы төмендегенін жеткізді.

Ал өңірімізде жемқорлыққа қарсы қолға алынған шаралар жайында баяндаған Қаржы полициясы Жемқорлық бойынша істі ашу және ескерту жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Расул Мұстафиннің айтуынша, өткен жылы – 56, ал үстіміздегі жылдың осы күніне дейін 29 жемқорлық қылмыс тіркелген. “Нұр Отан” партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сайран Хамзиннің айтуынша, кеңес мүшелері жүргізген сараптама әлі күнге дейін тұрғындар арасында құқықтық сауатсыздық кең таралғанын көрсеткен. Сондай-ақ кейбір мемлекеттік органдардың жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыс жоспарлары жылдар бойы жаңартылмайтындығына тоқталған Сайран Хамзин тек жауапты тұлғалардың аты-жөндері ғана өзгертілетіндігін ашық айтты. Бұл ондай мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыстың қағаз жүзінде ғана жүргізілетіндігін көрсетіп отыр.  

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасы бастығының орынбасары Қанат Бұрмағанов Елбасының үстіміздегі жылдың 4 наурызында елде кәсіпкерлік қызметтің дамуы үшін қажетті жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралары туралы мәлімдемесін тілге тиек етіп, бизнестің мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз тексерілуін болдырмау мақсатында Қаржы полициясының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Мәселен, департамент 2013 жылы осындай 7 заңсыз тексеру фактісін анықтаған.

Семинар-кеңес соңында оның қатысушылары бірқатар ұсыныстар айтты. Соның бірі – сыбайлас жемқорлыққа барып, тұтылған азаматтарды ұстау барысында түсірілген бейнедәйектерді ролик ретінде қала көшелерінде орналасқан экрандардан көрсетіп отыру.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp