«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒЫ ДА МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДАН СҮРІНДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаментінің басшысы Мұрат Қадырбектің төрағалығымен өткен облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік сатып алудан сүрінген екі мемлекеттік қызметшіні қызметінен босату туралы ұсыныс қабылданды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Алдымен Ақжар ауданындағы Ленинград ауылдық округінің әкімі Хабдулла Ысқақовтың тәртіптік ісі қаралды. Аудандық прокуратураның ұсынымына қарағанда, округ әкімі “Сұңқар 2007” ЖШС-імен Ленинградское ауылындағы балалардың ойын алаңын ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады. Өткен жылдың 18 қыркүйегінде жүктелген жұмыс сол айдың 27-сі аяқталуы керек болатын. Алайда, жұмыс белгіленген күні аяқталмаса да, әкім жөндеу жұмыстарының атқарылғандығы жайындағы актіге қол қойып, төлем жасаған. Ал жөндеу жұмыстары көрсетілген мерзімнен екі ай кейін, яғни қараша айында аяқталған. Тәртіптік кеңес мүшелері Хабдулла Ысқақовты осындай заңсыздықтарға жол бергені үшін қызметінен босатқан жөн деген ұйғарымға келді.

Жамбыл ауданындағы Преснов ауылдық округі әкімі аппаратының есепшісі Айжан Бламбаева да мемлекеттік сатып алудан сүрінді. Аудандық прокуратураның тексерісі кезінде әкімдіктің “TAPOUT” ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбей, хоккей кортын сатып алу туралы жасасқан шартында корттың техникалық сипаттамасы болмағаны белгілі болды. Мемлекеттік мекемеде жабдықтың ЖШС-ден сатып алынғаны туралы шот-фактурадан басқа, жабдықтың жеткізілгенін, қабылданғанын куәландыратын бірде-бір құжат болмаған. Тексеріс барысында әкімдікте бұған дейін де орын алған біраз былықтың беті ашылып, өткен жылдың аяғында тапсырыс берілген жабдықтардың шартқа сай сатып алынбағаны анықталды. Осындай заңсыз іс-әрекеттердің орын алуына жол берген Айжан Бламбаеваға қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту беру жөнінде шешім шығарылды.  

Мұндай тәртіптік жаза Мамлют аудандық Білім бөлімінің басшысы Сара Рамазановаға да қатысты қолданылды. Ол Воскресеновка ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін шартты жеңілдіктері аз жеткізушіге мемлекеттік сатып алуға қатысу туралы сұрау салған. СҚО Қаржы полициясы департаменті қызметкерінің мәлімдеуінше, Білім бөлімі басшысының бұл әрекеті сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызып отыр.

Ал асығыстықтың салдарынан ағаттыққа ұрынған бас есепші алаяқтарға алданумен қоймай, енді қызметінен де айрылмақ. Уәлиханов ауданы әкімі аппаратының бас есепшісі Гүлнәр Әділбекова өткен жылдың соңында электронды мемлекеттік сатып алу арқылы аудан әкімінің орынбасарына арналған көлікті жеткізу туралы “ATBGROUP” ЖШС-мен шарт жасасып, көліктің жеткізілгенін күтпестен, алдын ала заңсыз төлем жасайды. Жыл соңында қаражатты толық игеріп үлгеру үшін әрі әкімнің орынбасары келісімін бергендіктен, әдеттегідей құжатқа өзінің және аудан әкімі аппараты басшысының электронды қолтаңбасын қойып, төлем жасағанын мойындаған Гүлнәр Әділбекова өз ісіне өкінетінін жеткізді. Отбасылық жағдайын айтып, жасаған ісіне кешіріммен қарауын өтінсе де, Тәртіптік кеңес мүшелері заң талаптарына сәйкес бас есепшіні қызметінен босату туралы ортақ шешімге келді. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp