«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙТАЛАНБАС БЕЙНЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлболсын СОЛПАНОВА,

Афанасьевка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

1982 жылдың жазында менің ағам үйленді. Осы жылы жазда мен 7-ші сыныпты бітіріп, Шымкент облысының Леңгір қаласындағы пионер лагеріне кеткен болатынмын. Лагерьден келсем, үйімізде үлкен беташар тойы өтіпті. Анашым – 10 баланы дүниеге әкелген алтын алқа иегері. Анам жаңа түскен жас келінге өз балаларын таныстырып шықса керек. Оңтүстікте жеңгелері қайын сіңлілерінің, қайын інілерінің аттарын атамайды ғой, сондықтан анам жеңгеме ат қоюға көмектесіп жүр екен. Ал мені былай түсіндірген екен. “Тағы бір қайын сіңлің бар. Ол пионер лагерінде. Бүгін келіп қалар. Ол қайын сіңлің аппақ”, – деп әзілдеп айтқан екен. Ал мен нағыз күнге күйген оңтүстіктің қара қызымын. Бала кезімде мен анамнан: “Неге мен ғана қарамын?” – деп сұрағам. Сонда анам: “Сен қара емессің, бидай түстісің, еріндеріне дейін шөңке қаралар болады”, – деп анам менің көңілімді көтеріп қоятын. Осы үлкен жеңгем Атырау облысының қызы Фариза Оңғарсынованың сіңлісі болып шықты.

Жеңгем Роза мені “Аппақ” деп атап кетті. Жеңгем солай атаған соң, барлық атыраулық құдақұдағилар, құдашалар да мені “Аппақ” деп атап кеткен. Сол жылы Алматыда ағам Бекзақ пен жеңгем Розаның үйлену тойлары болды. Сол тойда Фариза Оңғарсынова апаймен күллі Оңтүстік жұрты жақыннан құда-жекжат болып танысты. Бір жылдан кейін ауылдағы екінші ағам Мейірбек үйленді. Осы тойды Фариза апай өзі басқарды. Оңтүстік жұртын ризашылыққа бөледі. Жыл сайын қонаққа келіп тұратын.

Біздің үйдің жанында жүзім өсетін, сол жүзімнің астыда тапшан болатын, сол тапшанда бәріміз шай ішетінбіз. Біз ол кезде әпкем, мен, сіңлім үшеуіміз мектепте оқитынбыз. Біз оқитын мектеп ұжымы Фариза апайды оқушылармен, ұстаздармен кездесуге шақырды. Керемет бір кездесу болғаны есімде қалыпты. Оңтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде Мақтаарал ауданында ел тізгінін ұстап отырған азаматтар керемет кездесулерге шақырып, сый-сияпат көрсететін. Әрине, қазақтың біртуар ақын қызы өңірге келіп жатқанда кім тыныш отырар дейсіз? Осыдан кейін-ақ Фариза апайдың өлеңдерін қызыға оқитын болдық. Фариза апай – әйелдер тақырыбын шығармашылығына негіз еткен ақындардың бірі еді. Оның “Қыз махаббаты”, «Қыз сөзі”, “Шығыстағы ару қыз”, “Парсының сұлулары”, “Әйел тірегі”, “Әйелдің монологі”, “Қызыл тымақты қыз”, “Қыз-ғұмыр” атты өлеңдерін әпке-сіңлілерімізбен бірге қызыға оқитынбыз. Фариза апай қазақтың сөз өнерін биік белеске көтеріп, поэзияға жаңа бір леп әкелгендей еді. Ол ерекше дарын иесі болды. Соңғы екі жыл ішінде денсаулығы сыр беріп, емделіп жүрген еді. 2013 жылдың қазан айында Петропавлдағы ұстаздардың біліктілігін арттыру институтының “Өрлеу” орталығында екі апталық курста жүргенімде “Дауа” атты жинағы жыл кітабы ретінде оқуға ұсынылған болатын. “Бір ел – бір кітап” мәдени шарасын біздің кураторымыз С. Байкенова және А. Байбатырова ұйымдастырған еді. Сол шара барысында өзімен тілдесуге телефон шалғанымда дәрігері “химиялық терапия алып жатыр” деген болатын. Шара барысында көзіме жас толып, көңілім босап, өзімді ұстай алмадым. Сол уақытта екі жарым ай ғана көретін жарығы қалған екен ғой. Мен өмірімде атыраулықтардай құда-жекжат көрмеппін. Жантемір, Мақсұт, Әлпеш, Қалқаш деген тамаша құда, құдашаларым бар. Ол кісілер менің әке-шешемді “Аққұдам”, “Аққұдағиым” деп атайды. Құдаларын Құдайдай сыйлаған нағыз Фариза апайдың бауырларындай алтын құдаларды көрдім. 1991 жылы Алматыда техникумды бітіріп, дәм-тұз жазып, осы солтүстік өңірге тұрмысқа шықтым. Шымкенттен қайтып келе жатып, Алматыға ағам мен жеңгемнің қолында тұрып оқу оқығандықтан, алғысымызды білдіріп, сәлем бере кетуге келдік. Ертесіне Фариза апай да келіп қатарымызға қосылды. Жұбайыммен танысып, хал-жағдайын сұрап жатыр. Сонда Фариза апайдың тұрмысқа кеткен қызды да, оның күйеуін де сыйлайтын көрегендігін байқадым. Фариза апайды соңғы рет 2010 жылы шілдеде Алматыда осы ағамның үлкен ұлы Даниярдың үйлену тойында көрдім.

Сол бір қақыраған қаңтардың аязды күні естіген суық хабар жүрегімді аяздан да бетер тіліп өтті. Амал қанша, ажалды жеңген ешкім жоқ, бірақ ажал оның артына қалдырған бай мұрасын, рухани байлығын, поэзиясын жоя алмас.

 

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp