«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСТАН ҚАМАЛ ТҰРҒЫЗҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс орталығының тұрғыны Ануар Файзулиннің шеберлігіне еріксіз таңғаласың. Оның Ойқаладағы үйінің алдына өз қолымен істеген кішкентай қамалдары кәдімгі тастан тұрғызылған ертегі әлемі сияқты. Өте әдемі, жерден сәл ғана биіктікте орналастырылған сәнді дүниелердің әрқайсысы өз алдына ерекше. Олардың тұла бойында бір жұмбақ жасырылған ба дерсің?! Әр қамалдың қасынан өткен сайын оның арғы жағынан ханзада немесе ханшайым шыға келетіндей сезімге бөлінесің. Шебер үйлестірілген әрбір зат сонау ерте заманның сырын шертіп тұрғандай. Қараған сайын қызыға түсесің. Күнделікті, біз мән бере бермейтін аяқ астында жатқан жай ғана кішігірім заттардан талайларды тамсандырған таңғажайып дүние жасап шығарудың өзі қолөнершінің ой ұшқырлығын білдіреді емес пе?!

– Біздің үйіміз сары балшық үйіндісінің етегінде орналасқан. Өте биік және үлкен болғандықтан, мұны өзімізше тау деп те атаймыз. Менің бала кезімде бұл жерде жай ғана балшық болатын. Жаз айында оның үстін шөп басып кетсе, қыста аппақ қардың астында болатыны әлі есімде. Ал күз, көктем айларында жауын, қар суынан небір зиян келмес үшін ата-анам үнемі етегіне үлкен-үлкен тастар қойып, өздерінше білгендерін істеп жүретін. Өсе келе мен де оларға көмектесетін болдым. Бірақ уақыт дегенің тастың өзіне де үстемдігін жүргізеді екен ғой. Арада біраз жыл өтті. Мен ержеттім, үйлендім, ал мәселе сол қалпында қала берді. Бір кездері орнатқан тастар үгітіліп, тағы да жаңарту керек болды. Сөйтіп, “бірінің үстіне бірін жайғастырып тастарды қоя бергенше, басқа нәрсе жасасам қайтеді” деген ой келді маған. Бастапқы кезде гүл ектім, бірақ, әдемі болып жайқалып өсіп келе жатқанда біреулер қызыға қараса, екінші біреулері жұлып, лақтырып кететін кездер де болып жатты. Содан қабырғаға тастан әдемілеп, кішкентай етіп қамалдар сала бастадым. Біреуі екіншісіне жалғасып, көбейе берді. Бір-біріне ұқсай қоймайды. Кәдімгі ертегідегі қамалдар сияқты етіп жасауға тырыстым. Құрылысқа негізінен ақ, қызыл түсті тас, түрлі темір қалдықтары және басқа да заттар қолданамын. Қамалдың алды түнде жарық болу үшін шам тарттым. Шамның өзін ескі үлгіде жасадым. Қамалдың бір ғана есігі болмайды, ертегілерді көріп, оқыған болсаңыз, білесіз. Сондықтан мен де бір бүйірінен ашылатын үлкен есік жасадым. Оған ағашты қолдандым. Астыңғы жағынан гүрілдеп су ағып жатқандай етіп істедім. Бұл бір ғана қамалда бар. Ал дұрыстап қарасаңыз, басқаларынан да өзіндік бір ерекшелікті көруге болады. Мұнымен әлі шектелмеймін. Көктемде қайта жалғасады. Осылайша бірер жылда балшықтан жасалған үйіндіні түгелімен сәнді етіп, үлкенді-кішілі қамалдармен көркемдеп қойсам деген ойым бар, – дейді қолөнерші Ануар Файзулин.

Сыртынан қарап тұрсаң, оның туындылары саты-саты болып жоғары жаққа көтеріле береді. Қамалдардың қасында бос орын бар екенін де көзіміз шалып қалды. Сұрай келе бұл жерлерге жеміс-жидек егілетінін білдік.

– Әкеміздің бастамасымен қолға алынған қамалдар өз алдына бір бөлек туынды ғой. Бірақ балшық “тауымызды” пайдамен қолдану жағын да ойластырдық. Сөйтіп, оған құнарлы жер тасып, жеміс-жидек егумен айналыстық. Нәтижесі жаман емес. Бір сатыға қияр ексек, екіншісіне қызанақ, үшіншісіне қырыққабат ектік. Өткен жылы бірінші жыл қара өрік жеміс берді. Бұдан басқа шырша мен түрлі сәнді өсімдіктер де егіп қойғамыз. Барлығы жайқалып өсіп келеді. Жұмыстан қолымыз босай қалғанда осы қабырғаны әрлендірумен айналысамыз. Көз тартымды әрі пайдалы. Жай ғана балшық үйіндісі болып жатқаннан гөрі, осындай ерекше бір туынды болғаны дұрыс қой. Сырт көзге де жақсы. Негізгі шығармашылық ой әкемізден тарайды, ал мен және үлкен ағам Рустам, балам Галиммен бірлесе отыра оның дүниеге келуіне атсалысамыз. Қабырғаның бұрынғы қарапайым келбетіне қарағанда қазіргі көрінісі маған қатты ұнайды. Бұл жерден табиғаттың да, баубақшаның да, ертегі әлемінің де бір бөлшегін көруге болады. Тағы да талай дүниелер жасауға болады. Тек қиялыңа ерік берсең болды, – дейді Руслан есімді кенже баласы.

“Ел іші – өнер кеніші” демекші, еңбекке белсене араласып, өз үйімен ғана шектелмей, қаламыздың да көркеюіне үлесін қосып жүрген осындай үлгілі отбасылардың саны көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

СУРЕТТЕ: әкелі-балалы Файзулиндер отбасы жұмыс басында.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp