Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс”, – деп қадап айтылған. Осы жақсы дәстүр Бескөл ауылындағы “Левин Владимир Давыдович” ЖК-нің бүгінгі тыныс-тіршілігінен айқын аңғарылады. Оны шын мәніндегі отбасылық бизнестің жарқын үлгісі деуге болады. Өз жұмысын сонау тоқсаныншы жылдары небары он адамнан құралған өндірістік кооперативтен бастаған ол жылдар өте келе жеке кәсіпкерлік кәсіпорнына айналып, бүгінде 100-ден аса адамды жұмыспен қамтитын ірі отбасылық табыс көзіне айналып отыр. Владимир Давыдовичтің бүгінде өндіріс технологиясымен, жабдықтау және ұйымдық мәселелерімен басымырақ айналысып, кәсіпорынның тізгінін қызы Еленаға ұстатқанына да он бес жылдан асып барады.
Шыны керек, Елена Владимировна істі үйіріп әкетті. Сонау 2003 жылдан бері кәсіпорын “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауына үзбей қатысып келеді деуге болады. Былтырғы жылы бір ғана бәсекеден қалыс қалғаны болмаса, өздері қатысқан басқа байқаулардың бәрінен жүлдесіз оралған емес. Оның түрлі дәрежедегі “Алтын сапа” және “Парыз” сыйлықтарының дипломдары мен кубоктары үлкен бір стендіні алады. Онысы кәсіпорынның Бескөл ауылындағы сауда салонының әкімшілік бөлмесіне қойылған.
– Отбасылық бизнесіміздің бастауында әкеміз Владимир Давыдовыч Левин тұр. Оның негізгі кәсібі – кеме жүргізуші, Омбының өзен училищесін бітірген. Норильскіге жүк тасыған танкерде жұмыс істеген. Өзен тасымалынан береке кеткен тоқырау жылдары елге оралып, басында Смирново ауылында әртүрлі жұмыс атқарған. Қандай істе болсын жаңашылдыққа бейім, тапқырлығымен танылатын әкеміз ойлана келе жеке өз ісін ашуға ден қойып, Бескөлде алғашқы кооператив құрушылардың бірі болды. Сосын жеке кәсіпкерлік кәсіпорнын құрып, аудан орталығындағы екі қабатты универмаг ғимаратын сатып алғаннан кейін жиһаз шығаруды және оның саудасымен айналысуды мықтап қолға алды. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын 300 мың доллардың кредитін алып, осындай ауқымды іске тәуекел етуіміз қорқыныштылау болып көрінгені рас. Бірақ, қазір оған өкінбейміз, әкеміз Бескөл ауылында мұндай кәсіптің болашағы барын дұрыс болжаған. Қалаға жақын, күре жолдың бойындағы мекен үлкен өндіріске өзі сұранып тұрғандай. Енді екі жылда кредит қаржысымен толық есеп айырысамыз. Өндірісіміз жылдан-жылға өрге басып келеді, – дейді кәсіпорын директоры Елена Левина.
Кәсіпорынның жеке кәсіпкерлік құрылымға көшуі Елена Владимировнаның оның басшылық тізгінін алу кезеңіне тұспа-тұс келді. Екі бірдей экономистік және заңгерлік жоғары білімі бар ол қазір іске әбден төселіп алды. Сауда салонынан басқа екі өндіріс учаскесінің жұмысына басшылық ететін ол ондағы өндірілетін өнімдердің сапасына айрықша маңыз береді. Сондықтан кәсіпорынның брендтік өнімдері саналатын таза қайыңнан жасалған арқалы орындықтар мен үстелдеріне тұтынушылар сұранысы жоғары. Петропавл қаласындағы “Эмират”, “Тбилиси”, “Қайнар”, “Қызылжар” сияқты бетқе ұстар мейрамханалар кәсіпорынның осы өнімдерін пайдаланады. Сондай-ақ оларға Астана, Көкшетау, Ақтау, Қарағанды және Степногорск қалаларының тұтынушылары да қызығушылық танытуда.
– Біз өңірде жиһаздар сату дүкендері желісін құруға ұмтылып отырғанымыз жоқ. Бескөлдегі сауда салонымыз жеткілікті. Оның есесіне көтерме сауда жасаушылармен тиімді әріптестікте жұмыс істеуді пайдалы санаймыз. Жоғарыда аталған қалаларда сондай көтерме сатып алушыларымыз бар. Олардан нақтылы тапсырыстар алып, соған лайықты жоспар құрамыз. Сондай-ақ бізбен көтерме сауда жасаушылардың арасында өзіміздің өңірдің жеке кәсіпкерлері де бар. Олай болса біздің өнімдерімізді облыстың кез келген аумағынан кездестіруге болады. Ал бескөлдіктер өздеріне қажетті жиһаздарына сауда салонымызға келіп таңдау жасай алады. Сатып алған жиһаздарын тегін жеткізіп, жинап беру біздің міндетімізде, – дейді Елена Владимировна.
Жиһаз жасау цехында орындықтар мен үстелдерден басқа, төсағаштар, асүй жиһаздары жасалады. Былтырдан бастап жұмсақ жиһаздар шығаруды да қолға алды. Оған Елена Владимировнаның СҚМУ-дің экономика факультетінде оқитын үлкен ұлы Валентин жетекшілік етеді. Нағашы атасына тартқан жас ұлан ізденімпаздық танытып, өндіріске жұмсақ жиһаздардың жаңа үлгілерін енгізуге күш салуда. Жуырда Мәскеуден жаңа материалдар алдырып, екі кісілік жұмсақ кереуеттің жаңа үлгісін жасап шығарды.
Алғашқы тапсырыстарын Балалар үйлері мен ауруханалардан алып, кәсіпкерлік бастауында олармен тығыз байланыста жұмыс істеген кәсіпорын әлі де осы бағытта қыруар іс атқаруда. Әлеуметтік маңыздағы нысандарды қолжетімді жиһаздармен жабдықтауға атсалысып жүр. Өндірістің негізгі жүгін кәсіпорында кооператив негізінен бері қол үзбей еңбек етіп келе жатқан он шақты тәжірибелі жұмысшы көтереді. Олардың арасында слесарь және дәнекерлеуші Сергей Темников, орындық жинаушы Николай Трусов, бояушы Айгүл Нұғыманова, 1-ші пішіндеу цехының басшысы Андрей Коротков және ағаш шеберлері цехының басшысы Андрей Первушин сияқты өз істерінің майталмандары бар.
Бірінші өндіріс учаскесінде жиһаз бөліктері пішінделетін цех бар. Онда түскен ағаш материалдары алдымен кесіп, тілуден өтеді, одан кейін технологиялық талаптарға сай кептіріледі және қажетті бөлшекке лайықты қырналып, тегістеледі. Ұзын саны отыз шақты цехтағы ағаш өңдеу станоктарынан өтеді. Сосын дайын болған бөлшектерге лак жағылып, сырланған соң жинау цехына жіберіледі. Қазір жаңа автоматтандырылған кептіру цехын іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал екінші өндіріс учаскесінде негізінен арқалы орындықтар шығару жолға қойылған. Өндірістің бұл буыны да жоғарыда аталған бірқатар ағаш өңдеу станоктарымен жабдықталған. Айталық, жиырма шақты қондырғы мұнда да жұмыс істейді. Десе де, орындықтар жинауды ешқандай станок орындап бере алмайды, оның қашанда қол еңбегі болып қалары анық. Таза қайыңнан жасалатын арқалы орындықтар мен үстелдер Қазақстанда басқа жерде шығарылмайтын көрінеді. Беріктігі мен көркемдігі жағынан шетелдік өнімдердің де алдын орап кететін оларға сұраныстың одан әрі арта түсері анық.
– Қазақстанда жұмсақ ойыншық жиһаздарын шығарумен айналысатын кәсіпорын жоқ. Қытай мен Ресейдің мұндай ойыншықтары қатты материалдан ғана жасалады. Негізгі өндіріс қалдықтарынан ойыншықтар жасау ойыма келіп, оның өндірістік желісін ашып отырмыз. Үлгілі өнімдеріміз сертификаттаудан өтсе, оны өндіріске қосамыз, – дейді директор.
Сауда салонының оң жақ кіреберісінде орын алған балаларға арналған жұмсақ ойыншық жиһаздары үлгілері шынында да өте әдемі екен. Олардың бүлдіршіндердің көңілінен шығары сөзсіз. Нағашы сіңлісі Иринаның үшем балаларына сыйлаған Еленаның осындай жұмсақ ойыншықтарына бүлдіршіндер қатты қуаныпты. Бүгінде көтерме сатып алушыларын оның буклеттерімен таныстырып, дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Отбасы кәсібін ұршықтай үйіріп жүрген Елена Владимировна тұтынушыларына нақтылы сауда ұсыныстарымен баруы үшін жарнамалық жиһаздар буклеттерін жасаумен айналысады. Оны суреттерге түсіріп, буклет кітапшасына топтастыратын өзі. Өткен жылы экономика аталымы бойынша Қазақстан әйелдері жетістіктерінің қоғамдық танымының “Ажар” ұлттық сыйлығын алды. Астанада өткен 3-ші Еуразиялық әйелдер саммитіне де қатысты. Сондай-ақ оның “Алақандағы күн” және “Мен өзіңе сенемін және күтемін” өлең жинақтарын шығарған ақындығы да бар. Өткен жылы “Қазақстан – Петропавл” телеарнасында жетім балаларға қамқорлық жасау проблемасына арналған айына екі рет экранға шыққан өзінің “Алақандағы күн” авторлық бағдарламасын жүргізді. Енді осы арнада “Туған үй” хабарына қатысуды мақсат етеді. Осындай шығармашылық және қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен танылған кәсіпкердің өндіріске де уақыт тауып, оны өте сәтті жүргізіп отырғанына сүйсінесің.
Бір ғана бірінші учаскенің өңдеу цехында барлығы 84 станок жұмыс істейді, ал онда одан басқа кептіру, бөлшектерді бояу және жиһаздарды жинастыру цехтары бар. Негізінен, орындықтар шығарумен айналысатын екінші учаскенің жұмыс ауқымы да аз емес. Екеуін қоса есептегенде, оларда 60-тан аса адам еңбек етеді. Барлығы 100-ден аса адамға жұмыс тауып беріп отырған кәсіпорында орташа айлық еңбекақы 40-45 мың теңгенің төңірегінде. Десе де, кәсіптік шеберліктеріне қарай 100 мың теңгенің үстінде еңбекақы табатындар да табылады.
Еленаның үш ұлы бар. Үлкені Валентиннің кәсіпорында жұмсақ жиһаздар цехын басқарып отырғанын айттық, ал одан кейінгі Виктордың орта арнаулы техникалық мамандығы бар, үйленген, ол да зайыбымен бірге кәсіпорында қызмет етеді. Тіпті, құдалары да өздерімен бірге жұмыс істейді. Отбасылық кәсіптің пайдалы жері – бәрі келісіммен атқарылады, өзара туысқандық байланыстары көмектеседі, түсіністік сезімі бар. Өндірістік мәселелерді ақылдасып шешеді, айталық, жұмысшылардың еңбекақысы мен кәсіпорын салықтары бірінші кезекте төленуі керек. Қалған қаржылық мәселелер содан кейін ойластырылады.
Елена Владимировна кенже ұлы – Романның болашақта кім боларын әзірге болжай алмайды. Десе де, одан елін, Отанын сүйетін жақсы азамат өсіп келе жатқанын біледі. Ол қазір қаладағы №20 қазақ орта мектебінің екінші сыныбында оқиды. Қазақ тілінде осы мектепте оқуға өзі таңдау жасады. Сірә, оған оның “Парасат” балабақшасында тәрбиеленгені ықпал етсе керек. Ұлының мемлекеттік тілде білім алуға ықылас білдіргенін құптап, қолынан келгенінше қолдау жасап жүр. Үстеп сабақ үйретуші екі мұғалім жалдап, неғұрлым терең білім алғанын қалайды. Ол – осы мектепте оқып жүрген жалғыз орыс баласы, анасы күткеніндей сабақ үлгерімі де жақсы. Ұлының 6-шы сыныптан бастап қазақ-түрік лицейінде оқығысы келетін мақсатына жетеріне сенімді. Сондай-ақ Романның домбыра тартатын өнері де барын мақтаныш етеді. Түбінде ол ағалары сияқты отбасы бизнесіне қосыла ма, қосылмай ма, бірақ оның өміріндегі өз жолына бастаған арман соқпағына түскені анық.
Бәсекелі бизнестің қыр-сыры көп, құрылғанына ширек ғасырдан асып кеткен отбасы кәсіпкерлігі дамудың даңғыл жолына түсіп, заман ағымынан қалыспауға тырысуда. Әке кәсібін жалғастырған кәсіпкер келіншек оның тұтқасын нық үстап тұр.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.