Бизнесті дамыту үшін қолайлы орта құру, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен кәсіпкерлік қызмет бостандығын қамтамасыз ету өкілетті органдардың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Ел экономикасы мен тұрғындардың әлеуетін дамыту үшін зор маңызға ие аталмыш мәселелер Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында да көрініс тауып келеді және Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына кіру шеңберінде өзекті бола түсуде.
Жанар ІЛИЯС,
СҚО Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасының басшысы.
Қазақстанда нормативтік-құқықтық база қалыптасқан, бағдарламалық құжаттар жұмыс істейді, ҚР Үкіметінің және “Атамекен Одағы” ҚҰЭП-тің 2013 жылдың 9 қыркүйегіндегі бірлескен шешімімен Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы құрылды, оның мақсаты бизнесахуалды жақсарту болып табылады.
Кәсіпкерлікті дамыту және оның мүдделерін қорғау үшін әкімшілік кедергілерді төмендетуге бағытталған жұмыс жүргізілуде. Тек 2013 жылдың ішінде облысымыздың құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары 19 заңсыз тексерісті анықтады, мұндай кемшіліктің орын алуы бақылаушы органдар инспекторлары мен кәсіпкерлердің өздерінің құқықтық сауаттылығы деңгейінің әлсіздігіне байланысты болып отыр. Бақылаушы органдардың құқықтық нормаларды дұрыс қолдануы немесе бизнес өкілінің өзінің заңнаманың негізгі талаптарын білуі заңсыз тексерістерге жол бермеудің бір тұтқасына айналады деген үміттемін. Осыған орай шаруашылық субъектілерінің қызметіне тексеріс жүргізу тәртібі ҚР “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы” Заңымен реттелетінін тағы бір еске салып өткім келеді. Аталмыш заңда бақылаушы органдар мен тексеріске алынатын нысандардың құқықтары мен міндеттері реттемеленген. Заң нормаларына сәйкес кәсіпкер заңнама талаптарын орындамаған жағдайда бақылау және қадағалау органдарының лауазымды тұлғаларын тексеріске жібермеуге құқылы. Мәселен, белгіленген нормативтерге сәйкес мемлекеттік органның өз тарапынан “тәуекел деңгейіне” тәуелді, жоспарлы тексеріс тағайындалған кезде бұрынғы тексеріске қарағанда уақыт аралығын сақтамау бұған негіз болуы мүмкін. Жоспардан тыс тексерісті жүргізуге байланысты жағдай өзге және ол заңда қарастырылған негіздердің міндетті болуымен байланысты. Кез келген жағдайда тексеріс жүргізу кезінде оны тағайындау және тіркеу туралы актіні құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында енгізу қажет.
Аталмыш талаптар орындалмаған жағдайда кәсіпкер прокуратура немесе құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарына шағымдана алады, аталмыш органдар бақылаушы органдар әрекетінің заңдылығын тексеріп, тексеріске тартылған тұлғаның құқықтарын сақтау бойынша шара қабылдауға міндетті.
Осы мақсатта ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті елдің барлық өңірлерінде “Бизнес тірегі” жобасын жүзеге асыруда. Осы арқылы кәсіпкерлер өзіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістің құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында шын мәнінде тіркелгенін, әрі жоспарлы тексерістің тағайындалғаны негізделген бе – соны біле алады.
Аталмыш сауалдарға жауапты Комитеттің www.pravstat.kz сайтында жарияланған ақпараттық қызмет көрсетуден, тиісті бағанға бақылаушы орган актіндегі тіркеу нөмірін енгізе отырып анықтай алады. Дәл осындай ақпаратты 1012 нөміріне тіркеу нөмірін жолдай отырып, тез арада алу мүмкіндігіңіз бар. Бұдан басқа аталмыш қызмет көрсету арқылы кәсіпкер тексеріс кезінде жіберілген кемшіліктер туралы да хабарлай алады, бұл да құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары тарапынан тексеріске алынады. Мәселен, тексеріс жүргізуші тексеріс мерзімін, уақытын немесе себебін негізсіз бұрмалап жіберсе, сондай-ақ актіде көрсетілмеген тұлғалар тексеріске жіберілген жағдайда. Кемшіліктер анықталған жағдайда құқықтық статистика және арнайы есепке алу органы тексерісті заңсыз деп таниды немесе тексерісті тағайындау туралы актілерді тіркеуден бас тартады. Бұл тіркеу үрдісі кезінде заңсыз тексерістерді жоюға мүмкіндік береді.
СҚО Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасы былтырғы жылы субъектілердің 154 актісін, ал биылдың өзінде 14 актіні тіркеуден бас тартты. Бас тартуға актіні шығару тәртібін бұзу және тексерісті тағайындау үшін аралықты сақтамау себеп болды. Анықталған кемшіліктер негізінде басқарма былтыр және биыл прокурорлық қадағалаудың 76 актісін енгізіп, солар бойынша 31 тұлғаны жазалады. Сөйтіп, аталған фактілер мемлекеттік бақылаушы органдардың жұмыс сапасын арттыру және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру қажеттігін аңғартады.